Инватакси қызметтерін ұсыну тетігі өзгереді

Қысқаша

Инватакси қызметтерін ұсыну тетігі өзгереді

Бүгінде мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін көрсету бойынша шешімін күткен мәселелер баршылық. Соның бірі – инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі. 

Screenshot_16.jpg

Осындай мәселелерді шешу және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп инватакси қызметтерін ұсыну тетігін өзгерту туралы шешім қабылдады. Нақтырақ айтсақ, елордада осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба басталып, оған «Яндекс» компаниясы қатысуға ниет білдірді. Жобаның ерекшелігі – қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі болады. Мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан шығуда қалай көмек көрсетуге болатын сияқты арнайы нұсқаулар алады. Бірінші кезеңде пилоттық жобаға Астана және Алматы қалалары қатысатын болады, ал оң нәтиже болған жағдайда бұл қызметті ел аумағында іске асыру жоспарлануда. Инватакси қызметінің қолжетімді болғанын түркістандықтар да қалайды.

Жалпы Түркістан облысында 95 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның 83 мыңнан астамы ересектер болса, 12 мыңнан астамы балалар. Облыста 10 мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, кәсіптік колледж және ардагерлер үйі бар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде порталдағы реестрде ымдау тіл маманы, жеке көмекшінің қызметін көрсету, оңалту техникалық құралдары және ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз ету бойынша 173 өнім беруші тіркелген. Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша 35 320 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, ол қажеттіліктің 77,5 пайызын құрап отыр. Жыл соңына дейін 90% қамту жоспарлануда. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік қызметтер мен құралдардың саны көбейген. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 641 объектіде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Облыста орналасқан барлық шипажайларда аталған санаттағы азаматтарға қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі және көрсетілетін медициналық қызметтерінің заңға сәйкестігі, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайлар жөнінде атқарылған жұмыстарды жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бірқатар шипажайлардың талапқа сай келмейтіндігі анықталған. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 28 шипажайға 13,5 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Ал 27 санаторий-курорттық емдеу басшылары еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті таныстырған ұйғарым бойынша 5,7 млн теңге айыппұл арқалаған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті 28 шипажайға 1,2 млн теңге айыппұл салып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қолдану үшін тексеру қорытындылары тиісті орындарға жолданды. Жыл басынан бері 927 азамат жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант алса, оның 160-ының мүгедектігі бар.