Сыбайлас жемқорлықтың алдын алған абзал

Қысқаша

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алған абзал

Screenshot_29.jpg

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – құқық бұзушылықтың салдарымен ғана емес, оның туындауына себеп болатын тәуекелдерді дер кезінде жоюдан басталатын жүйелі жұмыс. Осы мәселе Шымкент қаласында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында кеңінен талқыланды. 

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты арттыру мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді саралады. Күн тәртібіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық шектеулердің сақталуы, мүдделер қақтығысының алдын алу, ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықтық тәуекелдерді жою мәселелері қойылды. Бұл бағыттардың әрқайсысы мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен қоғамның билікке деген сенімін нығайтуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Комиссия отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен анықталған тәуекелдер туралы баяндап, оларды азайтудың тетіктеріне тоқталды. Жиында заңнамадағы жаңашылдықтарға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес, жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың, жекжаттардың және өзара байланысты өзге де адамдардың тікелей бағыныстылығына жол берілмейді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметте әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтып, мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған маңызды құқықтық қадам ретінде бағаланды.

Қала әкімі мемлекеттік қызметтің басты қағидаты – заң талаптарының бұлжытпай орындалуы екенін айтты. Ол мүдделер қақтығысының алдын алу жұмыстарын күшейтуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды және анықталған әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында әділ әрі объективті шешім қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларына өздеріне қарасты салаларда мүдделер қақтығысына жол бермеу, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау үшін мониторинг жұмыстарын жүйелеу және алдын алу шараларын күшейту міндеттелді. Басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды. Өйткені сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек бақылаушы органдардың емес, әрбір мемлекеттік орган басшысының тікелей міндеті. Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына тосқауыл болатын ең қауіпті әлеуметтік кеселдердің бірі. Ол тек заңды бұзу ғана емес, қоғамдағы әділдік қағидатын әлсіретіп, халықтың мемлекетке деген сенімін төмендететін жағымсыз құбылыс. Сондықтан жемқорлықпен күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Жемқорлық жайлаған қоғамда адал еңбек пен білімнің бағасы төмендейді. Қызметке қабілеті мен біліміне қарай емес, таныстық немесе заңсыз пайда арқылы орналасу қалыпты жағдайға айналады. Мұндай ортада бәсекелестік әлсіреп, талантты жастардың мүмкіндігі шектеледі. Соның салдарынан мемлекет сапалы кадрлардан айырылып, экономиканың дамуы баяулайды.

– Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыруға, цифрландыруды дамытуға және қоғамдық бақылауды күшейтуге басымдық беруде. Бұл шаралардың барлығы әділ қоғам қалыптастыруға бағытталған. Жемқорлықты тек заңмен ғана жеңеміз деп шектелу аздық етеді. Әрбір адамның бойында адалдық, жауапкершілік және әділдік құндылықтары қалыптасуы қажет. Отбасында берілген тәрбие, мектептегі білім және қоғамдағы құқықтық мәдениет жемқорлыққа қарсы иммунитеттің негізін қалайды, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Яғни сыбайлас жемқорлық – елдің дамуына, экономиканың өркендеуіне және қоғамның бірлігіне қауіп төндіретін қауіпті індет. Онымен күрес – әр азаматтың ар-ожданы мен азаматтық жауапкершілігінің өлшемі. Адалдық салтанат құрған қоғамда ғана заң үстемдігі орнап, халықтың мемлекетке деген сенімі нығаяды. Сондықтан әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейту – баршаның ортақ парызы.

Жиын барысында анықталған заңбұзушылықтарға жедел ден қоюмен қатар, олардың қайталануына жол бермейтін жүйелі алдын алу тетіктерін қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Себебі қазіргі кезеңде жемқорлықпен күрестің басты өлшемі – орын алған құқық бұзушылықтардың саны емес, олардың алдын алудың тиімділігі.

Отырыс қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға қабылданған ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жұмыстарының нәтижелілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Заң үстемдігі мен ашық басқару қағидаттарын орнықтыру – әділетті қоғам құрудың басты алғышарты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтып, елдің орнықты дамуына қызмет ете беретіні анық.