Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқан «Халықтың үніне құлақ асатын мемлкет» тұжырымдамасы негізінде бүгінде әкімдер алдын ала белгіленген кестеге сәйкес елді мекендерді аралап, халықтың талап-тілектерін тыңдауда.
- Заң үстемдігі орнықпаса және аза¬мат¬тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір¬де-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мем¬лекет» құру тұжырымдамасы. Азамат¬тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жә¬не әділ шешім шығару қажет,-деген болатын Президент бұған дейінгі Жолдауында.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының және Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесуінде жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыру сияқты маңызды мәселелер талқылады.
Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Жиделі шағын ауданының тұрғындары білім беру және денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, жаяу жүргіншілер өткелінің жоқтығы және шалғай көшелерде жарықтың болмауы сияқты проблемаларды көтерді. Әкім осы мәселелерді шешу үшін тиісті басқармаларға тапсырма берді, әсіресе балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Қызылжар шағын ауданында тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелері талқыланды. Ал Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелері, Құрмет шағынауданы және Ақтас тұрғын алабындағы тұрғындар жасыл желек, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру сияқты мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында суару жүйелері, мәдениет үйінің құрылысы, балабақша, электр энергиясы және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша міндеттер жүктеді.
Ғабит Сыздықбеков мұның алдында Әл-Фараби және Еңбекші аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізген болатын. Кездесуде тұрғындар аулаларды абаттандыру, қоқыстарды жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, жасыл желектерді суару, жүйелерінің жағдайын жақсарту, жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнату туралы өтініштер айтылды.
Айталық, Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының тұрғындары жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу қажеттілігін атап өтті. Қала әкімі бұл өтініштерді ескеріп, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
Елтай тұрғын алабындағы азаматтар жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелерін де көтерді. Ал Айнатас шағын ауданының тұрғындары жаңа мектеп салу және қоғамдық көлік қозғалысын реттеу туралы өтініштерін жеткізді.
Қала әкімі барлық ұсыныстар мен өтініштерді назарға ала отырып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Ал мегаполис басшысының Қаратау ауданы тұрғындарымен көшпелі кездесуінде тұрғындар жолдарды асфальттау, кеңейту, көше атауын беру, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, жер қатынастары, балалар алаңдарын салу және бейнебақылау камераларын орнату секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Әкім және сала басшылары барлық сұрақтарға жауап беріп, шұғыл шешуді қажет ететін мәселелерді бірден қолға алды. Сонымен қатар, Ғабит Сыздықбеков Юсуф Сареми көшесіндегі жол құрылысымен танысып, мердігерлерге сапаны сақтай отырып, жұмыстарды уақытында аяқтауды тапсырды. Сайрам тұрғын алабының ішкі көшелерінің жағдайын тексеріп, орталық көшелерді асфальттеу және жергілікті көшелерді келесі жылға арналған жоспарға қосуды жүктеді.
Әкім Таскен шағынауданының тұрғындарының көшелерді абаттандыру, жарықтандыру, кәріз жүйесін жүргізу және қоғамдық көлік бағыттарын ұзарту туралы өтініштерін де назарға алды. Кездесу соңында жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейту және мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Осы жерде айта кетері, Шымкентт халықтың өмір сапасын жақсарту, тұрғындардың талап-тілектерін іске асыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мегаполисте спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді.
Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша Нұрсәт шағынауданындағы саябаққа 830 метрден асатын жаңа жүгіру жолы төселді. Арнайы резеңке жабын белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз. Жоба халықтың қолжетімді және заманауи спорт инфрақұрылымына сұранысы негізінде жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Аудан тұрғындарының саябақта серуендеп қана қоймай, салауатты өмір салтына сай таңертең және кешке жүгіруіне де мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, Президент Жолдауында қамтылған стратегиялық міндеттер мен Шымкент қаласы әкімдігінің бастамалары спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруда қолайлы жағдай жасауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.