Түркістан облысындағы Төле би ауданындағы «Мейір Бейс» колледжінің жанынан құрылған волонтерлық ұйым 2016 жылдан бастап белсенді жұмыс атқарып келеді. Ауданда бұдан бөлек екі волонтерлік ұйым бар.
Ұйымға мүше ерікті жастар түрлі қамқорлық іс-шараларды өткізуде. Мысалы, жасы келген қарттардың үйіне барып, қолғабыс жасайды. Ауласын сыпырып тазалайды, қорасын реттестіреді, бақшасындағы қураған ағаштарын кеседі, түскен жапырақты жинастырады. Басқа да ауыр жұмыстарды атқаруға атсалысады. Қарт кісілердің үйлеріне барғанда еріктілер тек қана үй шаруасына көмектесіп қайтпайды, рухани байып, өнегелі әңгімелерін тыңдап қайтады. Аудан әкімдігі волонтерларға қолдау көрсетіп, рухани бағытта үлкен жұмыстарды бірлесе атқарып келеді. Аудан, қала әкімімен және жастар орталығының ұжымымен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, алдағы перспективалы жоспарлар талқыланып отырады. Экотуризмді дамыту мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, туристік орындарға арнайы маршурттар ұйымдастырылған. Жылақ ата мен Шілтер әулие сынды киелі орындарға еріктілер де барып тұрады. Тек өздері үшін емес, көргісі келетін туристерге де жол бастайды.
Ал Арыс қаласындағы ерікті жастардың «Бірлік» ұйымы өз жұмысын 2021 жылы бастаған. «Бірлік» еріктілер клубынан бөлек, «Қолғабыс» қоғамдық қоры ресми түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада орналасқан орта арнаулы оқу орындарында «Мейірім» және «АГТК жастары» сынды еріктілер ұйымдары бар. Арыс қаласына қарасты алты ауылдық округтерінде де еріктілер ұйымы жұмыс істейді. «Бірлік» еріктілер клубы көбінесе, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және тыл ардагерлерінің үйіне қолғабыс жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, жалғыз басты аналар, көп балалы аналар, жалғыз тұратын ата-әжелерге азық-түлік жағынан көмек көрсетеді. Олардың үйлерінің ауласын тазалап беру, басқа да ауыр жұмыстары болса, еріктілер барып көмектеседі. Қазіргі таңда «Бірлік» еріктілер клубының мүшелігінде 75-ке жуық жас бар. Олардың, 45-і тұрақты түрде ұйым жұмысына белсене араласады. Ұйым мүшелерінің қатысуымен, сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Әр айдың белгілі бір күнінде көмек қолын созу мақсатымен, көмекке мұқтаж жанның шаңырағында қолғабыс жұмыстары жүзеге асырылады. Қала көлемінде тойланатын айтулы мерекелерде ұйым мүшелері өз септіктерін тигізіп келеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін болдырмау мақсатында, Арыс қалалық полиция бөлімімен, желілік полция бөлімімен, Төтенше жағдайлар бөлімімен сабақтаса отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, еркін кездесулер өткізіледі. Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала деп есептейді ұйым мүшелері.