Шымкент қаласында биыл Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 1368 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, бүгінге дейін соның 421-і орындалған. Бұл үшін жұмыс берушілерге арнайы квота бекітіліп, мекемелерде жұмысшы санына қарай 2-4 пайыз мөлшері аралығында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуы тиіс.
Жақында «АМАНАТ» партиясының әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту жөнінде сайлауалды бағдарламасының іске асуын бақылау үшін Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева мен қалалық мәслихат депутаты Алина Дубинина партиялық бақылау жүргізген еді. Олар ең алдымен Шымкент қалалық перзентханаға барып, партиялықтар осында арнайы квота негізінде жұмысқа қабылданған Эльмира Затыбекова және Әсел Медеубаевамен тілдесті.
Ал аталған жуырда ғана жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар жандар ризашылығын жеткізіп, бүгінгі жұмыс орны мен төленетін айлық жалақысына көңілі толатындарын айтып, ақтарылды.
Мұнан кейін бақылаушы топ Қ.Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейінде болды. Аталған мекеме жыл басынан бері 2 мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдаған екен. Бүгінде бірі – аула сыпырушысы, бірі – мектеп күзетшісі болып қызмет атқарып жүр екен. Мектеп директоры Раушан Алмаханқызының айтуынша, екі азамат та өз ісіне жауапты, жүктелген міндетін ұқыпты, уақытылы орындайтын көрінеді.
– Біздің мектепте екі техникалық қызметкерден бөлек, 7 мүгедектігі бар мұғалім қызмет атқарады. Олардың атқарған қызметіне көңіліміз толады. Өз жұмысын аса ұқыпты орындауымен өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп отыр, –деді №7 IT мектеп-лицейінің бас ұстазы.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамдағы орны қашан да ерекше, абыройы биік екені хақ. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалыптасары да анық.
Сондай бір жастайынан еңбекке еті үйренген Салманова Бузейнап есімді қызметкер өмірдегі бар қиындықты адал еңбегімен еңсеріп келеді. Кейіпкеріміз бүгінде Қаратау ауданы әкімдігі жанындағы коммуналдық мемлекеттік мекемеде қарапайым қызметті шын жүрегімен атқаратын қызметкер. Өзінің мүгедектігіне қарамастан жұмыстан еш қашпайды екен.
– Он жасымнан бастап еңбекке араластым. Жастайымнан бір көзім әлсіз болса да, дені сау адамдардан қалып қоймауға тырыстым. Қазір сол қалыпта жұмыс істеп келемін. «Мүгедекпін» деп өзіме шектеу қойғым келмейді. Жұмысқа келгенде барымды саламын. Осы коммуналдық салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан асты. Көше сыпырғаныма, қоқыс жинағаныма еш арланбаймын. Адал еңбектің ұяты жоқ,- дейді Бузейнап ханым.
Б.Салманова бүгінде 58 жаста екен. Төрт перзентті тәрбиелеп өсірген ол зейнетке осы жерден шығққысы келетінін айтады. Ол сонымен қатар өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтарға алғысын білдірді.
– Ең алдымен үнемі жұмысқа жолдап отырған Қаратау аудандық мансап орталығына алғыс айтамын. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүрген мекемелер белгілі бір себеппен ісін тоқтатып, өзіміз бос қалған сәтте, жұмыспен қамту мекемелері бізді үнемі басқа орындарға жібереді. Осы уақытқа дейін жұмыссыз қалған емеспін. «Жұмыс істеймін» деген адамға әрқашан жұмыс табылады. Ең бастысы – «мүгедекпін», «мен мұндай жұмысты істемеймін», өзін шектеп, табылған жұмыстан бас тартпау керек, - деп Бузейнап ханым сөзін қорытты.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларына қатысқан мүгедектігі бар азаматтардың 13-і жастар практикасы бағдарламасымен, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында – 5, қоғамдық жұмыс – 97, алғашқы жұмыс орны – 19, «Күміс жас» - 32 және өзге де бос жұмыс орындарына 168 адам жолданса, «Бизнес-Бастау» жобасы шеңберінде 87 адам білімін жетілдірді.