Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысымен 2024 жылғы 7 - 18 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізілді. Таңдау көлемі 1200 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Жалпы респонденттердің көпшілігі (53,1%) атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Атом электр стансасын салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артып отыр, оның ішінде 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы мәселесін шешілетініне сенімді.
Атом электр станциясын салу идеясының қарсыластары (32,5%) негізінен ықтимал апаттардан және олардың қоршаған ортаға тигізетін салдарынан қорқатынын байқатады.
Бұл ретте әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі шешпеген.
Сондай-ақ респонденттердің жартысы (51,0%) референдумда атом электр станциясының құрылысын «жақтап» немесе «қарсы» дауыс беруге жеткілікті ақпарат пен білім деңгейі бар деп есептейді.
Респонденттердің тағы 12,2 пайызы фрагменттік ақпарат барын мойындаса, 31,6 пайызы мүлде жоқ, ал, 5,2 пайызы жауап беруге қиналатынын білдіруде. Сауалнама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС құрылысын салуға қатысты өтетін референдумға қатысуға нық ниеттерін білдірді. Тағы 16,4%-ы қатысқысы келетінін білдірді. Респонденттердің 25,3%-ы референдумға қатысуды жоспарламағанын, 8,9%-ы қатыспауы мүмкін екенін, ал 6,8%-ы жауап беруге қиналатынын білдірген.