Елімізде ерекше қажеттілігі бар азаматтар санатына кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейту қажеттігін айтқан болатын.
Сондай-ақ Президент өз сөзінде кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керектігін атап өтті. Еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға, әлеуметтік қолдау шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. Шымкенттегі «Қамқорлық» №8 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінде 100-ге жуық бала қызмет алуда. Орталықта аутизм және аутистік спекторының бұзылыстары бар балаларға түзету-дамыту, қоғамға бейімдеу және әлеуметтік оңалту шаралары көрсетіледі. Білікті мамандар сөйлеу тілінің жалпы дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Мамандардың айтуынша, арнайы педагогтардың жеке және топтық жұмыстарының нәтижесінде балалардың визуалды қабылдауы, қарапайым қимыл-қозғалыстары мен дағдыларында оң өзгерістер байқалады. Логопедиялық жұмыстар жүргізу арқылы артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балалар дыбыстар мен жеке сөздерді анық айта бастаған.
Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 110 орынға есептелген мекеме жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгіде жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника және лего-бөлмелері, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген. Мұнда балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, медициналық тексеруден өтеді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға логомассаж тағайындалады. Сондай-ақ, балалармен аптасына 2 күн жеке жұмыс жүргізіледі.