Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея мемлекетіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барлық этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», - деген болатын. Аталған сессияда көтерілген, талқыланған мәселелер жөнінде алдыңғы апта Президент айтқан «Бірлік елшілерінің» бірі Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ербол Байқонақовпен әңгімелескен едік.
– Ербол Сүлейменұлы, ең алдымен Шымкент қаласында өздеріңіздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған қандай жұмыстар атқарып жатқандарыңызды айтып өтсеңіз.
– Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметінің мәні – қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету. Жалпы, мекеме халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту бағытында жұмыс істейді.
Өздеріңізге мәлім, бүгінде қала аумағындағы 80-нен астам шағынаудан мен тұрғын алаптың 23-інде этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Сондықтан жергілікті тұрғындар арасында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру және сол аумақтарды негізгі мәселелерді тұрғындардың аузынан есту, қалыптасқан ахуалды көзбен көру мақсатында арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы жасақталған. Бүгінде аталған топтың мүшелері тұрғындарымен және оқу орындарындағы жастар контингентімен кездесіп, тиісті жұмыстарды атқаруда.
«Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында этнос өкілдері жинақы шоғарланған аумақтарда қоғамдық қабылдаулар өткізу қолға алынған. Мұнда сала мамандарынан жасақталған топтар түрлі бағыттар бойынша тұрғындарды қабылдап, олардың өтініштерін шешуге атсалысып келеді.
Қалалық ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың қызметін қамтамасыз ету, этнос өкілдері арасында қазақстандық патриотизмді дәріптеу, мемлекеттік тілді және этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып-үйренуге жағдай жасау, қоғам тұтастығы мен берекелі бірлікті көздеген қоғамдық көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
– 1 мамыр мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өткен болатын. Сіздіңше, сол жиында Мемлекет басшысы атап өткен ең маңызды мәселелер қайсы деп ойлайсыз?
– Аталған сессияда Ассамблея Төрағасы бірлік пен ынтымақ мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болатынын айтты. Және мынадай өзекті міндеттер туралы баяндады.
Бірінші, ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру. Яғни, Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында айқындалған идеологиялық тұжырымдарды дәріптеу.
Екінші, қоғамда ұлтына қарай оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге жол бермейтін орта қалыптастыру.
Үшіншісі, ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту. Жоғарыда айтылған маңызды міндеттер аясында туындайтын бірқатар жұмыстарды іске асыруда ассамблеяның әлеуетін тиімді пайдалану жүктелді.
Айта кетейін, кешенді жұмыстарды атқаруға тек ассамблея ғана емес мемлекеттік мекемелер мен білім беру мекемелері және азаматтық қоғам институттары жұмыла жұмыс істейтін болады.
– Мемлекеттің тірегі – бірлік екеніне шүбә жоқ. Алайда осы бірлікке Ассамблеяның қосып жатқан үлесін жоққа шығарып, тіпті, Ассамблеяның қажеті жоқ екенін айтып даурыққан азаматтар да болды. Мұндай пікірдің туындауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Жасыратыны жоқ, қоғамда ассамблеяға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Жағымды, жағымсыз. Негізі бар, негізсіз. Демократиялық қоғамда бұл қалыпты процесс.
Бұл жайында кешегі сессияда Мемлекет басшысы: «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган», - деді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – елімізде жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ететін, саналуан этностық топтарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастырған ассамблея маңызды әрі қажетті институт екені даусыз.
– Шымкенттегі түрлі этнос өкілдерінің арақатынасы қалай? Татулығына сызат түсіретіндей ұлтараздық жағдайлар орын алып тұра ма? Аталған ұлтараздық шиеленістің негізгі шығу себептері неден болады? Оны шешу жолдары қалай?
– Жыл басындағы статистикалық дерек бойынша 1 миллион 222 мыңнан астам шымкенттік тұрғындардың 28,8%-ы этнос өкілдерінен қалыптасқан. Қаладағы ірі этностар қатарына: өзбектер (15,8%), орыстар (6,1%), әзірбайжандар (1,8%), татарлар (0,9%) жатады. Ал, қалған 4,2%-ын – өзге шағын этностар құрайды.
Бүгінде қалыптасқан этносаралық ахуал тұрақты. Этностар жинақы қоныстанған аумақтардағы әр проблемаға жіті мән беру, ұсақ-түйекке назар аудару бірқатар ықтимал жағдайдың алдын алады.
Ұлтаралық араздықтың орын алуына бірқатар себептер бар. Осыған орай, ықтимал жағдайларды анықтау, алдын алу, жергілікті жердегі өзекті проблемаларды білу, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру бағытында этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтар мен білім беру мекемелерінде кездесулер өткізіліп, қалыптасқан ахуал зерделенеді. Тиісті құрылымдар мен мемлекеттік мекемелердің және ассамблея мүшелері мен тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесінде этностық сипатта шиеленіс орын алмады.
Қаламызда этносаралық ахуал және этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынас жақсы. Дегенмен, тұрғындар арасында әлеуметтік мәселелерге байланысты түсініспеушіліктер болып тұрады. Осындай проблемаларды шешуде медиацияның көмегіне жүгінеміз. Бүгінде этнос өкілдерінің қатысуымен орын алған тұрмыстық оқиғалар медиаторлардың араласуымен шешімін тауып келеді.
