
Қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайларға жедел ден қою дәстүрлі тәсілдермен ғана шектелмейді. Заманауи технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысының қалаларды цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмалары Шымкент қаласында нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.
Соның бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттарын, яғни дрондарды қалалық қауіпсіздік жүйесіне енгізу. Бұл бастама «Қазақтелеком» АҚ-ы мен Шымкент қаласы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында қолға алынған. Жоба алғашында пилоттық режимде іске қосылып, өткен жылы бес дрон пайдалануға берілді. Олар арқылы 350-ден астам әуе мониторингі жүргізіліп, жаңа технологияның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді. Пилоттық кезеңнің нәтижесі дрондардың мүмкіндігі кең екенін көрсетті. Әуеден бақылау арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу, экологиялық ахуалды бақылау, заңсыз құрылыстарды анықтау және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл ретте дрондар мемлекеттік органдардың жұмысын алмастырмайды, керісінше олардың жедел әрі тиімді әрекет етуіне мүмкіндік беретін қосымша құрал ретінде қызмет етеді.
Осы тәжірибенің тиімділігі ескеріліп, биыл жоба кеңейтілді. «Smart Shymkent» аясында қосымша 16 заманауи дрон іске қосылды. Бүгінде олар стратегиялық нысандардың, мектептердің, мәдениет үйлері мен аркалардың шатырларына орналастырылып, қаланың барлық аумағында автоматты патрульдік бақылау жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл – «Қауіпсіз ел» қағидатын қалалық деңгейде іске асырудың заманауи көрінісі. Қоғамдық қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді инфрақұрылым мен технологиялық шешімдерге де байланысты. Дрондар полиция қызметкерлеріне бейнебақылау камералары қамтымайтын аумақтарды бақылауға, құқық бұзушылық белгілерін дер кезінде анықтауға және қажетті жағдайда тиісті қызметтерді жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Әсіресе саябақтар, скверлер, аулалар және халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті тұрақты бақылау азаматтардың алаңсыз жүріп-тұруына жағдай жасайды. Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда оқиға орны туралы ақпараттың тез алынуы құқық қорғау органдарының әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Демек, технологияның басты артықшылығы – қауіп орын алғаннан кейін әрекет ету ғана емес, оны алдын ала байқап, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік беруінде.
Дрондардың қолданылу аясы қоғамдық қауіпсіздікпен ғана шектелмейді. Олар сәулет және жер қатынастары саласындағы бақылау жұмыстарын да жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, рұқсатсыз салынған нысандарды, жер телімдерін заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуын бақылау жұмыстары жеделдейді. Бұл өз кезегінде заңбұзушылықтардың алдын алып, қаланың жоспарлы дамуына ықпал етеді.
Экологиялық қауіпсіздік бағытында да әуе мониторингінің маңызы ерекше. Заңсыз қоқыс орындарын, қоршаған ортаға зиян келтіру фактілерін анықтау және тиісті қызметтерге ақпарат беру мүмкіндігі кеңейіп отыр. Осылайша қоғамдық қауіпсіздік, экологиялық тәртіп және қала инфрақұрылымын қорғау міндеттері біртұтас цифрлық бақылау жүйесі арқылы өзара сабақтасуда.
Техникалық тұрғыдан алғанда, жаңа дрондар жоғары ажыратымдылықтағы камералармен, түнгі инфрақызыл бейнекамералармен және қуатты прожекторлармен жабдықталған. Бұл олардың тәуліктің кез келген уақытында, соның ішінде жарықтандырылмаған аумақтарда да тиімді бақылау жүргізуіне мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктер, әсіресе, төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде маңызды. Бүгінде қауіпсіз қала қалыптастыру жедел әрекет ететін қызметтердің ғана емес, алдын алу шаралары мен цифрлық технологиялардың үйлесімді жұмысына байланысты. Бірнеше мемлекеттік органның қызметін бір ақпараттық кеңістікте байланыстыру арқылы шешім қабылдау үдерісі жеделдеп, жауапты қызметтердің өзара іс-қимылы күшейеді.
Шымкентте қолға алынған дрондар жобасы осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Технологияның мүмкіндігін қоғамдық игілікке пайдалану арқылы қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік молайды. Ең бастысы – цифрлық шешімдердің барлығы адам қауіпсіздігіне қызмет етуі тиіс.
Қауіпсіз елдің негізі – қауіпсіз қала. Ал қауіпсіз қаланың негізі – жауапты азамат, тиімді мемлекеттік басқару және заманауи технология. Шымкенттегі әуе мониторингі жүйесі осы үш бағыттың тоғысып, нақты нәтижеге айналып келе жатқанын көрсетеді.
