Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ұсынылған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана екенін атап өткен болатын. «Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады», – деді Президент.
Жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент көтерген бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспар қабылданғанын хабарлады. Ерлан Қарин Президенттің Түркістанда сөйлеген сөзі ұзақ мерзімді перспективаға арналған және идеологиялық жаңа жалпыұлттық күн тәртібін белгілеп бергенін мәлім етті. Ал жоспарда «Балалар кітапханасы» бағдарламасын іске асыру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту, өскелең ұрпақты рухани тұрғыдан дамыту, отандық әдебиет пен кітап шығару ісін өркендету, Археология институтын жаңғырту, Қазақстан тарихына арналған академиялық көптомдықты жарыққа шығару, балалар мен жасөспірімдер және еріктілер ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалар бар. Сондай-ақ, жастар арасында құмар ойындар мен есірткі таралуының алдын алу, оған қарсы жүйелі күрес жүргізу және тағы басқа бастамалар жөніндегі шаралар қарастырылған.
Жоба арқылы 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген
2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беруге, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға және басқа да бағыттарға қосымша 2,2 трлн теңге қаражат бөлінген. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 млн-нан астам адамның табысы өскен. Соның ішінде, бюджет саласындағы 1,2 млн қызметкердің жалақысы 30%-ға дейін ұлғайтылды. 1 млн-нан астам жұмысшының жалақысы 10-нан 50%-ға дейін көтерілді. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23%-ға өсті. Студенттерге стипендия 20%-ға көтерілді. Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады.
Ал Түркістан облысында «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының» бір бағыты саналатын «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша облыс елімізде көш бастап тұр. Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Облыста бүгінде 3,6 млрд теңгенің жобалары мақұлданған. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады.
Әлеуметтік масылдыққа жол бермеу маңызды
Әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар, өкінішке қарай, баршылық. Яғни қоғамда үрдіс алған патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдыққа жол бермеу маңызды. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Бұл орайда азаматтардың ізденісі, еңбекқорлығы мен талпынысын қолдау ерекше рөл атқарады. Әлдебір өзгерісті күтіп немесе жеңіл жолмен жан бағып, масыл болғысы келмейтіндер жұмыстың көзін тауып табысқа кенелуде.
Мысалы, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы Ақ үй елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Е.Алтаев шаруасын 2 түйеден бастап, бүгінде түйе санын 25-ке жеткізіп отыр. Ойсыл қара бағуды отбасылық кәсіпке айналдырып, жұбайы тәулігіне 20 литрден аса қымыран әзірлеп, кәсіптерін дөнгелетуде. Түйе түлігі негізінен жайылымда өседі. Аса жоғары күтімді, құнарлы азық пен жылы қора-жайды аса қажет етпейді. Сондықтан бұл шаруашылықпен айналысу қолайлы. Ал №11-ші Түркістан колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы Байдалы Жадыра қымыздан балмұздақ пен сабын жасап шығарды. Жаңа жобаның мақсаты – қымыз балмұздағының биологиялық құндылықтарға бай және адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеу. Қымыз балмұздағының басқалардан айырмашылығы отқа дайындалады және оның құрамы өзгермей табиғи құндылығын сақтайды. Колледж оқытушысының айтуынша, сусынның құрамында түйіршікті ақуыздар бар, ол адам денсаулығына пайдалы табиғи иммундық қасиеттерге ие. Сонымен қатар ұстаз емдік пайдасы бар саумал қосылған сабын шығара бастады. Жобаны мемлекет қолдайтын болса, экоөнімдерді болашақта еліміздің өзге өңірлері мен шетелге экспорттауды жоспарлап отыр. Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Бүгінде облыста ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандардың тағы бірі – Сарыағаш ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Р.Кемелов наубайхана өндірісін жолға қойған. Кәсіпкер биыл сәуір айында мемлекеттік грант алып, «Пернебек ата» наубайханасын ашып, бүгінде нан өндірісін дамытып отыр. Күніне 100-ден астам нан жауып, сауда нүктелеріне таратады.
