Белсенді жастар – болашақ кепілі

Қысқаша

Белсенді жастар – болашақ кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» деген болатын. 

Screenshot_18.jpg

Осы орайда, елімізде ерікті болып, жұрттың ықыласына бөленіп жүрген жастарымыздың қатары көп екенін айта кетелік. Еріктілер қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналуда. Мысалы, тұрғындар арасында жастар көп шоғырланған Түркістан облысының Шардара ауданында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Шардара аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұранмен «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында ардагерлердің ауласын, тас жолдардағы қоқыс қалдықтарын тазалап, эко-еріктілік насихатталуда. Олар ағаш егу акциясы аясында жастардың көшет егуіне ықпал жасайды. Аталған акция жыл көлемінде төрт рет ұйымдастырылған. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Батырбек Тұрғанбекұлының айтуынша,  орталықтың жанынан үш волонтерлік топ құрылған. Олар – Шардара қаласы №16 колледж студенттерінен құрылған «Еріктілер» тобы, Шардара ауданы Ұзын-Ата ауылдық округының ерікті жастарынан құрылған «Жас жалын» тобы және Жастар ресурстық орталығының еріктілерінен құрылған  «Нұр» тобы. Еріктілер топтары қайырымдылыққа, аудан аумағында жүргізілетін тазалық жұмыстарына, жалғызілікті жандарға және ардагерлер үйіне тұрмыстық шаруашылық жұмыстарына белсене араласады.

Орталық басшысы Батырбек Тұрғанбекұлынан аудандағы жастардың жұмыспен қамтылуы жөнінде сұрағанымызда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие жөнінде, "Жастар практикасы", “Дипломмен ауылға”, "Алғашқы бос жұмыс орны", "Қоғамдық жұмыс", "Әлеуметтік жұмыс орны", "Бастау-Бизнес", “Серпін” мемлекеттік бағдарламалары бойынша ауданда 42 рет ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үн-парақшалар таратылғанын айтты. Натижесінде, әлеуметтік жұмыс орнына – 191 жас, жастар практикасына – 152, алғашқы жұмыс орнына – 47 жас қамтылған.  Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында халықты жұмыспен қамту орталығы маманымен жастар ресурстық орталығының әлеуметтік парақшасынан тікелей эфир ұйымдастырылған. 

Жастар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруі тиіс. Елімізде жастарға арналған жеңілдетілген несие берілуде. Бес жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын несиені жасы 21-ден 35-ке дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген жас иемдене алады. Осы мақсатта Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов қала, ауылдық округтардағы несиені алуға ниеттенген және NEET санатындағы жастармен кездесу өткізді. Кездесуге аудандық "Жұмыспен қамту орталығының" маманы Рсалы Естай қатысып, қажетті құжаттарды жинау бойынша толыққанды мәліметтер берді. Қазіргі таңда жастар кәсіпкерлігіне арналған 2,5 пайыздық шағын несие бойынша 80-нен аса азаматтың  өтініші қабылданып, 26 азаматқа беру жоспарланған. Оның ішінде 16 азаматтың құжаттары  несие беретін ұйымға өткізілді. Қалған азаматтар құжаттарын толықтыру үстінде.

Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады. Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аянбақ емес.

А.РЫСБЕКҚЫЗЫ