Жуырда еліміздің барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өткен болатын. Аталған жалпыреспубликалық акция Шымкент қаласында Арбат алаңында өтті.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Арбат алаңында өтіп жатқан акцияның жұмыс барысымен өзі барып танысып қайтты.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқарма басшылары бар. «Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналып келеді. Сәйкесінше жылдан жылға іс-шараның ауқымы да кеңеюде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, тұрғындар негізінен, жұмыспен қамту, мемлекеттік сатып алу, жер мәселелері бойынша кеңес алуда. Департамент басшысы акция қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, азаматтардың шағымдары тиісті мекемелермен бірлесе, заң тәртібіне сәйкес шешімін табатынын атап өтті.
Айта кетсек, акцияны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.
Жоғарыда атап өткеніміздей «Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды және қарапайым қазақстандықтар алғысын білдіруде. 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8 мыңнан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 мыңнан астам азамат консультация алды.
Акция форматының Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемде ауқымы мен географиясы бойынша теңдесі жоқ екенін де айта кеткен жөн.