
Төлеби ауданы туристік инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде аудан аумағында жалпы саны 255 туристік-демалыс нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 5 шипажай, 4 спорттық-сауықтыру орталығы, 5 балалар лагері, 7 саумалмен емдеу-сауықтыру орталығы, 1 шаңғы базасы және 233 демалыс орны келушілерге қызмет көрсетіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді.
Солардың бірі –Алатау ауылында орналасқан «Piramida Tau» демалыс аймағы. Табиғат аясында жайлы тынығуға арналған кешен бүгінде өңірге келетін қонақтардың сүйікті орындарының біріне айналған.
Кешенде келушілердің қолайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Қонақтарға жайлы нөмірлер ұсынылып, олардың әрқайсысы ауабаптағышпен жабдықталған. Сонымен қатар кең терраса, монша және жылытқыш жүйесімен жабдықталған бассейн жыл он екі ай демалуға мүмкіндік береді.

«Piramida Tau» демалыс кешенінің басты ерекшелігінің бірі – ерекше сәулеттік шешіммен салынған пирамида үлгісіндегі ғимараты. Келушілер оның ішкі жабдықталуы мен жайлылығына жоғары баға береді. Кең әрі қолайлы демалыс аймағы әсіресе отбасымен, балалармен келетін қонақтарға арналған.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін кешен аумағында футбол алаңы қарастырылған. Осылайша «Piramida Tau» табиғаттың көркем көрінісі, заманауи инфрақұрылымы және жайлы қызмет көрсету деңгейін үйлестірген Төлеби ауданындағы тартымды туристік нысандардың бірі ретінде өңір туризмінің дамуына өз үлесін қосып келеді.
