Шымкент қаласында бүгінгі таңда 13 158 адам жұмыссыз ретінде тіркелген көр. Оның ішінде 414-імүгедектігі бар азаматтар. Жуырда мегаполисте өткен жәрмеңкеде мүгедектігі бар осындай жандарға бос жұмыс орындары ұсынылды.
Іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды. Жәрмеңкеге қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Ербол Байқонысов және қала мәслихатының депутаттары қатысып, ұсынылып отырған бос жұмыс орындарымен танысты.
«Еліміздің заңында көрсетілгендей, әр азамат еңбек етуге құқылы. Оның ішіне мүгедектігі бар жандар да кіреді. Бұл санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасу кезіндегі ерекшелігі – медициналық комиссиядан рұқсат алуы тиіс. Жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың еңбек құқығын жүзеге асыруға, қауіпсіз жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау, жұмысқа орналасуға бағытталған жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Ол материалдық тәуелсіздікті және ең маңыздысы – қоғамда өз орнын табуды көздейді», - деді Жанат Өмірсейітқызы.
Жәрмеңкеде 16 жұмыс беруші, оның ішінде 8-і арнайы квота негізінде келушілерге 600-ден аса тұрақты бос жұмыс орнын ұсынғанымен, жалпы, іс-шараға 55 жұмыс іздеуші қатысқан. Нәтижесінде 26 мүгедектігі бар азамат бос жұмыс орындарына жолдама алды.
Жалпы жыл басынан бері 1029 мүгедектігі бар азамат Еңбек мобилділігі орталығының көмегіне жүгініп, 378-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша Жастар практикасы – 13, Әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, Қоғамдық жұмысқа – 111, Алғашқы жұмыс орны – 16, Күміс жас бағдарламасы – 31, «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде 107 адам білім алып, 95 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастырады. Мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектігі бар азаматтың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Тағы бір айта кетерлік жайт, арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жабдықты алу және монтаждау жұмыстарына кеткен шығындар жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы беріледі.