Ел алғысына бөленген ерікті әкім болды

Қысқаша

Ел алғысына бөленген ерікті әкім болды

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Сайлауда дауыс берушілерге екі кандидат ұсынылған. Бірі – өзін-өзі ұсынған Әзімхан Омаров болса, екіншісі – «AMANAT» партиясының атынан түскен Төребай Әбдікәрімов. Сайлаушылардың басым бөлігі ерікті болып, халықтың алғысын арқалап жүрген Төребай Әбдікәрімовке дауыс берген. 

Screenshot_17.jpg

«Құрамына үш елді мекен енетін Жүйнек ауылдық округында 11 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 5 500-і сайлауда дауыс беруге құқылы. Үш сайлау учаскесінде 23 комиссия мүшесі жұмыс істеді. Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Қарсыласымнан 500-ге жуық дауыс артық жинадым. Енді алда үлкен жұмыстар күтіп  тұр. Сайлаушылардың маған артқан сенімін ақтау жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын!» - дейді ол. Төребай Әбдікәрімов 2018 жылдан бастап ерікті болып еңбектеніп келеді. «Харекет» қайырымдылық қорының Астана қаласындағы, Түркістан облысындағы өңір басшысы қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бастап «Asar» Түркістан еріктілер тобы қоғамдық бірлестігін құрып, өңірдегі көптеген игі істердің атқарылуына үлес қосты. Елдегі пандемия тұсында блок-бекеттерде сақтық шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тегін бетперделер таратты. Мақтаарал ауданын су басқанда және Арыстағы апат кезінде жастарды біріктірді. Қираған үйлерді қайта қалпына келтіру істеріне үлес қосты. Түркістан қаласында өрттен зардап шеккен отбасыларға үй салу шарасын ұйымдастырды. Нәтижесінде, еріктілігі мен еңбегі бағаланып, Президенттің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен және Алғыс хатымен марапатталған. 

Ерікті еңбегінің арқасында ауыл әкімі болып сайланған Төребай Әбдікәрімов бізге берген сұхбатында: «Ерікті болудағы негізгі мақсатым да, міндетім де қиналып жатқан қарапайым халыққа көмек қолын созу болды. Еріктілік тек қиналған жанға көмек колын созу ғана емес, туған еліңе, өскен өлкеңе ерікті түрде қызмет ету. Қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, көшеттер егу, табиғатты аялау сынды қарапайым жұмыстың барлығына еріктілер атсалысып, ерекше белсенділік танытады. Президентіміз өз сөзінде «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» деп атап өткен болатын. Сондықтан да, еріктілер жылы  жарияланғанда «Asar» еріктілер ұйымын құрдым. Ұйымның мүшелерімен бірге біршама жұмыстарды атқарып, халықтың алғысына бөлендік. «Харекет» қайырымдылық қорында қызмет етіп жүргенімде де талай тірліктердің басы-қасында болып, азаматтық міндетімді орындадым. Өзге де жастарды ерікті болуға шақырдым. Еріктілікпен қатар Түркістан облыстық «Тайқазан» қайырымдылық қорын аштым. Бірнеше жылдан бері осы қор аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін киім-кешек пен азық-түлік үлестіріп отырмыз. Осындай игі істерді атқарып жүріп, Президенттің «Халық алғысы» медалімен марапатталдым. Еліміздің үздік еріктілері қатарына қосылдым. Министрлік тапсырмасымен мен жайлы деректі фильм де түсірілді. Ауыл тұрғындары мені әкімдікке ұсынып, басым дауыспен әкім атандым. Мен үшін бұл марапаттардан да биігі – адамдардың алғысы мен сенімі. Қазіргі таңда, ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудемін. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттарға, мүмкіндіктерге қалай қол жеткізуге болатындығы туралы семинарлар өткізіп келеміз», деді. 

Жақсылық жасау, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға тіреу болу – кез келген жанның қолынан келетін іс. Тіпті, бұл қазақ халқының өмір заңдылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Мұны біз алыстан сұлбасы көрінген қарияның жүгін көтеруге асығатын баладан немесе жасы кішіге ізет білдіріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жастардан аңғара аламыз. Қазіргі таңда, жақсылық жасаудың осынау үлгісі мемлекеттік маңызға ие болып, оған үлкен мән берілуде. Сәйкесінше, қоғамда еріктілердің беделі де биіктей бастады. Оның дәлелі біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылының әкімі Төребай Әбдікәрімов. 

Ауыл әкімінің алдағы атқарар жүйелі жұмыстары мен жоспарларына сәттілік тілейміз.

А.РЫСБЕКҚЫЗЫ