Ғасырлар сырын сақтаған Төлеби

Қысқаша

Ғасырлар сырын сақтаған Төлеби

image.png

Төлеби ауданы – табиғаттың көркемдігі мен ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи-мәдени мұралары тоғысқан ерекше өлке. Мұнда келген әрбір саяхатшы тек тау мен орманның әсемдігін ғана емес, ежелгі өркениеттердің ізі қалған киелі мекендерді де тамашалай алады. Сондықтан аудан бүгінде табиғи туризммен қатар тарихи-танымдық бағыттағы саяхаттардың да маңызды орталығына айналып келеді.

Төлеби жері – тек осы өңірдің тұрғындары үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін қасиетті мекен. Бұл өлкенің әрбір тау-тасы, сай-жырасы, қыр-жотасы мен жазық даласы тұнған тарих. Ерте замандарда бұл өңірді қазақ халқының арғы бабалары саналатын Саңтар, Үйсін, Қаңлы және Оғыз тайпалары мекендеген. Сол дәуірлерден бүгінге дейін сақталған қолдан тұрғызылған төрткүл төбелер мен қорғандар ауданның тау етектері мен өзен жағалауларында әлі де кездеседі. Халық арасында оларды «Қарауылтөбелер» деп те атайды.

Ауданның шығыс бөлігін тұтастай алып жатқан Талас Алатауының батыс беткейінде ежелгі дәуірлерде суы сарқырап аққан, бүгінде құрғап, аңғары ғана сақталған көне өзен арналары да өткен заманның үнсіз куәсіндей әсер қалдырады. Мұндай аңғарлар Қайнар, Алатау, Керегетас және Диханкөл ауылдарының аралығында кең жағалы, терең арналы күйінде әлі күнге дейін сақталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл өзендер кезінде Сайрамсу өзеніне келіп құйған.

Ғалымдардың пікірінше, Алатаудың биік шатқалдарының етегінде орналасқан Сусіңген көлі де бірнеше мың жыл бұрын пайда болған табиғи су айдыны саналады. Аудан аумағындағы көптеген бұлақтардың бастауы осы көлмен байланыстырылады. Ал тау беткейлерінде жайқалған өсімдіктер, арша мен шырша ормандары, сондай-ақ жануарлар дүниесі де мыңдаған жылдар бойы табиғи қалпын сақтап келеді. Бүгінде осы бірегей табиғи байлықтарды Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көздің қарашығындай қорғап келеді.

Төлеби өңірі ислам өркениетімен сабақтас киелі орындарымен де ерекшеленеді. Мыңшейіт, Ақбура, Ғайып Ерен – Қырық Шілтен, Мейрам ана, Мансұр ата сияқты қасиетті орындар ғасырлар бойы халықтың рухани өмірінде маңызды орын алып келеді. Бұл нысандардың әрқайсысына қатысты мұсылмандық таныммен астасқан, қазақ дүниетанымына жақын көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Оның үстіне ауданмен іргелес жатқан сансыз баптар мекені Сайрам мен Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған деген аңызға арқау болған қасиетті Қазығұрт тауы да бұл өңірдің тарихи әрі рухани маңызын айшықтай түседі.

Тарих пен табиғат өзара үйлесім тапқан осындай қасиетті өлкеге жолыңыз түсе қалса, ғасырлар сырын сақтаған шатқалдар мен өзен-көлдерді, көне қорғандар мен киелі орындарды аралап, Төле би жерінің бай мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алыңыз.