Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін, сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыратыны айтқан болатын.
Әрине масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды. Бұл орайда Президенттің «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі», – деп пікір білдірген-ді. Иә, мемлекет тарапынан алғашқы кезде қолдау болса, ешкімге масыл болмай кәсіпкерлікпен айналысып табыс табуға талпынатындар көп.
Сондай кәсіпкерлердің бірі – Түлкібас ауданы Майтөбе елді мекенінің тұрғыны Әлихан Габибуллаұлы. Негізгі мамандығы медицина қызметкері болса да, Әлихан химиядан хабары бар болғандықтан сабын шығаруды жөн көріпті. Бұл тек аудан үшін емес, облыста да жаңа бастама болғалы тұр. Отандық өнімін Шымкент, Тараз, Астана, Қызылорда, тағы басқа өңірлерге таратады. Сонымен қатар, сұйық сабын, киім, терезе, ыдыс, шаш жууға арналған сұйық сабын шығаратын бұл цехта 3 адам жұмыс істейді.
Ашылғанына көп болмаса да Әлиханның шағын цехынан шыққан тауарларға жергілікті тұрғындардың сұранысы күн санап артуда.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, кір сабын тек кір жуу үшін ғана емес, қолданылмайды. Оның басқа жағдайларда да пайдасы аз емес. Кір сабын – табиғи және экологиялық таза өнім. Кір сабын өсімдік және малдың іш майларынан, жоғары сапалы арнайы қоспалардан дайындалады. Сабын шығаратын цехты аралай жүріп байқағанымыз, қондырғылар қарапайым ғана. Газбен жылытылатын қазанда майды қыздырып, оған химиялық қоспаларды қоссаңыз болғаны – кір сабын дайын. Айта кетейік, сабын шығаратын станоктарды өздері құрастырған.
Осы кезге дейін қарапайым ғана сабынды өзге өңірлерден тасымалдап келдік. Ал, дәл қазіргі уақытта Түлкібас ауданындағы кір сабын өндіретін жалғыз цех осы Майтөбе ауылында жұмыс істеп тұр. Кәсіпкер шикізаттың барлығын өзі дайындап, цех жұмысын кеңейтуді көздейді. Одан бөлек, иіс сабын өндірісін де қолға алмақ. Расын айтқанда, елімізде тұрмысқа қажетті тауардың дені шетелдерден келеді. Бұл ретте жас кәсіпкер осы олқылықтың орнын толтырып, ішкі нарықта отандық брендті қалыптастырсам дейді.
Бүгінде елімізде өндіріс саласын жалға қоюды көздеген Әлихан Габибуллаұлы әр сабынды 110 теңгеден өткізуде. Кішігірім өндіріс орны тұрмыстық химия және автохимиямен айналысады. Тауардың ерекшелігі сол, шетелден келетін өнімнен құны әлдеқайда арзан. Мысалы, ыдыс жуатын су сабын 400-450 теңге болса, «Lady» ыдыс жуатын сұйық сабыны 250-300 теңге аралығында.
Әлихан осы кәсібін жолға қоюға 5-7 миллион теңге қаражат жұмсады. Егер отандық өнімдер мемлекеттік тапсырыс арқылы сатылымға шығарылатын болса, цех күніне 1500 сабын дайындауға қауқарлы.
Кір сабын өзінің күшті құрамымен ерекшеленеді. Матаның сапасына зардабын тигізбейді. Түрлі дақ пен кірді оңай кетіреді. Сабынның киімді ағартатын қасиеті де бар. Мақта жүнінен тігілген бұйымдар кір сабынмен тазартылғаннан кейін де жұмсақтығын жоғалтпайды. Бала киімін жуғанда да қауіпсіз. Өйткені, Түлкібастың кір сабыны балғын теріде аллергиялық реакция қалдырмайды.