
Заңның үстемдігі – әділетті қоғамның басты өлшемі. Ал азаматтың өз құқығын білуі мен оны заң аясында қорғай алуы құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші. Осы мақсатта «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласының Арбат алаңында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тегін заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған кезекті «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы әкімінің аппараты өткізген игі бастама халық пен мемлекеттік институттар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Акция барысында қала тұрғындары өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша тәжірибелі мамандардан тегін кеңес алып, заң аясында шешім табудың нақты жолдарымен танысты. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар және заң саласының өзге де мамандары қатысты. Олар азаматтардың әрбір сауалына заң талаптарына сәйкес түсіндірме беріп, нақты жағдайларға байланысты құқықтық көмек көрсетті.
Тұрғындардың басым бөлігі жер қатынастарына қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жер учаскесін алу кезегіне тұру, мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін алып қою, жерді заңдастыру, тұрғын үй кезегіне тұру және баспананы жекешелендіру тәртібі жөніндегі сұрақтар жиі қойылды. Мамандар бұл мәселелердің заңнамалық негіздерін жан-жақты түсіндіріп, азаматтарға құқықтарын қорғаудың заңды тетіктерін көрсетті.
Сонымен қатар тұрғындар қалалық инфрақұрылымды дамытуға қатысты өз ұсыныстары мен өтініштерін де жеткізді. Құқықтары қандай да бір деңгейде бұзылған азаматтар құқық қорғау органдарының өкілдерімен, адвокаттармен және заңгерлермен жүздесіп, өз мәселелерінің заң шеңберінде шешілу жолдары жөнінде кеңес алды.
Акция барысында еңбек қатынастары да назардан тыс қалған жоқ. Еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттануды азайту және жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы кеңестер еңбек құқықтарын қорғаудың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Халық заңгері» акциясы тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, азаматтардың өз мәселелерін заң аясында шешуге деген сенімін нығайтады. Өйткені құқықтық көмекке қолжетімділік – әділетті қоғам құрудың маңызды алғышарттарының бірі. Мамандардан тікелей кеңес алған тұрғындар өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді тетіктері туралы толыққанды ақпарат алды. Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда заңның әділ әрі бәріне бірдей қолданылуы шешуші рөл атқарады. Егер азаматтар заңның үстемдігіне сенсе, құқықтарының қорғалатынына көз жеткізсе, олардың мемлекетке деген сенімі де артады. Ал заңның селективті қолданылуы немесе құқық бұзушылыққа көз жұма қарау қоғамдағы құқықтық сананың әлсіреуіне әкеледі.
Сонымен қатар әрбір азамат өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінуі қажет. Құқықтық мәдениет – тек құқықты талап ету ғана емес, өз міндетін адал орындау, қоғамдық тәртіпті сақтау, салық төлеу, табиғатты қорғау, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу және өзгелердің заңды мүддесін құрметтеу. Заңға бағыну – қорқыныштан емес, саналы ұстанымнан туындағанда ғана қоғамда құқықтық тәртіп орнығады.
Кезекті акция қорытындысында 84 қала тұрғынына тегін заңгерлік кеңес берілді. Бұл – бір күндік көрсеткіш қана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұндай бастамалар халықтың заңдық сауаттылығын арттырып, азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етеді. Себебі заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін терең білетін қоғамда ғана әділет салтанат құрып, «Заң мен тәртіп» қағидаты өмірлік ұстанымға айналады.



