
Төлеби ауданындағы туристік нысандардың бірі – қонақтарға жайлы демалыс пен сапалы қызмет ұсынатын «ALMA-TAU» заманауи тау курорты. Қаладан небәрі 40 минуттық жерде орналасқан демалыс кешені келушілерге табиғат аясында тынығып, таза тау ауасымен тыныстауға мүмкіндік береді.
Кешенде әртүрлі форматтағы демалысқа арналған орналастыру орындары қарастырылған. Қонақтар екі адамға арналған жайлы қонақүй нөмірлерінен бастап, үлкен компанияларға лайықталған жеке қоршалған VIP коттедждерге дейін өз қалауына сай таңдау жасай алады. Демалыс орындары заманауи талаптарға сай жабдықталып, жайлы әрі қауіпсіз демалысқа барлық жағдай жасалған.
Аумақтағы жеке коттедждер оқшауланған аумаққа орналасқан. Әр коттеджде екі кісілік төсек, жұмсақ жиһаз, теледидар, шағын тоңазытқыш, микротолқынды пеш, ыдыс-аяқ жиынтығы, электр шәйнек, фен, санитарлық торап пен жуыну бөлмесі қарастырылған. Қонақтардың сұранысы бойынша барбекю жабдықтары ұсынылады. Таңғы ас бөлме құнына енгізілген.

Отбасылық демалысқа арналған фин үлгісіндегі коттедж төрт адамға есептелген. Оның құрамында кең қонақ бөлмесі, екі жеке жатын бөлме және автокөлікке арналған жеке тұрақ бар. Барлық қажетті тұрмыстық техникамен және демалысқа арналған құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Кешен құрамында спортшылар мен туристерге арналған заманауи қонақүй де жұмыс істейді. 117 нөмірден тұратын төрт жұлдызды қонақүй бір мезетте 234 адамды қабылдай алады. Нөмірлер әмбебап төсек жүйесімен, сейфпен, кондиционермен, жұмыс үстелімен, теледидармен, тегін Wi-Fi желісімен, кофе мен шай дайындауға арналған құралдармен, дыбыс өткізбейтін терезелермен және барлық санитарлық қажеттіліктермен жабдықталған.

Сонымен қатар 58 адамға арналған қосымша қонақүй кешені де келушілерге қызмет көрсетеді. Нөмірлерде екі кісілік төсек, киім шкафы, сейф, шағын тоңазытқыш, фен, санитарлық торап және тегін интернет желісі қарастырылған.
Демалыс кешені тұрғындарды орналастырумен ғана шектелмейді. Мұнда түрлі салтанатты жиындар, мерекелік іс-шаралар мен корпоративтік кездесулерді ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар келушілерге алуан түрлі тағамдар ұсынылатын мейрамхана қызмет көрсетеді. Белсенді демалысты ұнататындар үшін спорттық және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылса, табиғат аясында тыныш тынығуды қалайтындар көркем тау көрінісін тамашалап, таза ауада серуендеуге мүмкіндік алады.

