Жұмыспен қамтуға септігін тигізуде

Қысқаша

Жұмыспен қамтуға септігін тигізуде

Биыл еліміздің ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны мәлім. Тұжырымдама аясында еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандырумен мемлекеттік қолдауды, оның ішінде азаматтарды ерікті түрде экономикалық өсудің өңірлік орталықтарынан шалғай және оқшауланған елді мекендерден инфрақұрылымы дамыған, жұмыспен қамту мүмкіндіктері көбірек тірек ауылдарға және өңірлік «өсу нүктелеріне» көшіру көзделген. 

Үкімет осылайша, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын аталған тұжырымдамамен сабақтастырып, кешенді түрде іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңірлерде халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге оң септігін тигізетіні анық. «Қуатты өңірлер – ел дамуының  драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын ерікті түрде қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын беру тетігі іске қосылды. Аталған сертификат тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе екінші деңгейлі банктерде алғашқы жарна ретінде пайдалану үшін қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй құнының 50 пайызы, алайда 4 млн теңгеден аспайтын көлемде беріледі. Бұл тетік қоныс аударушыларға тұрғын үйді өздігінен таңдауға және сапасыз үйлердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қоныс аударуды ынталандыру мақсатында оңтүстік өңірлерде солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерін тарта отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Мысалы, биыл Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында «AMANAT» партиясының филиалы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Премьер-министр жуырда солтүстікке қоныс аударушылар үшін агроөнеркәсіптік кешенде 20,2 мың жұмыс орны құрылатынын мәлім етті. «Өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыру үшін осы жылы 65-тен аса тауарлы-сүт фермасының, оның ішінде солтүстік өңірлерде 2 мыңдай жаңа жұмыс орнын құру арқылы 45 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жол картасы аясында 2026 жылға дейін қоныс аударушыларды қабылдау өңірлеріндегі агроөнеркәсіптік кешенде 20,2 мың жұмыс орнын құра отырып, 530 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген», – деді Үкімет басшысы.

Түркістан өңірінің еңбекқор халқы жері құнарлы, жұмыс көп, маман тапшы солтүстікке де тез бейімделіп жатыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 2015-2022 жылдар аралығында  өңірден солтүстік облыстарға 11 892 адам қоныс аударған.  Ал осы жылдың 5 айында облыстан  206 отбасы,  яғни 691 адам көшіп барған.