Біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдардың Қазақстан Республикасының басқа да азаматтары секілді жұмыс істеуге құқылы екендігі белгілі. Ал олардың бәрі бірдей өзін-өзі жұмыспен қамти алуы екіталай. Сондықтан да Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша тиімді жағдай жасауды тапсырған болатын.
Осы орайда Шымкент қаласында биыл жалпы 33500 адамды, оның ішінде 1368 мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру көзделгенін айта кетсек. Одан бөлек қала әкімі Ғ.Сыздықбековтың 2023 жылдың 30 қарашасындағы «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 2024 жылға арналған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, 54 мекемедегі 200 бос орынға квота белгіленген болатын.
Жақында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асуын бақылау үшін ҚР Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық фракция жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаты Алина Дубинина және партия қызметкерлері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдаған мекемелерде болды.
Алдымен партия өкілдері Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» коммуналдық мекемесінде болды. Аталған мекемеде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындары квотасының 4 пайыздық мөлшерімен 10 адамды жұмыспен қамту бекітілген. Коммуналдық мекеменің штат саны 400 қызметкерді құрайды. Жыл басынан бері мұнда 14 мүгедектігі бар адам жұмысқа қабылданып отыр.
Мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтыған келесі мекеме – «Диспетчерлік қызмет орталығы» мекемесі. Бұл жерде жұмыс орындары квотасының 2 % мөлшермен 1 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту бекітілген еді. Қазіргі сәтте орталық квота бойынша бір азаматшаны жұмысқа қабылдаған.
Мәжіліс депутаты мен партия өкілдеріне калалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Көпжан Тұрлыбеков мүгедектігі бар азаматтардың жұмысқа орналасуы мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы жөнінде баяндап берді.
Шымкент қаласында бүгінге дейін 657 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 6 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 14 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, 17 адам «Қоғамдық жұмыс» орнына, 19 адам «Алғашқы жұмыс» орнына, 33 азамат «Күміс жас» бағдарламасына жолданса, 216 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша алғашқы кәсіпкерлік дағдысын оқыды. Сонымен қатар, 213 адамға тұрақты жұмыс орнына жолданып, 39 адамға қайтарымсыз грант берілді.
Ал, қала әкімінің қаулысы негізінде 38 мекемеге 107 мүгедектігі бар азамат жолданып отыр. Осы азаматтардың 24-і білім беру ұйымдарына, 18-і денсаулық сақтау саласына, 15-і өндіріс орындарына, 42 адам коммуналдық мекемелерге және 7 адам түрлі саладағы мекемелерге жұмысқа орналасты.
Бұл жұмыспен қамту бүкіл әлемдегі барлық топтардың тірегі болып табылады. Еңбек қазіргі заман адамының өмір сүру деңгейімен немесе өмір сүруімен тікелей байланысты. Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада еркін өмір сүрулеріне қажет жағдай жасауға мейлінше тырысып жатыр. Бұрынғымен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалатын қазіргі әлеуметтік қамқорлықтардың жер мен көктей айырмашылығы бар. Бүгінде оларды әр салада қолдауға арналған іс-шаралар көптеп жасалуда. Мұның өзі еліміздегі жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың жемісі деуге болады.
Айта кетейік, жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру жобасына арнайы қаржы бөлінетінін хабарлаған болатын. Жобаны «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі пилоттық негізде үш қана өңірде жүзеге асырмақ. Олар Түркістан, Қарағанды облыстары және Шымкент қаласы. Шағын гранттар конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Жобалық өтінім мүгедектерді кәсіпкерлік қызмет бойынша оқыту, менторлық және бизнес-коучинг, кедергісіз орта құру, цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында болуы керек.