«Ең бастысы дұрыс шешім қабылдау»

Қысқаша

«Ең бастысы дұрыс шешім қабылдау»

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мем¬лекет» құру тұжырымдамасы. Азамат-тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жә¬не әділ шешім шығару қажет». Президент «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-мағынасын осылай түйіндеген болатын. 

image.png

Шымкенттегі жылдан жылға халық саны артып келе жатқан “Шымкент сити” шағын ауданында қазір 10 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 3412 пәтерден тұратын 55 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Ауыз су, электр энергиясы және табиғи газ мәселелері толығымен шешілген. Алайда, 2017 жылдан бері қолданысқа берілген кейбір көшелердегі

бағдаршамдар мен жарық шамдарының ақаулықтары жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған болатын. Қауіпсіздік шараларының қамтылмауына байланысты мұнда жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Осыған байланысты, өткен жылдың күзінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен кездесуінде тұрғындар осы мәселені көтерген еді. Мегаполис басшысы азаматтардың өтініштерін жеке бақылауға алып, проблемалық мәселелерді шешу мақсатында тиісті басқарма басшылығына нақты тапсырмалар берді.

Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жодары басқармасы тарапынан шұғыл түрде ақау актісі жасалып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қараусыз қалуына байланысты бірнеше учаскелерде жарық шамдарының кабельдері ұрланғаны, кейбірінің жарамсыздығы анықталды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес белгіленген аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні “Шымкент сити” шағын ауданының басты жеті көшесінің алтауы толық жарықтандырылды. Олардың ішінде Түркия, Қ.Жалаири, Алатау және атауы жоқ №1,2,3 көшелері бар.

Сондай-ақ, аталған басқарманың мәліметі бойынша бүгінде Ташкент-Алматы бағытындағы қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын 6 жолақты етіп қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 31 шақырым, жол құрылыс жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылуда. Қазіргі уақытта  Төлеметов көшесінен бастап Бадам өзеніне дейінгі аралық - 1-4 кезеңдердің құрылыс жұмыстары аяқталған. 5-8 кезеңдері бойынша реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған.

А-2 автомобиль жолының Ташкент трассасы мен Бадам өзені үстіндегі көпірге дейінгі аралықтың жағдайына қатысты тұрғындар тарапынан арыздар түсуіне байланысты бүгінде осы аралықта қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сонымен бірге мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін азайту мақсатында жол таңбалары жаңартылып, бағдаршам, жол белгілері мен оң жақ өткелдер салынуда. Жібек жолы-Сайрам көшелері мен Ибрагим ата-Сареми көшелерінің қиылысына оң жақ өткелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар осы аумақта кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

Бәйдібек би даңғылы көлік ағыны жоғары негізгі магистрал көшелердің бірі саналады. Осыған орай, Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесіне қосымша жолақтар жүргізілді. Ендігі кезекте Бәйдібек би - Алатау қиылысына қосымша жолақ ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесіне кері бұрылыс ұйымдастырылып, Бәйдібек би - Абылай аралығын қосу жұмыстары жүргізілді.

Онымен қоса Бәйдібек би даңғылына балама жол ретінде Тұран және Тұран-2 шағын ауданынан қала орталығына тікелей қатынайтын Таңбалытас көшесіне асфальт төселіп, жол таңбалары сызылды.