1993 жылы сәуірде 40-шы жалпыәскери армия базасында құрылған Қазақстанның Құрлық әскерлері – Қарулы күштердің құрамы жағынан ең көп әскер түрі. Бұл әскерлер агрессияны тойтару үшін жауынгерлік дайындықты сақтау, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету міндеттерін орындайды.
Құрлық әскерлерінің құрамына «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана өңірлік қолбасшылықтары кіреді. Өздерінің жауапкершілік аймақтарында олар жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарсыластың кез келген қимылына тойтарыс беруге әркез дайын.
Бүгінде Құрлықтағы әскер қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің заманауи үлгілерімен жабдықталған.
Қарулы күштердің бұл түріне мамандандырылған кадрлар даярлауды әскери оқу орындары жүзеге асырады. Офицерлер Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алып шығады. Кәсіби сержанттар болса, Ақмола облысы Щучинск қаласындағы әскери колледжде оқиды. Гвардейск гарнизонының оқу-жаттығу орталығында кіші мамандар даярланады.
Құрлық әскерлері қарулы күрес сипатының өзгеруін бағамдай отырып, оқу-жаттығу процесін ұдайы дамытып отырады. Мәселен, жауынгерлік даярлыққа жеке құрамды даярлаудың жаңа әдістері енгізілуде. Қару-жарақ паркі жаңартылып, әскери инфрақұрылым дамуда. Жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулардың сапасы мен саны артып келеді.
Құрлық әскерлері – тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен әскери қауіпсіздігін қорғайтын Қарулы күштердің толыққанды, ұтқырлығы жоғары, техникалық тұрғыда жарақтандырылған әскер түрі.