Шымқаланың шырайы - тазалықта

Қысқаша

Шымқаланың шырайы - тазалықта

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы жариялаған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тауып келеді. Өткен апта аталған науқанға «AMANAT» партиясы, Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев бастаған мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, қалалық «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, «Жасыл ел» жасақтары, сонымен қатар белгілі спортшылар мен жастар арасында өнерімен танылып жүрген «Жайдарман» жастары қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. 

image.png

Нақтырақ айтсақ, 400-ге жуық адам республикалық маңызы бар А-2 айналма жолының бойын қоқыстан тазартып шықты. 

Аталған партияның атқарушы хатшысы науқанға байланысты Президенттің тапсырмалары мен алдағы жоспарларын айтып, сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясының ел үшін қаншалықты маңызға ие екендігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. Апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғатты аялағанын,  тазалықты сақтап, әдебі мен мәдениеті қалыптасқанын қаласақ, экологиялық сананы қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз», – деді өз сөзінде Мұрат Жолдыхожаев. 

Спортшылар мен көңілді жастардан құралған топ жол жиегін әп-сәтте қоқыстан тазартып, арнайы көліктерге тиеген. Әзілкеш жайдарманшылар да ел ағаларына ілесіп, қала тазалығына үлес қосқандарына риза. Ал, «Жасыл ел» жасағының қыз-жігіттері «жинаған жер емес, қоқыс тастамайтын жер таза екенін» айтып, жастарға ұран тастады.

Редакциямызға арнайы келіп қала әкімшілігіне ризашылығын білдірген Шымкент қаласының Құрметті азаматы, қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Өркен Әбдіреевтің сөзіне сенсек, аталған акция халықтың көңіл-күйіне де жақсы әсер етіп жатыр екен.

«Соңғы 7-8 айдың ішінде Шымкент қаламыз күн өткен сайын жасарып, өте көрікті қалаға айналып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастауымен және өзінің тікелей атсалысуымен қалада бірнеше рет сенбіліктер ұйымдастырылып, бірнеше жылдар бойы жиналып қалған қоқыстар шығарылып тасталды. Ағаштар бұталып, әктеліп, суғарылып, гүлдер жайқалып өсіп жатыр. Көшелерге асфальт төселіп, тротуарлар жөнделуде. Қаламыз тазарып, халықтың көңіл-күйі көтеріліп, келешекте өте әдемі қала болатынына зор мақтанышпен сенім артып келеді. Мәселен, темір жол вокзалының алдындағы алаңның керемет сұлулығына көзің тоймайды»,- дейді ақсақал. 

Ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партия мүшелері аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді де шешуге атсалысып жүр. 

Қала тазалығына көңілі толған Өркен Әбдіреев одан бөлек темір жол алдындағы тоқтап тұрған сағатты да тіліне тиек етіп, басқа да мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірін айтты. 

«Алдағы уақытта сағаттың орнына қоғам қайраткері, ел территориясының тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Ахметұлы Ташеновке ескерткіш орнатылса, қаламыздың көркіне көрік қоса түсер еді. Осы сияқты тамаша алаңдар мен скверлер қаланы сұлуландырып келеді. Жақын арада қаламыздың N15 ықшам ауданындағы қараусыз қалған «Фосфор» Мәдениет сарайы қалпына келтіріліп, халықтың көптен күткен демалыс орнына айналады. Саябақта субұрқақтар іске қосылып, гүлдер жайқалып, әдемі орындықтар орнатылып, жарықтар бүкіл саябақты жарқыратып тұратын болады. Көшелерге асфальт төселген. Өте тегіс. Автобуста отырсаң жүргені сезілмейді. Тіпті, рахаттанып шай ішіп отыруға болады. Істеліп жатқан жұмыстар өте көп. Біздің шырайлы Шым-қаламыз республикада барлық жағынан басқа қалаларға, елді мекендерге міндетті түрде үлгі, көшбастаушы болуы керек. Қала халқының ынтасы, ауызбіршілігі және қала әкімдігінің қазіргі атқарып жатқан істері соған дәлел»,- дейді Өркен Әбдіреев.