Еліміздің Ата заңына сәйкес, әр азаматтың өзгелермен бірдей еңбек етуге құқығы бар. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың да. Кез келген топтағы мүгедектердің еңбек ете алатыны баршаға аян, бірақ бірінші және екінші топтағыларға медициналық комиссиядан рұқсат алу керек екенін де ұмытпау қажет.
Және тағы бір айта кететіні жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең құқылы болады. Елімізде мүгедектігі бар адамдарға арналған бірнеше шаралар мен арнайы жобалар бар. Мысалы, қазіргі таңда олар жұмыс орындарындағы арнайы квота, жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамытудағы қосымша жұмыс орындары, мүгедектігі бар адамдарға арнап арнайы құрылған жұмыс орындары, мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдары арқылы жұмысқа орналаса алады. Шымкент қаласында да мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік жағдайы, жұмысқа орналасуы назардан тыс қалып жатқан жоқ. Нақтырақ айтсақ, жақында Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараны әдеттегідей «Amanat» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды.
«Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығында өткен жәрмеңкеге 15 мекемеден 500-ге жуық тұрақты бос жұмыс орындары және субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 701 мекемеден 1 079 уақытша бос орындар ұсынылды. Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарынан, яғни мемлекеттік бағдарлама шеңберінде, «Күміс жас» жобасы бойынша 389 мекемеден 461 орын, ал «Қоғамдық жұмыс» жөнінде 312 мекемеден 618 орын жайында ақпарат берілді. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы осы мәселе бойынша: «Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Ол материалдық тәуелсіздікті және ең маңыздысы – қоғамда өз орнын табуды көздейді», деген еді. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс істеуге ниетті әрбір азаматының өз мүмкіндігі мен қалауына сай келетін жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Орталыққа қоғамның осал тобына жататын азаматтар мен мүгедектігі бар жандар келеді. Шымкентте өткен жәрмеңкеге 50-ден астам мүгедектігі бар азамат қатысып, 11 адам тұрақты жұмысқа орналасуға ниет білдірген. Қалған азаматтарға мамандар жұмыспен қамту шараларына қатысу және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бағыты жөнінде кеңестер берді.
Әлеуметтік осал топтарды тұрақты жұмыспен қамту – Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан маңызды міндеттің бірі. Мемлекет осы бағытты назарға алып, тиісті бағдарламалар ұсынды. Оның нәтижесін жұмыссыз жастар мен мүгедектігі бар азаматтар көруде. Бағдарламаның оң нәтижесі көп. Биыл Шымкент қаласында 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде 1 368-і мүгедектігі бар азамат. Осы жылдың 14 тамыздағы мәліметке сәйкес, 762 ерекше жан жұмыспен қамту шараларына тартылды. Атап айтсақ, 7 адам «Әлеуметтік жұмыс орындары», 20 адам «Жастар практикасына», 120 адам «Қоғамдық жұмыс» орындарына, 21 адам «Алғашқы жұмыс» орнына, зейнеткерлік жасқа дейінгі 34 адам «Күміс жас» жобасына, 261-і «Бастау-Бизнес» жобасы аясында онлайн платформада білім алса, 70 адамға комиссияның шешімімен қайтарымсыз берілген, 229 адам бос орындарға тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған квота бойынша 54 мекемеге 200 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінде 39 мекемеге 111 азамат жұмысқа орналастырған немесе 55,5% орындалды.