Киберпол интернет алаяқты ұстады

Қысқаша

Киберпол интернет алаяқты ұстады

Шымкентте киберпол он қазақстандықты алдаған интернет-алаяқты ұстады. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Screenshot_10.jpg

Полиция екі жергілікті тұрғынның алаяқтық туралы арызы бойынша тергеуді бастады. Зардап шеккендер Түркістан облысындағы шипажайлардың бірінде демалуды жоспарлап жүріп, интернеттегі жарнама арқылы өзін «санаторий қызметкерімін» деп таныстырған белгілі бір азаматпен байланысқа шыққанын жеткізді. Хат алмасу барысында қаскүнем азаматтардың сеніміне кіріп, орындарды алдын ала брондау үшін белгілі бір шотқа төлем жасауға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін ол байланысқа шықпай, ізін суытқан. 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні анықталып, ұсталды. Ол Сарыағаш қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы сегіз қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Зардап шеккендердің арасында шымкенттіктерден бөлек Тараз, Қызылорда, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары да бар. Алдағы уақытта осы іс бойынша жәбірленушілер саны артуы мүмкін.

Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, ақшасын тартып алу үшін түрлі схемалар ойлап табатынын еске салады. Интернеттегі алаяқтардың құрбаны болмау үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке ақпаратты ешкімге бермеуге және күмәнді шотқа ақша аудармауға шақырады.

Мұның алдында алаяқтық туралы арызбен мегаполис полицейлеріне 27 жастағы азаматша жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, аз ғана уақыт таныған әйел оған оқу орындарының біріне жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берген. Бұл қызметін 1 млн теңгеге бағалаған. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына дереу кірісті.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 36 жастағы күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында әйелдің басқа да ұқсас қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ол тағы бір азаматшаны «мемлекеттік бағдарламамен кезексіз пәтер мен бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант алып беремін» деп, бір жарым миллион теңгеге сан соқтырған.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесінмен іс бойынша процестік шешім қабылданады.

Сондай-ақ, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Полиция департаменті киберпол бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жолмен қала тұрғынының ақшасын иемденген түркістандық ер адамды ұстады.

Қаскүнем интернеттен "Lexus LX 600" маркалы автокөлігінің жалпыға қолжетімді фотосуреттерін жүктеп алып, арнайы сайтқа оны сату туралы жарнама орналастырған. Қоңырау шалған сатып алушыға ол жол талғамайтын көлік алғысы келетіндердің көп екенін сенімді түрде айтып, егер көлікті өзі алғысы келсе, алдын ала төлем жасауы керек деп сендірген.

Алаяқтың сөзіне сенген ер адам белгілі бір есепшотқа 200 мың теңге қаржы аударған. Ақшаны алғаннан кейін жалған сатушы байланысқа шығуын тоқтатқан.

Ұсталған азаматтың осыған ұқсас қылмысты жасағаны үшін бұрын сотты болғаны анықталды. Ол қазір қамауда. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер азаматтарға онлайн платформаларды пайдалану барысында қырағы болуды және сатып алу немесе жалға алу кезінде алдын ала төлем жасамауды ескертеді.