Біз бұл жерде этностардың қатысуымен түрлі деңгейде қылмыстар тіркелетінін де айтуымыз керек. Ал мұндай жағдайда тиісті орындар оқиғаның себеп-салдарын анықтап, кінәлілерді қолданыстағы заң аясында жауапкершілікке тартады.
– Шымкентте әралуан этнос өкілдеріне арналған қанша мәдени ошақ бар?
– Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте «Достық үйі» ғимараты қалалық Қазақстан халқы Ассамбелясының игілігіне берілген. Бүгінде аталған ғимаратта «Қоғамдық келісім» мекемесі, этномәдени бірлестіктердің кеңселері мен этномұражай және «Бірлік алаңы» орналасқан. Еңселі нысанның 800 орындық үлкен залы мәдени және қоғамдық-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Өздеріңізге мәлім, республикалық Ассамблеяның 33-сессиясында Президент ел аумағындағы «Достық үйлерін» заман талабына сай комьюнити-орталыққа айналдыруды тапсырды. Енді осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз. Бұдан бөлек, қаламызда орыс және өзбек драма театрлары бар.
– Жоғарыда айтылған жиында Президент: «Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік», - деді. Аталған қағидаттарды қарапайым халыққа түсіндіру бойынша қандай жоспарлар алға қойылды?
– Қалалық ассамблея жанындағы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобы бұл қағидаттарды этнос өкілдері жинақы қоныстанған аумақтар мен білім мекемелерінде жүргізілетін түсіндіру жұмыстары кезінде кеңінен қолданылады. Және ассамбеяның диалог алаңында өтетін кез келген жиындар мен бас қосуларда осы қағидаттар басшылыққа алынып, соның аясында жұмыс жүргізілетін болады. Биыл жыл соңына дейін жоспар аясында 116 кездесу өткізу жоспарланған. Одан бөлек қалыптасқан жағдайға байланысты, ұйымдастырлатын кездесулерде осы қағидаттарға сүйеніп, жұртшылық арасындағы түсіндіру кезінде жан-жақты жеткізілетін болады.
– Арамызда түрлі этностардың мәдениет қайраткерлері жетіп артылары анық. Ал қаламызда осындай қайраткерлермен халық арасында қоғамдық диалогтар болып отыра ма?
– Қаламызда түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар этнос өкілдері республикалық және қалалық ассамблеяның құрамына қабылданған. Одан бөлек қалалық ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі» сынды қоғамдық құрылымдардың қатарында беделді этнос өкілдері бар. Және ассамблеяның диалог алаңдарында өтетін басқосуларды этнос қайраткерлерінің ел бірлігіне бағытталған байсалды ұсыныс-пірірлерін ескеріп, олардың әлеуетін қалалық ассамблея қызметінде ұтымды қолданып келеміз.
– Мемлекет басшысы жаңа мемлекеттік награда Қазақстан халқының Ассамблеясының «Қоғам бірлігін нығайту жолындағы табысты еңбегі үшін» орденін бекіту керегін айтып өтті. Бұл ұлтаралық татулық пен бірлікке қандай да бір әсер ете ме?
– Бұл жөнінде Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының былтырғы ХХХІІ сессиясында айтып, Республика күніне орай, тұңғыш рет ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін бірқатар азаматтарға Мемлекет басшысы өз қолымен «Ел бірлігі» орденін табыстады. Марапат иелері арасында Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев та бар.
Аталған марапат қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарды белсене атқарған азаматтардың еңбегін бағалауда маңызды рөл атқарады деген ойдамын.
– Әңгімеміздің соңында этносаралық қатынас саласында қазақ тілінің жағдайы қалай екенін айтып өтіңізші.
– Ассамблея қызметінің бір бағыты – мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі және топтастырушы негіз ретінде ілгерілету.
Статистикалық деректерге сәйкес елімізде қазақ тілінде сөйлейтін этнос өкілдерінің саны артып келеді. Атап айтқанда, елдегі өзбектердің 72%-ы қазақ тілінде сөйлей алса, 12%-ы қазақша оқып, жазуды жақсы меңгерген. Жалпы, түркі тектес этностардың басым бөлігі мемлекеттік тілді тұрмыстық деңгейде меңгерген. Ал славян диаспорасы өкілдерінің 23%-дан астамы ғана ауызекі деңгейде қазақ тілін түсінеді.
Ал Шымкенттегі тілдік ахуал қандай? БАҚ беттерінде жарияланған ақпарат бойынша еліміздің үшінші мегаполисі халқының 93%-ы мемлекеттік тілді меңгерген. Жалпы, қалыптасқан ахуал тағы да жан-жақты зерделеуді қажет етеді.
Бүгінде қалалық ассамблея алаңында өтетін барлық жиындар мен іс-шаралар негізінен мемлекеттік тілде өтеді. Мемлекеттік тілді дәріптеу бағытында Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы аясында «Мың жүйрік» байқауын жыл сайын ұйымдастыру қолға алынған. Және «Достық үйінің» «Бірлік алаңында» қазақ тілін оқып-үйренуге арналған курс жұмыс істейді. Бұл бағытта жұмыстар мақсатты жалғастын болады.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет! Істеріңіз алға баса берсін!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