Мақтааралдағы құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуда

Қысқаша

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен азаматтарға баспана тұрғызу жұмыстары басталып кетті.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен азаматтарға баспана тұрғызу жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде 40-тан астам құрылыс компаниясы Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар жерге үйлердің іргетасын қалауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

200510202516551e.jpg

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай тұрғын үйлердің құрылысына негізінен Мақтаарал ауданының тұрғындары тартылуда. Бұл шаралар тасқын болған елді мекендерде жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамтып, әлеуметтік жағдайын дұрыстау мақсатында қолға алынуда. Мырзакент іргесінде баспана құрылысын ерте бастаған компаниялардың бірі - «Стройконсалтинг» ЖШС. Бүгінде аталған компанияда 40-тан астам жергілікті құрылысшы еңбек етіп жатыр. Алғашқы 10 үйдің құрылысын маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«10 үйдің іргетасын құюға дайындықты бастап кеттік. Салынатын үй көлемі 100 шаршы метрді құраса, ені мен ұзындығы - 11х11 метр. Бүгін-ертең бетон құюға кірісеміз. Құрылыс жұмыстарына қажетті қол күшін негізінен Мақтаарал ауданының тұрғындарынан тартып жатырмыз. Құрылысшыларға жалақы істеген жұмыс көлеміне сай әрі кезең-кезеңімен тоқтаусыз төленіп отыратын болады. Ең бастысы мақсат - құрылысты сапалы аяқтап, елдің ыстық ықыласы мен алғысына бөлену», - дейді компания басшысы Талғат Оразұлы. 

Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Ердос Башаров та осында алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасқанын айтады. Ол осындай қиын қыстау кезеңде жақсы істің басы-қасында жүруді азаматтық борышым деп санайды. 

«Үкімет тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға арнап үй салып беріп жатқаны қуантады. Осы істің куәсі болып отырмыз. Бұл ретте, Мақтаарал ауданының жұмыссыз жүрген барлық жастарын құрылысқа атсалысуға шақырамын. Айлық уақытылы төленеді. Үш мезгіл тамағы да фирма атынан тегін қарастырылған. Ендеше, үйде қарап отырмай, Мырзакентіміздің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысайық», - дейді Ердос Башаров.

 Айта кетейік, Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар аймаққа алдағы уақытта 500 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.