Түлектерге арналған жәрмеңке

Қысқаша

Түлектерге арналған жәрмеңке

Әлеуметтік мәселелерді реттеу ең алдымен әлеуметтік саясатты қажет етеді. Әлеуметтік саясат – бұл барлық азаматтардың жан-жақты дамуы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқатын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы мемлекеттік реттеудің маңызды бағыттарының бірі екені сөзсіз.

image.png

Соның ішінде қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыты – мемлекеттік жастар саясат, жастардың әлеуметтік қауіпсіздігі, жұмыспен қамтылуы екені де мәлім. Міне осы бағыттағы мәелелер мен жастар арасындағы мемлекетке масылдықтың алдын алу мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқу орнының бітіруші түлектеріне арналған «Жас маман-2024» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Аталған жәрмеңкеге Шымкент қаласы және Түркістан облысынан екіжақты келісімшарттар жасалған барлық өндірістік кешендер, ірі өндіріс орындары, спорт, мәдениет, білім беру, жалпы 150-ден астам мекеме қатысты. 

Дәстүрлі ұйымдастырылатын жәрмеңке түлектерді жұмысқа орналастырудың ашық диалог алаңына айналып, көптеген түлектерімізге болашақ жұмыс орнын табуға көмектесіп келеді. Биыл университетті 9 мыңға жуық түлек бітіреді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов құттықтау сөз сөйлеп, жәрмеңкеге қатысқан жұмыс беруші мекемелерге алғысын білдірді. Сонымен бірге, университетіміздің дамуына үлес қосқан, атап айтқанда білім бағдарламаларын құрастыруға белсенді атсалысқан жұмыс берушілер мен бұрын бітрген түлектерге Алғыс хат табыстады.

Жәрмеңкеге қатысқан Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильді орталығы» Еңбекші ауданы бойынша мансап орталығының еңбек ресурстарынын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нағима Досанова, «Renaissance SHIK» ЖШС директоры Игорь Карпов, «Сити-инжинеринг» ЖШС директоры Саиддин Ажидинов ізгі тілектерін білдіріп, оқу ордасының білімді, ізденістегі жастарға бос жұмыс орнын ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді. Бітіруші түлектер жұмыс берушілермен сұқбаттасып, өз мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары туралы толыққанды ақпарат алды және мекемелердің өтініші бойынша түйіндемелерін қалдырды. 

Барлық қатысушылар арасында қызықты ойындар ойнатылып, іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Атап өтейік, биылғы жәрмеңкеге Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар, Түркістан облыстық сотының кеңсесі, Шымкент қаласы және Түркістан облысының прокуратурасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, Шымкент қаласының мәдени орындары мен кітапханалары да қатысты.