Биылғы жылдың сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойған еді.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Аталған заңның ең негізгі күтілетін нәтижесі әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту, өз-өзіне қол жұмсау және жыныстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайту, қиын өмірлік жағдайлардағы отбасылар үшін жағдайды жақсарту, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту, неке және отбасы институтын нығайту болатын. Осы мүдде аясында жуырда Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы туралы мәселелер талқыланды. Бастаманы қолға алудағы мақсат – отбасы, ошаққасында болатын жанжалдарға тосқауыл қою, шаңырақ ынтымағын сақтау.
Атап айтқанда, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейтқызы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмек жайлы, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы туралы, өзекті деген мәселелері бойынша, ана мен бала денсаулығы, баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау туралы айтып өтті. Аталған тақырыпқа байланысты Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева да баяндама жасап, туындаған сұрақтарға жауап берді.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы мен отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данабай Алиевтің баяндамасы тыңдалды.
Әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту еліміздің 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі. Әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлін күшейту үшін де атқарылып жатқан істер аз емес. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының жұмысы және кәсіпкер әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында қолдау шаралары туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев баяндама жасап, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша комиссия төрағасы бірқатар тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатындығы жеткізілді.
Сондай-ақ, аталған бағыттағы жұмыстарға комиссия мүшелері де белсене ат салысып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тығыз жұмыстар жүргізілетін болады.