Мемлекет кепілдік берген заң көмегін түсіндіру және халықтың құқықтық деңгейін арттыру мақсатында Түркістан облысының Әділет департаменті кездесулер өткізуде. Мысалы, жуырда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер үйінде өткен кездесуде әділет органдарының қызметкерлері, адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылар, заң консультанттары 200-ге жуық азаматтың ішінде 60 қарияның мәселелерін тыңдап, олардың Заң аясында шешілу жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар тұрғындарға кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі және азаматтарға кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету – әділет органдарының маңызды бағыттарының бірі екендігі айтылды. Еліміздің әрбір тұрғыны азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процестер шеңберінде білікті заң көмегін алуға құқылы. Осы орайда мемлекет ел азаматтарына әділдік пен заң алдындағы теңдік қағидаттары негізінде бұл қолдауға кепілдік береді. Сондай-ақ Әділет органдары саласында бүгінде жаңашылдықтар бар екенін айта кетелік. Мысалы, биылғы 29 мамырдан бастап адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу мемлекеттік қызмет түрі толықтай автоматтандырылған түрде жүзеге асыру ережесі бекітілді.
Осы пилоттық жобаны іске асыру кезінде Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында ЖСО, нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары мен патенттік сенім білдірілген өкілдерді автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өткізу жобасы іске қосылды. Нәтижесінде маусым айында облыс аумағында нотариуске үміткер адамдардың 1-кезеңі бойынша 5 үміткер, жеке сот орындаушылардан 1 үміткер аттестаттаудан өткізілді. Сонымен қатар, ел аумағында сенімхаттарды онлайн куәландыру жұмысы іске қосылды. Осы бағытта сенімхаттарды онлайн куәландыру бойынша облыс аумағында 37 нотариус пилоттық жобаға қатысуда. Бұдан бөлек, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу мен азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша жаңашылдықтар енгізілді. Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараевтың мәлімдеуінше, департамент биылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 11 түрі бойынша 809 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыс көлемінде жеке және заңды тұлғадан жалпы – 2002, оның ішінде жеке тұлғадан – 1887, заңды тұлғадан 115 өтініш пен арыз-шағым түсіп, қаралған. Ал, жеке және заңды тұлғаның өкілдеріне 112 жеке қабылдаулар жүргізіліп, заңнамаға сәйкес тиісті түсіндірмелер берілген. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жалпы 74219 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Әділет департаментімен нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығымен іс жүргізу ережелерінің сақталуына және заң консультанттар палатасына қатысты 22 тексеру жүргізіліп, нәтижесі бойынша жыл көлемінде 6 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Түрлі негіздер бойынша 1 адвокаттың лицензиясы тоқтатылды. Бұдан бөлек, «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі бойынша Әділет министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысатын адвокаттардың саны 108-ге жетіп, жоспарда көрсетілген нысаналы индикаторға қол жеткізілген. Облыс көлемінде мемлекеттік сот орындаушылар саны – 13, жеке сот орындаушылары саны –147. Департаментке атқарушылық өндіріс мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардан жалпы 1471 өтініш түскен. Барлық өтініштер қаралып, оның 111-і негізді болып табылған. Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына 2023 жылы негізді өтініштер бойынша 111 ұсыныс енгізіліп, өңірдегі жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының тәртіптік комиссиясымен 69 жеке сот орындаушыға тәртіптік жауапкершілік шарасы көрсетіліп, 42 ұсыныс қаралу үстінде. Одан бөлек, биыл 78 жеке сот орындаушының жұмысына жоспарлы тексеру жүргізіліп, 62 тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныс енгізілді, ал 62 жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершілігі қаралу үстінде.