Республика күні қарсаңында Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты «Түркістан» сарайында өткен салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табыс етті.
Бұл Бауыржан Қалмұхамедұлы үшін спорт саласында отыз жылдан астам еңбектің өтеуі. Осындай сый-құрметтің биылға сәйкес келуі де кездейсоқтық емес. 2023 жылы үшінші мегаполис спорт саласында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Биыл Шымкент қаласы өз алдына бөлек мегаполис атанғалы алғаш рет Азия ойындарына қатысты. Қытайда өткен дүбірлі жарыста Қазақстан 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль еншіледі. Соның ішінде 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль Шымкенттің үлесінде. Осыншама жүлде бойынша мегаполис алтын, күміс, қоланың саны жағынан республика өңірлерінде бірінші орын алды. Яғни, бес жыл бұрын ғана республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент спорт мықтылығын мойындатты. Тіпті таң қалдырды десек, артық айтқанымыз емес.
Ел мерейін үстем еткен Шымкенттен шыққан Азияда чемпиондарын тағы бір мәрте таныстырсақ – ол нысана көздеуден Зухра Ирназарова, каратэден Қайсар Алпысбай мен Софья Берульцева, байдарка және каное есуден Сергей Емельянов, стенд атудан Зоя Кравченко мен Ольга Панарина.
Шымкент бойынша Азия ойындарына спорттың 23 түрінен 66 спортшы қатысты. Қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевтың айтуынша, Азияда алдында жігіттер мен қыздар жоспарға сәйкес тыңғылықты дайындалған. Зухра Ирназарова Қытайдағы жарысқа бармай тұрып, нысана көздеуден әлем чемпионы атанып келді. Сондықтан оның Азия ойындарында жеңіске жетуі кездейсоқтық емес. Ол әлемде нысана көздеуден мықты спортшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Зоя Кравченко мен Ольга Панарина да осы спорт түрінен әлем кубоктарының барлық сатыларында жүлдеге ілініп жүр. 60 келіде өнер көрсеткен Қайсар Алпысбай каратэден Токио олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділовпен бір салмақта. Қай жарыста да екеуі бір қатардан табылатын. Бірақ бұл жолы Дархан өзінің орнын бауыры Қайсарға берді. Нәтижесінде ел қоржыны бір алтынмен толықты. Қайсар Алпысбай да осал спортшы емес. Ислам ойындарының, Париждегі халықаралық жарыстың жүлдегері. Өзінің мықты екенін кезекті Азия ойындарында да байқатты.
Спорт басқармасы 4 жылда бір келетін Азия ойындары басталар кезде алдын ала тыңғылықты дайындалды. Әрбір спортшымен жеке-дара жұмыс жүргізілді. Бұл жерде жаттықтырушылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Шымкенттің мерейін асырған тағы бір жетістік – «Ордабасы» футбол клубы мен «БИІК-Шымкент» командасының ел чемпионы атануы. Жуырда футболдан Қазақстан премьер-лигасының 25-тур ойындары өтті. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 3-1 есебімен жеңіп, ұпай санын 58-ге жеткізді. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды! Жеңімпаздарға алтын медальдарды Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табыс етті. Өңір футболының осындай үлкен жетістікке жетуіне байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбековке алтын медальмен қатар 17 нөмірдегі алтын жейде тапсырылды. «Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсететін болады. Оған дейін ел кубогының финалында 4 қарашада Қостанайдың «Тобылымен» күш сынасады.
Ал «БИІК-Шымкент» футбол командасы осымен он екі дүркін ел чемпионы атанды. «Намыс» стадионында әйелдер командалары арасында кезекті ел чемпионатында шымкенттік қыздар командасы тағы да бас жүлдені иеленді. Биылғы доп додасын қорытындылаған ХХ тур ойындарында алаң иелері «Оқжетпес» клубының футболшыларын 6:0 есебімен жеңді.
Жалпы статистикаға тоқталсақ, бұл күнде Шымқалада 33 спорттық ұйым жұмыс істейді. Онда 18 мыңнан астам бала мен жасөспірім жаттығады. Және мыңға жуық спортқа баулитын жаттықтырушы бар. Дегенмен барлық жетістік бірден бола салмайды. Спортта бір-екі жылда биік шыңдар бағынбайды. Ол үшін үлкен мектеп керек. Бапкерлер династиясы қажет. Спортшыларды тәрбиелейтін, шыңдайтын жүйе, бағдарлама болуы тиіс. Осының бәрі Шымкентте қалыптасқан болып тұр. Әйтпесе 45 елдің кіл мықтылары жиналған Азия ойындарында ғайыптан тайып алтыннан олжа салу, ел чемпионатында «Ордабасының» алғаш рет жеңімпаз атануы өте қиын.
Сарапшылардың айтуынша, спортта табысқа жетудің бір себебі мықты инфрақұрылымның болуы. Бұл жағынан Шымкентте ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Мәселен, мегаполисте әбден ескіріп, тозған Металлург стадионы жаңадан пайдалануға берілді. Бозарық тұрғын алабында зәулім спорт орталығы ашылды. Бадам су қоймасындағы база күрделі жөндеуден өтті. Қазір балалар сонда жатып, жаттығу өткізуге мүмкіндік алды.
Бұл спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтардың еңбегінің нәтижесі екендігін мойындау қажет. Оның ішінде Шымкент спортының өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген Бауыржан Тұманбаевтың еңбегі ерек. Басқарма басшысына берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі осы жетістіктерге берілген баға, ұзақ жылдық еңбектің өтеуі. Марапат құтты болсын дейміз. Лайым мегаполистің спорт саласындағы жеңісті күндері көп болсын деп тілейміз!