Биыл Шымкентте 30 шақырым жылу желісі мен екі қазандық жаңарады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізде болса, Президент бұған дейін Жолдауында:
- Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс,- деген болатын.
Шымкент қаласында жылу құбырларының жалпы ұзындығы 838,6 шақырым, ал тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Жалпы мегаполисті 23 қазандық пен 17 сорғы стансасы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтардың орташа тозуы 30,5 пайызға, сорғы станцияларының тозуы 41 пайызға жеткен. Өткен жылы 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар Нұрсәт нысанында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде 2076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекеменің тұрғындары тұрақты жылумен қамтамасыз етілді.
Ал биыл қала әкімінің тапсырмасы бойынша 30 шақырым жылу жүйесінде ағымдағы жөндеу, 4 нысанда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның екеуінде жылу қазандықтарын жаңғырту, екеуінде 7,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда тұрғындарды жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көктемгі-жазғы маусымда жоспарлы жөндеу және қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.