Шымкент қаласындағы ірі көшелердің бірі Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 3-ші кезеңі бойынша орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылысы 2020-2021 жылдар аралығына жоспарланған нысандағы жұмыс барысын аралап көрді.
Жол құрылысы «КазахДорСтрой» ЖШС-не жүктелген. Үшінші кезеңнің жалпы ұзындығы - 6 жолақты 0,561 шақырым, жолдың ені - 42 метр.
Бүгінгі таңда екі бағытты айналма темір жолын, кәріз құбырын салу, кабель желілері, темір жол электр бағаналарын және жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, темір жол өткелінің свай құю, жер жұмыстары орындалды. Қазіргі уақытта тіреу қабырғаларын құю, инженерлік желілердің орнын ауыстыру мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру жұмыстары жүргізілуде.
Оң жақ тіреу қабырғаларының жұмысын жалғастыру үшін темір жолдан Бөгет көшесі дейінгі нысандарды мемлекет мұқтажына қайтару қажеттігі туындауда дейді салаға жауапты мамандар.
«Біз былтырғы жылы 15 қазанда тек қақпасын қойып бастағанбыз. Ал бүгін біз негізгі Д. Қонаев даңғылының ең үлкенін бітіріп жатырмыз. Енді қараша айында жоғарғы жағын айналма жолға береміз. Ал жалпы желтоқсан айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз»,- дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.
Айта кетейік, таяуда қала тынысы үшін маңызды болып табылатын Рысқұлов-Қонаев жолайрық құрылысы мерзімінен 1 жылға қысқарып, пайдалануға берілген болатын.