«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет».
Өткен аптада елордада өткен сенбілікке қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы жұмыстар Шымкентте белсенді түрде жүргізілуде. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін жергілікті халық бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.
Ескере кететіні, бүгінде тар табанды темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді.Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар өндірілмейді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Сонымен қатар, теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақтар адам өміріне қауіп төндіреді. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.
Жоба аясында жүгіру және велосипед жолдарының ұзындығы ұлғайып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Шымкентте «Халықаралық жер күніне» ASA жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оқыту семинары өтті. Оған 40-қа жуық жас қатысты.
Бұл экологиялық мереке қоршаған ортаны қорғауға, жер шарын жасылдандыруға және табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға арналған. Семинар да осы бағытта өтті. Онда қатысушылар қоршаған ортаның тазалығы, экологиялық мәселелері және оның алдын алудың жолдары қаралып, ой бөлісті.
Негізі Халықаралық жер күні барлық елдердің жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейдегі ормандар мен ағаштармен байланысты іс-шараларды, мысалы, ағаш отырғызу науқандарын ұйымдастыруға бағытталған шараларға қолдау көрсету мақсатында өткізіліп келеді.
Сондықтан оқыту семинардың да осы аптада басталған «Жасыл аймақ» апталығына сәйкес келіп, оған қатысушылар дендробаққа барып, 50-ге жуық ағаш көшеттерін екті.
ASA жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранованың айтуы бойынша Шымкентте аталмыш семинардың бірінші күні өтуде. Кейін басқа қалаларда да жалғасын таппақ.