2023 жылы шырайлы Шымкент қаласына сырттан 449 098 қонақ келіпті. Оның ішінде ішкі туристер саны -- 420 398, шетелдік туристер саны - 28 700 адам.
Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығында брифинг өткізіп, осынау мәліметтер сол жиында айтылды. Брифинг барысында басқарма басшысы Бексұлтан Әділханов 2024 жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Статистика департаментінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 3 айында қалаға 111 733 турист келген. Шымкентке кеп жатқан туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей Федерациясы мен Қытай мемлекетінің азаматтары екен. Мәселен, есепті мерзім ішінде Өзбекстаннан – 9 844 адам, Ресей Федерациясынан – 3 659 адам және Қытай Халық Республикасынан 2 633 адам келді.
«2024 жылы орналастыру орындарының саны 148 жетсе, бөлме қорының саны 6 409 бірлікке артып отыр. Қала аумағында 20 туристік оператор мен 120-дан аса туристік агенттіктер тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда тікелей әуе бағытында 12 ішкі рейс, ол – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Өскемен, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Семей және 5 халықаралық рейс – Мәскеу, Ыстанбұл, Дубай, Анталия, Кутаиси бағыттары бойынша ұшақтар қатынауда. Осы күнде әуе хабарламаларының санын көбейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» деді Бексұлтан Ержанұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл темір жол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталып қолданысқа берілсе, жаңа әуежай терминалы ағымдағы жылдың соңына дейін ашылады.
Заманауи қонақ үйлердің артуы туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық.
Осы тұрғыда 2024 жылы 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отыр. Олар атап айтқанда «Makhambet», «Kazakh Hotel», «Алтай», «Керемет», «Zeinnur-Tau», Dara Garden Hotel, Mardan, «Diamond Hotel» туристік нысандары.
Сонымен қатар маусым айында Шымкентте бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды. Әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйінің «Шымкент Сити» шағынауданында құрылысы басталып, 2026 жылы ашу жоспарлануда. Жалпы қонақ үйде 167 бөлме, 1-ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц – залдар болады. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Шымкент қаласында туристерді ең көп қызықтыратын нысандар «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелері, «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Сейітжан Қари мешіті, Қошқар ата өзені. Бұдан бөлек, Қазақстандағы алғашқы Дендрологиялық саябақтың да туристер үшін алар орны ерекше.
Сонымен қатар, қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысандар орналасқан. Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баба, Қожа салық, Мірәлі баба, Қызыр мұнарасы, Сайрам қалашығы.
Аталған нысандардың ішінде Хызыр, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін жылдың соңына дейін, жеке инвесторлардың есебінен абаттандыру жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың 25-26 маусымында Қытайдың Үрімші қаласында «Қытай – Қазақстан аумақтық байланыс» III форумы өтті. Форум аясында «Жеті тандыр» мейрамханасының қолдауымен Шымкент қаласының гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды.
Гастрономиялық фестивальге шамамен 3 000-ға жуық адам қатысты.
Әрине, туристерді тартудың бірден-бір жолы – қаланың әсем де тарихи жерлерін көбірек жарнамалау екені белгілі. Осы орайда, биылғы жылы 28-30 маусым аралығында 15 шетелдік және 15 отандық блогерлерге ақпараттық-блог тур ұйымдастырылды.
Блог турдың қорытындысы бойынша Түркия, Мысыр, Латвия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен келген блогерлер 310 видео бейнематериал түсіріп, 108 пост жариялады. Жалпы жарнамалық қаралым саны 4 676 мың адамды қамтыды. Сала басшысының мәлімдеуінше мұның Шымкент қаласын мұқым жұртқа танытудың пайдасы зор. Ең үлкен жарнама -- ол адамдардың бір-бірінен естіп, білген жарнамасы.
Осы орайда блогерлердің Шымкенттің туристік әлеуетін күшейтуде тигізер пайдасы өте зор болмақ. Себебі артында қаншама оқырманы бар шетелдік және отандық блогерлердің постын, бейне сюжетін тамашалаған жұрт Шымкентке келуге деген қызығушылығы оянатыны сөзсіз. Республиканың оңтүстік өңіріндегі әсем де көрікті шаһарды аралап, тарихи-мәдени нысандарында болып, дәмді тағамдарынан дәм ауыз тиіп, ұмытылмас әсерге бөленгенді барлық адам жақсы көрсе керек. Сондықтан саяхаттауға деген жоспарын басқа ыстық жақтағы елдерге емес, Қазақстанның Шымкент дейтін қаласына бұрады деген үміт бар. Ал олардың Шымқалаға саяхаттауға деген ниетінің пайда болуына мақтауын келтірген блогерлер көп еңбек сіңіретін шығар деген сенім мол.
Брифинге сондай-ақ 2024 жылдың 5 маусымында Шымкент қаласының дарынды жастарымен бірлесе «контент мейкерлердің» клубы құрылғаны айтылды. Клубтың басты мақсаты -- қаланың туристік әлеуетін видео және фотоматериалдар арқылы әлеуметтік желілерде жариялау мен насихаттау болып табылады. Қазіргі таңда клубқа 15 адам мүше.
