Қазіргі экономикада инновацияның рөлі айтарлықтай өсде. Инновацияларды пайдаланбастан, білімнің жоғары деңгейімен және жаңалығымен бәсекеге қабілетті өнім жасау мүмкін емес. Осыған байланысты Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Е.Тұрманов жуырда өткен брифингте «2024 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы есебін» беріп, өзекті деген сұрақтарға жауап берген болатын.
Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары іске асырылған жобалар мен 2024-2028 жылдар аралығында іске асырылатын жобалар туралы айтып өтті.
Е.Тұрмановтың сөзіне сенсек, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 2024 жылға жалпы 7 нысаналы индикатор бекітілген. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің көлемі 250,6 млрд теңгені (2023 ж. 3 айы – 234,2 млрд теңге) құрағанын, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артқанын айтады.
Одан бөлек басқарма басшысының орынбасары «Ағымдағы жылдың 3 айдың қорытындысымен Шымкент қаласына 98,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,9% құрады. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 85,6 млрд теңге. Жалпы 2024 жылы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 %-ға артуы күтілуде. Қала аумағында 2024 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1%-ға өскені анықталды», - деді.
Сонымен қатар, Е.Тұрманов шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында 2024 жылға 21,05 млрд теңге қаржы, оның ішінде республикалық бюджеттен – 18,65 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 2,4 млрд теңге бөлінгенін де атап өтті.
«Одан бөлек, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен қаланың бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,9% ұлғайды. Аталған көрсеткішке жаңадан ашылатын сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелері және базарларды модернизациялау жүргізу есебінен қол жеткізіледі», - деді басқарма басшысының орынбасары Е.Тұрманов.