Темірғали Көпбай – ҚазҰУ журналистика фаультетінің деканы

Қысқаша

Темірғали Көпбай – ҚазҰУ журналистика фаультетінің деканы

Белгілі ақын, ғалым Темірғали Көпбай қазақ журналистикасының қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика фаультетінің деканы қызметіне тағайындалды. 

Screenshot_16.jpg

Темірғали Көпбай ақын, ғалым, баспагер, журналист, ұстаз. Бірақ оған Алланың  әуелі берген қасиеті – өлеңі. Ол өмірдегі басты миссиясы – ақындық деп санайды. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері ол  «Қазығұрт» баспасында басшылық қызметте жүріп, ұлт руханиятына үлкен үлес қосты. Бұл туралы Темірғали Көпбайдың өзі «Менің тағдырымды өзгертіп, жұртқа танытқан, қоғамға пайдалы еткен – баспа. Баспагерлік менің кәсібім» дейді. 

«Қазығұрт» баспасында ширек ғасырға жуық уақыт ішінде мемлекеттің қолдауынсыз қазақтың талай ақын-жазушыларының кітаптары шықты. Қадыр Мырзалиевтің, Шерхан Мұртазаның, Тұманбай Молдағалиевтің, Қабдеш Жұмаділовтің  көп томдықтары жарық көрді. Кейінірек «Қазығұртта» қазақтың көптеген марғасқаларының, атап айтқанда Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Абайдың мұралары басылды. 

«Журналистика – кәсіп, ал кәсіп иесі нанына адал болуы керек»-деген Темірғали Көпбай Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдан бері ұстаздық етеді. Филология ғылымдарының кандидаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.   

Талай таланттардың тұсауын кескен, жалпы қазақ ғаламгерлерінің қара шаңырағы атанған факультетке жетекшілік жасау үлкен жауапкершілік. Темірғали Көпбайға жаңа қызметте жетістік тілейміз!