Қазақ елі тәуелсіздігінің мызғымас тірегі әлбетте ішкі татулығы мен қуатты әскері. Жауынгерлік рухымызды асқақтату жолында егемендік алғалы бері талай асулардан өттік. Әскерімізді нығайту масқатында айтарлықтай өзгерістер мен жағыртулар орын алды. Соның нәтижесінде әскеріміз заманауи үлгіде жарақталып, сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелеу жұмыстары үйлесімді жүргізіліп келеді. Еліміз меймандос бірақ қажет кезде өзін қорғауға қабілеті жететінін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі үлкен мінберлерден айтып отырады. Сондықтан Мемлекет басшысы бір сөзінде «Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын» деген еді.
Республиканың үшінші мегаполисінде де қорғаныс саласында маңызды шаруалар атқарылып жатыр. Әскери бөлімшелерде рухани-патриоттық бағытта түрлі шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мәселен Шымкент горнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалалық Оқушылар сарайында Қарулы Күштер қатарына қаланың 40 әскерге шақырылушысынан тұратын бірінші команданы шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Жас жауынгерлер Қонаев гарнизонында орналасқан десанттық-шабуылдау бригадасында әскери мамандық алады.
Әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салуға қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері мен интернационалист жауынгерлер кеңесінің төрағалары, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туысқандары қатысты.
Өз сөзінде қаланың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев әскерге шақырылушыларды өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталуымен құттықтап, барлығына мықты денсаулық пен жауынгерлік даярлықта табыс тіледі.
- Армия - әр жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасын, Отанын қорғауға дайын болуы керек. Сіздерге алдағы 12 ай болашақ өмірде де пайдалы болатын маңызды және пайдалы сабақ беретініне толық сенемін. Қызметтеріңіз адал және берекелі болсын, - деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
Құрметті қонақтар мен туыстардан басқа, әскери-патриоттық клубтар мен қаланың "Жас Сарбаз" жастар қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ гарнизонның әскери оркестрі болашақ жауынгерлерге қолдау көрсетуге келді. Олар Оқушылар сарайының тәрбиеленушілерімен бірлесіп концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Айта кетсек, бүгінгі таңда көктемгі шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ге жуық ер-азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына шақырылды. Жалпы, көктемгі шақыру науқаны үшін Шымкенттен 900-ге жуық жас жігітті әскер қатарына шақыру жоспарланған.
Алғашқы шақырылушылар әскерге аттанды
Шымкентте еліміздің барлық аймақтарымен қатарлас көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Үшінші мегаполистің бірінші тобы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарына аттанды. Мерзімді қызмет орындарына медициналық комиссиядан, жеке сұхбаттасудан және психологиялық тұрақтылығын анықтайтын сынақтарынан сәтті өткен 15 адам кетті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша шақырылушыларды шығарып салар алдында әскерге шақыру комиссиясының отырысы өтті. Отырыста жастардың қызмет ету себебі мен психологиялық көңіл-күйі тағы да нақтыланып, оларға Отан қорғаушылардың дәстүрлеріне адал болуларын және қызметтерін абыроймен атқаруын тіледі.
Әскерге шақыру комиссиясы, ең алдымен, техникалық мамандығы, жақсы физикалық дайындығы жақсы, денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамды және ең бастысы, әскерге баруға ниет білдірген шақырылушыларды бірінші кезекте қарастырады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Әжімұхан Шынтаев атап өткендей, шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Төрт ай ішінде Шымкенттен жоғарыда айтылғандай 18-27 жас аралығындағы 900-ге жуық ер-азамат әскерге шақырылады.
- Шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші кезекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері, содан кейін – Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жасақталады, - деп толықтырды полковник Әжімұхан Шынтаев.
Айта кетсек, еліміздің заманауи армиясында мерзімді әскери қызметті өтеу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған, бір жылға жалғасатын мерзімді қызметтері аяқталғаннан кейін, барлық сарбаздар жоғарғы оқу орындарына тегін түсуге және кәсіби әскери болуға мүмкіндік алады.
