Қырыққыз: қасиетті мекеннің қастерлі аңызы

Қысқаша

Қырыққыз: қасиетті мекеннің қастерлі аңызы

image.png

Төле би ауданы табиғатының әсемдігімен ғана емес, сан ғасырлық тарих пен аңызға тұнған киелі орындарымен де ерекшеленеді. Солардың бірі – Өгем өзенінің жағасында орналасқан, тас мүсіндерге айналған Қырыққыз ескерткіші. Бүгінде бұл мекен өңірдің танымал туристік нысандарының біріне айналып, табиғаттың ғажайып туындысын тамашалап, оған қатысты көне аңыздарды тыңдауға келетін саяхатшылардың қатары артып келеді.

Көнеден жеткен аңыздардың бірінде жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден жырақтағы Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп жүрген қырық қызды көріп, соңдарынан қуғаны баяндалады. Сонда қыздар Құдайға: «Елімізді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері тасқа айналыпты. Сол жер кейін Қаратас аталып кеткен деседі. Ал қыздардың өзі бір-біріне сәнімен тізілген ерекше тас мүсіндерге айналған екен.

Бұл тас мүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар тұсында, ауылдан шамамен 5–6 шақырым қашықтықтағы сарқырама жардың маңында орналасқан.

Қырыққыз туралы ел арасында тағы бір аңыз кең таралған. Онда ханның қыз ұзату тойы өтіп жатқан сәтте тосыннан жау әскері шабуыл жасап, ер-азаматтардың барлығын қырып салады. Мал-мүлікті олжалап, таңдаулы қырық қызды тұтқынға алып кетпек болғанда, қыздар қолдарын көкке жайып: «Жат жұртқа қор болғанша, сүйегіміз туған жерімізде қалсын, бізді тасқа айналдыр!» деп жалбарынады. Ақыры олардың тілегі қабыл болып, бәрі бірге тас мүсінге айналған деседі.

Бұл ескерткіштің тағы бір ерекшелігі – негізгі тас мүсіндерден сәл әріректе жеке тұрған бір тас бар. Оның шығу төркіні жөнінде халық арасында екі түрлі болжам айтылады. Бірінде ол – қыздарға жете алмаған күйеу жігіттің тасқа айналған бейнесі делінсе, екіншісінде қыздарды іздеп шыққан ақ кимешекті ананың мүсіні деп есептеледі. Сондықтан жергілікті жұрт бұл мекенді киелі орын санап, ерекше құрметпен қастерлейді.

image.png