Жаңа Қазақстан - Жаңа әскери доктрина

Қысқаша

Жаңа Қазақстан - Жаңа әскери доктрина

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әскери салаға ауқымды реформа жасалатынын айтқан болатын.

Screenshot_15.jpg

«Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді.  Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс.  Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек. Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда. Стрес-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн. Соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспары әзірленіп, түзетіліп отыратын болады» деген еді Президент. 

Осыған орай 2022 жылы 15 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды.

Жаңа доктринада қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыру үшін арнайы операциялар күштерін дамыту және олардың басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимылын кеңейту көзделген.

Әскери доктрина – ғылыми негізделген, ресми қа¬былданған әрі ұзақ мерзімге арнал¬ған басқыншылықты тойтару, қорға¬ну, мемлекеттің соғысқа даярлығын, әскери саясаттың стратегиялық, техни¬калық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қа¬рас¬тыратын, болашақ мүмкін болар соғыс¬тардың мақсаты мен маңызын, мәнін айқындайтын көзқарастар жүйесі. Құжатта әскери міндеттердің шешілу тәсілдері белгіленеді, қарулы күштерді дамытудың әскери құрылысының бағ¬дар¬ламасын жүзеге асырып, әскери қауіп¬сіздікті қамтамасыз ету үшін саяси күш салу мен әскери құралдардың өзара әрекеті мен үйлесуі көрініс табады.

«Қазіргі заманғы әскери жанжалдардың ерекшеліктері арасында олардың белсенділігі, жылдам өтуі, әскери іс-қимылдарды жүргізу ауқымының, салаларының (ғарыш және ақпараттық кеңістік) кеңеюі, сондай-ақ қарулы күрестегі мемлекеттің күштері мен ресурстарының жоғары қауырттығы байқалады.

«Гибридті» күрес әдістерін қолдану үрдісі байқалады, олардың мақсаты қолайсыз сыртқы жағдайларды жасау және қарсы тұрған мемлекетте ішкі жағдайды тұрақсыздандыру болып табылады.

Әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мақсатында қарсы тұратын мемлекетті немесе өңір мемлекеттерін «қару-жарақ бәсекесіне» тарту, қарулы қарсы күресте олардың ресурстары мен мүмкіндіктерін сарқылту үшін әскери күш көрсету жүзеге асырылуы мүмкін» делінген құжатта. 

Дүние жүзінің мықты әскери сарапшыларының пікірінше, Қазақстан әскері ТМД мемлекеттерінің арасында үшінші орын алады. Бүгінгі таңда Ұлттық әскер заманауи үлгідегі техникамен жарақтанып, білікті әскери мамандармен қатары толығып келеді.

Бақылау тексерісін тапсыру аяқталды

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі хабарлағандай, Шымкент және Арыс қалаларында, сондай-ақ Жібек Жолы ауылында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасында қысқы оқу кезеңіндегі жауынгерлік даярлықтың нақты жай-күйін және жауынгерлік даярлық деңгейін анықтау үшін бақылау тексерісін тапсыру аяқталды. Оның барысында мыңдаған әскери қызметшілер бағаланды.

Screenshot_16.jpg

Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша әскери бөлімнің бөлімшелері штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы меңгерудің лайықты іскерлік деңгейі мен дағдыларын көрсетті.

Атап айтқанда, мотоатқыштар, танк, артиллерия, инженерлік бөлімшелердің әскери қызметшілері штаттық қару-жарақ пен атыс қаруынан бақылау ату жаттығуларын орындады, арнайы, тактикалық, техникалық, инженерлік дайындық, сондай-ақ радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және техниканы жүргізу бойынша нормативтерді орындады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының арнайы комиссиясы әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік дағдыларының деңгейін және бөлімшелердің үйлесімділігін, жауынгерлік кезекшіліктің жай-күйін, қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық жай-күйін бағалады.

Бақылау сабақтары, командалық-штабтық жаттығулар және тактикалық жаттығулар барысында барлық дәрежелі командирлердің бөлімшелерді басқару барысында әр-түрлі шешімдер қабылдау қабілетін де бағаланды.

Чернобыль құрбандарын еске алды

Шымкентте Чернобыль апатына 37 жыл толуына орай, Чернобыль ардагерлері одағының ұйымдастыруымен апат құрбандарын еске алу және ардагерлердің ерлігіне тағзым кеші өтті.