Шымкент қаласының туристік саласын жарнамалау бойынша 50 фото және 110 видеоматериал шығып, әлеуметтік желілерде жарық көрді. Аталған ақпараттар халық арасында таралып, маңызды туристерді тартатын тетік қызметіне айналуда. Жалпы қаралым саны 1,5 млн. адамды құрады.
Сәуір айында гид-экскурсоводтарға, қонақ үй қызметкерлеріне және рестораторларға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Жалпы семинарға бизнестің 90 қызметкері қатысты. Үш күндік оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсете білді. Аталған іс-шара сала өкілдерінің біліктілігі мен білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттыруды мақсат етті. Сонымен қатар, іс-шара барысында қатысушылар туризм және қонақжайлылық саласындағы соңғы трендтермен танысып, спикерлермен тәжірибе алмасты және де бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы білімдерін арттырды.
«Әлбетте мұндай іс-шаралар біздің қаламызға өте керек. Себебі туристік индустрияны бүгінгі заман талабына сай дамыту кезек күттірмес мәселенің бірі. Әлемдегі кез келген саяхат ордасына айналған елдерді алып қарасақ, бірінші кезекте туристік индустриясының мықты дамығанын көреміз. Ендеше бұл саланы өркендетеміз десек біз де сол өркениетті елдерден қалыспай, туризм индустриясы мен инфрақұрылымын дамытуға күш салуымыз керек. Әрине бұл бір күнде бола салатын тірлік емес. Бірақ еліміз соңғы жылдары туризм саласына көп көңіл бөле бастады. Соның арқасында саяхат саласы саннан сапаға көшіп келеді. Осы жолда кәсіп ашып, табыс таба бастаған кәсіпкерлер көп. Олар келген туристерге бар жағдайды жасауға тырысады. Әсіресе бизнес өкілдерінің арасында қазақтың көне дәстүрлерін шетелдік азаматтарға таныстырып пайда тауып жатқандар көп. Олар әрі шетел азаматына атқа мінуді, қымыздың, құрт, май, ірімшіктің қалай дайындалатынын көрсетіп, ұлттық мәдениет пен ғұрпымызды әлемге насихаттап жатса, әрі сол бизнесі арқылы өзін және отбасын асырап, елдің қазынасының артуына өз үлесін қосып жатыр. Одан бөлек жоғарыда айтылып кеткендей, туризм саласы бір орында тұрған жоқ. Жыл сайын жаңа өзгерістер болып, туристік индустрия көші алға қарай жылып барады. Сол көштен қалып кетпеу үшін жергілікті кәсіпкерлер үнемі жан-жақты жаңалықтардан хабардар болып, жаңашылдықты өз жобаларына енгізіп отырулары тиіс. Себебі туристерге жайлы жағдай жасау, олардың Шымқалаға кейін де қайта айналып келуіне ықпал ету үшін көп жұмыстар істелінуі керек. Бірінші кезекте ол қонақжайлылық, жақсы сервис пен бағаға сай қызметтің де сапалы болуы. Өзін қауіпсіз жайлы ортада жүргенін сезінен турист міндетті түрде сүйікті жеріне әйтеуір бір қайта айналып соғады. Ал бұған Шымкенттің әлеуеті толық жетеді деп ойлаймын» деді басқарма басшысы Б.Әділханов.
Одан бөлек брифингте сөз болғандай, Шымкент қаласының 50 мың дана туристік карталары мен бүктемелері (3 тілде: қазақша, орысша, ағылшынша) туристік сектордағы кәсіпкерлер нысандарына таратылды. Туристік карталар мен бүктемелер жыл сайын шығарылады және аталған ақпараттық материалдар туристік операторларға, гидтерге және қонақ үйлерге қойылады.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы сыртқы байланыстарды нығайту бойынша жыл басынан бері 52 кездесу ұйымдастырды. Оның ішінде: Ресей, Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Италия, Индия, Жапония, Австралия, Бельгия, Қырғызстан, Чехия және Тәжікстан мемлекет өкілдерімен және жеке сектор компанияларымен кездесу ұйымдастырылды.
Сонымен қоса, қазіргі таңда Шымкент қаласы 15 қаламен бауырластық қатынас орнатты. Оның ішінде: Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенейдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гроссетто, Эскишехир, Адана, Генуя, Сиань, Балыкесир, Ош және Ванадзор қалалары.
Ағымдағы жылдың 6 шілдесінен бастап әр сенбі күні креативті индустрия өкілдерін қолдау мақсатында, Арбат жаяу жүргіншілер аумағында жәрмеңке ұйымдастырылып келеді.
Мұндағы мақсат – Шымкент қаласында креативті индустрия кәсіпкерлеріне қолдау көрсету. Сонымен қоса, аталған сала өкілдерін монетизацияға шығару, көлеңкелі саудадан шығару және Шымкент қаласының креативті өнімдерін қалыптастыру болып табылады. Іс-шара қаладағы жастар және қала қонақтары үшін өте маңызды шара қатарына айналды.
2024 жылдың соңына дейін басқарманың атқаратын іс-шаралар жоспары қатарына ең басты: креативті хаб орталығын ашу, БАҚ өкілдері үшін пресс тур ұйымдастыру және Әзербайжанның Баку мен Өзбекстанның Самарқанд қалаларында роуд-шоу ұйымдастыру болып табылады.
Ә. ҚОНЫСБАЙ