Басым бағыт - өнімді терең өңдеу: Қытай делегациясымен инвестициялық жобалар талқыланды

Қысқаша

Басым бағыт - өнімді терең өңдеу: Қытай делегациясымен инвестициялық жобалар талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасының Чанджи-Хуэй автономды округ губернаторының орынбасары Су Сяоли ханым бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Screenshot_8.jpg

Екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы кешенді шаралар «KIT» бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен форуммен жалғасты. B2B форматындағы жиында жергілікті кәсіпкерлер тамақ өнімдері мен полиэфир материалдарын өндіретін жеңіл өнеркәсіп бағытындағы қытайлық компаниялардың өкілдерімен ақпарат алмасты. Бизнес өкілдеріне тауарларын шет елге экспорттау, басқа да серіктес компаниялармен қарым-қатынас орнату мүмкіндіктері ұсынылды.

Қытайлық 35 компанияның өкілдері қатысқан жиынның қорытындысында Шымкент каласы әкімінін орынбасары А. Кәрімов, Қытай Халық Республикасы ШҰАР Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы губернаторының орынбасары Су Сяоли, Қытай Халық Республикасының Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы сауда басқармасының партиялық тобының хатшысы Чэн Сяофэн коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне куә болды.

Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.

Айта кетері, Шымкентте халықты жұмыспен қамтып, нарықты отандық сапалы өнімдермен қамтамасыз ететін кәсіпорындар көбейіп келеді. Мәселен жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданында құс фабрикасының ашылуына қатысты.

"Аймар Құс" ЖШС бірінші кезеңде жылына 72 млн.дана жұмыртқа өндіреді. Бұл қала халқының жұмыртқа өніміне сұранысының 42%-ын қамтиды. 4 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жоба 50-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жаңа құс фермасының өндірісімен танысқан қала басшсы бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саланы дамытуда

Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктегеніне тоқталды. 

Естеріңізге сала кетейік, Президент халыққа Жолдауында елімізде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобалардың басым бағыттар болып табылатынын атап өтті. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындарды ашу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысы тапсырмалары аясында бүгінде қалада ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспарлар іске асырылуда. Қазір мегаполисте 5 мыңнан астам шаруа қожалықтары, 50-ге жуық түрлі қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Жыл сайын 50 млрд.теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреді. 

Құс фермасының іске қосылуы азық-түлік белдеуінің қалыптасуына оң әсер етіп қана қоймай, қала тұрғындарын жергілікті өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 1- санаттағы жұмыртқалардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылған "Аймар Құс" ЖШС-мен айналым схемасы тетігі шеңберінде шарт жасалды. Форвардтық шарт аясында серіктестік 1-санаттағы жұмыртқаларды қала аумағындағы сауда нүктелеріне белгіленген бағамен өткізетін болады. 

Әлемдік биоқауіпсіздік стандарттарына негізделген ферма тауық жұмыртқасын өндіру бағытында озық үлгідегі кәсіпорын болып табылады. 

Еуропалық үлгідегі құрылғылармен жабдықталған кәсіпорында 2026 жылға дейін өндірістің 2-кезеңі іске қосылады. Онда тауықтарға арналған 8 цех және оларды өсіруге өсіруге арналған 1 цех салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2026 жылға қарай жұмыртқа салатын тауықтардың санын 660 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл өндіріс көлемін жылына 220 млн.жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті. Оған Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды.

Форумның мақсаты - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруда, дефицитті алдын алуда көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын ала келісім-шарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі жиында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз етуде бірқатар келісім-шарттар түзілді.