Шымкентте кезекті үшемдер өмір есігін ашты. Үшемдерді дүниеге әкелген Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Айгүл Бақытжанқызы.
Үшем ұлдар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 31-аптасында 15 сәуір күні қалалық перзентханада дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 1580 грамм болса, екіншісі − 1640, үшіншісінікі 1610 грам болып туылған. Дәрігерлер үшемдерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасап, кейін палатаға шығарып, күтіп-баптаған. Едәуір салмақ жинап, жағдайлары жақсарған үшемдер мен олардың анасын Шымкенттегі перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салды.
Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмухаммед деген есімдер берген. Бұл – Шымкенттегі жыл басынан бері өмірге келген төртінші үшем екен.
«Шаңырақ» күні қарсаңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкентте 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашатынын айтқан болатын.
«Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашады. Міне соның арқасында біздің қаламыз ел демографиясының дамуына ерекше үлес қосып отыр деп айта аламын. Мемлекет басшысы да, Үкіметіміз де елде халықтың санының артуына ерекше мән беріп, қолайлы жағдай жасап отыр, Мемлекеттігімізді сақтау, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, ертең басқадан кем болмау үшін, елдің сырты жаудан, іші даудан аман болуы үшін біз адами әлеуетімізді дамыта беруіміз керек. Оның сыртында мына дүниеге келген сәбилерді Абай атамыз айтқандай Толық адам, Мемлекет басшысы айтып жүргендей Адал адам етіп тәрбиелеу дейтін мәселе тұр», - деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы ұл болса, 5334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетіп, төрт үшем өмірге келген.