«Рөлдегі маскүнем-қылмыскер»
Қарулы Күштерде жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған алдын алу іс–шараларының жоспары негізінде, Шымкент гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінің жеке құрамымен «Рөлдегі маскүнем-қылмыскер» атты айлығы өткізілді.
Айлықты өткізу барысында Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімінің әскери автомобиль полициясы бөлімшесінің бастығы капитан Мейіржан Иристемовтың ұйымдастыруымен нарколог дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдерін шақыра отырып, әскерлерде маскүнемдіктің зияны туралы дәрістер оқылды.
Капитан Мейіржан Иристемовтың айтуынша, Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде 300-ден астам әскери қызметшілердің жеке көлігі бар, тағы 1000-ға жуығы сенімді басқару құқығымен көлік құралдарын басқарады, олар күн сайын жол қозғалысының белсенді қатысушылары болып табылады.
Сонымен қатар, автомобиль көлігі жоғары қауіптілік көзі болып табылғандықтан әскери қызметшілерге қоғамдық орындарда болу және көлікті мас күйінде басқару жауапкершілігі туралы ақпарат жеткізілді.
Профилактикалық іс-шаралар аясында әскери қалашықтарда және әскери бөлімдерге іргелес аумақта жарақаттану фактілерін алдын алу мақсатында жол белгілері жаңартылды, ал әскери қызметшілерге сақтануға тиіс ережелер, жолаушы ретінде жүргенде ЖКО салдарының ауырлығын азайтуға немесе оны болдырмауға бағытталған әрекеттер түсіндірілді.
Үздік әскери палуандар
Механикаландырылған бригаданың спорт кешенінде қазақша күрестен турнир өтті, онда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінен 32 палуан «Оңтүстік барысы» атағы және қазақ күресінен Қарулы Күштер чемпионатына жолдама үшін күреске шықты. Жарыста палуандар 80 келіге дейінгі және одан жоғары екі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша 80 килограмнан астам салмақ дәрежесінде 03811 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Ертуған Төрелов, ал 85395 әскери бөлімінің намысын қорғаған лейтенант Айбек Солтанханов жеңіл салмақта жеңімпаз атанды.
Ал үздік тәсіл жасағап және танытқан мәрттігі үшін 75263 әскери бөлімінің дене шынықтыру және спорт бастығы аға лейтенант Диас Габдулла жеке грамотамен марапатталды, ол үшінші орын үшін финалда 29108 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы қатардағы жауынгер Алишер Секенге өз еркімен жеңісін сыйлады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт қызметінің бастығы майор Мадьяр Бабаханов атап өткендей, жарыс пен барлық қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болды.
- Жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін сайыстар өңірлік қолбасшылықтың чемпионаттарында үлкен қарқын алуда. Жарысқа қатысушылардың саны ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілердің шеберлік деңгейі де артып келеді. Өскелең ұрпақ күрестің бұл түріне қызығушылық танытып отыр, - деп толықтырды майор Мадьяр Бабаханов.
Айта кетсек, турнир жеңімпазы Қазақ күресінен – «Әскер Барысы» Қарулы Күштер чемпионатына жолдама иегері атанды.
Әскери қызметке даярлық пысықталды
Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде алдағы уақытта жастарды әскерге шақыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары — қалалық шақыру комиссиясының төрағасы Қуаныш Асыловтың төрағалығымен өткен кеңесте 2023 жылдың көктемінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға даярлаудың негізгі мәселелері қаралды.
Жергілікті әскери басқару органдары, полиция, Денсаулық сақтау басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы, жастарды Қарулы Күштер, басқа да әскерлері мен әскери құралымдар қатарында әскери қызмет өткеру мәселесі талқыға салынды. Жауапты мамандар өз қызметтері бойынша баяндама жасады.
Өз сөзінде Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың негізгі міндеті жас сарбаздармен сапалы және уақтылы толықтыру болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, мемлекеттік органдардың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу бөлігіндегі жұмысына қатысты мәселелер қозғалды.
Кеңесті қорытындылай келе, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жауапты тұлғаларды әскери қызметке шақыру барысын бақылауды күшейтуге және азаматтардың шақыру комиссиясының отырыстарына келуін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды.
Ә.БАЛТАБАЙ