Кооперативтер көптеп құрылуда

Қысқаша

Кооперативтер көптеп құрылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – маңызды міндеттің бірі екенін, сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынатынын атап өткен болатын. «Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Screenshot_33.jpg

Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді»,– деді Президент.

«Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өңірлерде қарқынды жүзеге асырылуда. Мысалы, Түркістан облысында пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал Жетісай ауданында төрт түлікті көбейтіп, ауыл шаруашылығына бет бұрған еңбеккерлердің қатары артып келеді. Қарақай ауылдық округының тұрғыны «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7 млн теңге көлеміндегі несиеге 30 сауынды сиыр сатып алған. Сөйтіп шағын отбасылық сүт фермасын ашып, жылына 33,5 тонна сүт сатуды жоспарлап отыр. Мал баққан соң, қазақтың ақбас сиырын өсірген тиімді екенін білетін шаруа алдағы уақытта асылтұқымды сиыр сатып алмақшы. Осылайша мүйізді ірі қара малдың өнімділігін арттыруды көздеп отыр. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бекітілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоба аясында несиелендіру көзделген 6 бағыттың бірі – балық шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ Үкімет басшысының қатысуымен Түркістан облысының Шардара қаласында кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдар басшылары бас қосып, балық саласының болашағын талқылаған-ды. Бүгінде нақты нәтижелер бар. Облыста жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде берілген жағдайда тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан аспақ. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Облыста өткен жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн теңге қарастырылған.