Чернобыль құрбандары аллеясында өткен іс-шараға Чернобыль апатының, Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ, «Семей сынақ», «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымдарының ардагерлері қатысты. 

Жиналған көпшілік апат салдарынан қаза болған сарбаздардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында сөз алған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов бұл күннің маңыздылығына тоқталып, белсенді ардагерлерді марапаттады. 

Бүгінде шаһарда Шымкент қаласы ҚР Қарулы күштер ардагерлер қоғамдық коолициясының ұйымдастыруымен тұрғындарға қол ұшын беру және патриоттық іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. 

Атап айтсақ, ұйым Қостанай облысындағы алапат өрт пен Мақтаралдағы су тасқыны кезінде тұрғындарға қол ұшын созып, белсенділік танытқан. Сондай-ақ іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қоғамдық бірлестіктер ардагерлерге сый-сияпат табыстады. Айта кетейік, 1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласында атом электр станциясы жарылып, оның зардабын жоюға Қазақстаннан 52 мыңнан астам әскерилер тартылған. Өкінішке орай, оның зардабын ардагерлеріміз әлі күнге тартып келеді. Бүгінгі таңда елімізде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан 2500 ардагер ғана қалған. Ел амандығы үшін тәуекелге бел буып, жанын қиған сарбаздардың ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады.

Құрлық әскерлерінің құрылғанына 30 жыл

1993 жылы сәуірде 40-шы жалпыәскери армия базасында құрылған Қазақстанның Құрлық әскерлері – Қарулы күштердің құрамы жағынан ең көп әскер түрі.

Screenshot_18.jpg

Бұл әскерлер агрессияны тойтару үшін жауынгерлік дайындықты сақтау, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету міндеттерін орындайды.

Құрлық әскерлерінің құрамына «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана өңірлік қолбасшылықтары кіреді. Өздерінің жауапкершілік аймақтарында олар жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарсыластың кез келген қимылына тойтарыс беруге әркез дайын.

Бүгінде Құрлықтағы әскер қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің заманауи үлгілерімен жабдықталған.

Қарулы күштердің бұл түріне мамандандырылған кадрлар даярлауды әскери оқу орындары жүзеге асырады. Офицерлер Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алып шығады. Кәсіби сержанттар болса, Ақмола облысы Щучинск қаласындағы әскери колледжде оқиды. Гвардейск гарнизонының оқу-жаттығу орталығында кіші мамандар даярланады.

Құрлық әскерлері қарулы күрес сипатының өзгеруін бағамдай отырып, оқу-жаттығу процесін ұдайы дамытып отырады. Мәселен, жауынгерлік даярлыққа жеке құрамды даярлаудың жаңа әдістері енгізілуде. Қару-жарақ паркі жаңартылып, әскери инфрақұрылым дамуда. Жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулардың сапасы мен саны артып келеді.

Құрлық әскерлері – тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен әскери қауіпсіздігін қорғайтын Қарулы күштердің толыққанды, ұтқырлығы жоғары, техникалық тұрғыда жарақтандырылған әскер түрі.

Сарбаздар үйіне оралды

Тағы 40 шымкенттік Ақтау қаласы мен Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында, Қарулы Күштер қатарында бір жыл қызмет етіп, үйлеріне қайтты. Екі пойызбен келген запасқа шығарылған әскери қызметшілерді теміржол вокзалында қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды және кездесуге тек туыстары ғана келген жоқ.

Screenshot_19.jpg

Пойыздар келген сәттен бастап «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының әскери оркестрі әуендерін ойнады, сарбаздарды полковник Әбдіғабит Шегебаевтың басшылығымен қаланың жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы, «Қарулы Күштер ардагерлері» қалалық кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев және ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бас маманы Абылайхан Әбдіәшім қарсы алды.

Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев жауынгерлерге жасаған қызметі үшін алғысын білдірді.

- Жауынгерлер еліміздің әртүрлі аймақтарында батылдық пен ерлік етіп әскери борышты орындаған үшін сіздерге алғыс айтам. Сіздер ересек, тәуелсіз болып оралдыңыздар. Ал оралуларыңызды барлық жақындарыңыз бен туыстарыңыз асыға күтті. Қызметтеріңіз үшін рахмет, - деді Шымкент қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Ә.ҚОНЫСБАЙ