Ал Шымкент қаласында 200-ден астам көпбалалы ана жеке кәсіппен айналысуда. Түрлі кәсіпті дөңгелетіп отырған 200-ден астам көпбалалы ана осыған дейін аз қамтылған отбасылар санатында атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында оқу курсын аяқтаған соң үй жағдайында түрлі кәсіппен айналысып, табыс табуда. Тіпті курстан өткен 60-тан астам қыз-келіншек сұлулық салонын, тігін шеберханасын, массаж кабинетін ашып, бүгінде тұрмыстарын түзеген.
Мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақылары көбейді
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Аталған кодекс адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, онда туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде берілетін әлеуметтік көмек және жасы ұлғайған шақтағы қолдау көзделген. Енді әлеуметтік қолдаудың барлығы осы бір құжат арқылы реттеледі.
Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға да көп көңіл бөлінген. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақыларын көбейту. Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету. Ол үшін 1-шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтындарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға көбейді. Жыл басында жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға өскенін ескерсек, төлемдердің мөлшері жалпы 23%-ға артты. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтардың күтушілеріне еңбекақымен қоса зейнетақы жарналары төленіп, олардың толық зейнетақы алу құқығына ие болу мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен бірге осы санаттағы азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың ұсынысы бойынша: «Спина бифида» диагнозы қойылған 242 азаматты сапалы катетерлермен қамта-масыз ету мәселесі толық шешілді. Бұған қажетті 328 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Азаматтарға берілетін гигиеналық заттардың нормативі 2 есе артты. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылды. Менталды ауруы бар балаларды шипажайлық-курорттық емдеу Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, пилотты түрде жүргізілетін болады. Алдағы жартыжылдықта өңір басшылары осы санаттағы 1 126 баланы шипажайда емдеуді қарастырып, қажетті қаражат бөлінді. Инватакси мәселесін түпкілікті шешу үшін «Яндекс» таксимен келіссөз жүргізілді. Алматы мен Астана қалаларында осы платформаның қызметі мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болмақ.
Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген болса, жыл басынан бері олардан әлеуметтік қызметтер порталына 30 мыңға жуық өтінім түскен. Азаматтар арнайы портал арқылы протездік-ортопедиялық көмек құралдарына, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға, мүгедектерге арналған қол арба мен жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне, шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер бере алады. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер қызмет түрлерін қажеттілікке орай шалғай шағын аудандарға арнайы қатынап та көрсетуде.
Сондай-ақ Шымкентте 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінде 28 жұмыс беруші мекемеге 60 азамат жолданды. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту ісінде «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының үлесі орасан. Орталық мамандары ерекше азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қызмет көрсетеді. Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Олар әлеуметтік жұмыс орындары, атап айтқанда жастар практикасы, қоғамдық және алғашқы жұмыс орны, «Күміс жас» жобасымен орналасты. Сонымен қатар 737 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданып, 35 азамат жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік грант бойынша комиссияның қорытындысымен оң шешім алған.
Құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр
«Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың арасында заң сауатсыздығы кеңінен таралған, басқа сөзбен айтқанда, жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек», – деді Мемлекет басшысы жуырда полиция қызметкерлерімен өткен кездесуде.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттерге, мектептерге барып, заңдарды жастарға түсіндіруі керек екенін айтты. Әсіресе, заң бұзудың салдарын анық көрсетуі қажет. Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Осы орайда өңірлерде заңның қатаң сақталуы бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Түркістан облысында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытының облыс аумағында іске асырылуы және тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі бақылауға алынған. Превенция басқармасы талап етілген құжаттарды зерделеу жолымен бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Яғни аукцион өткізбей жер бөлу, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер беру, конкурстар өткізу, бизнесті жүргізу үшін алынған жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жер құқығын беруден бас тартуда және тағы басқа да қызметтерде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Аудан және қала әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары кәсіпкерлік субъектілері бар басқа жер учаскелеріне жаңа кадастрлық нөмірлер бере отырып, жер учаскелерін бөлу бойынша заңсыз іс-әрекеттер жасауға мүмкіндік беретін жемқорлық тәуекелдеріне жол берген.
Осы орайда Қылмыстық кодекске параны сұрағаны және талап еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін жаңа 366-2-бабы енгізілетінін айта кетелік. Ашық НҚА порталында жарияланған кодекстің жаңа редакциясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай бастама көтерген. «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін өзіне немесе басқа адамдарға параны сұрауы немесе талап етуі – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 000 АЕК-ке (6 900 000 мың теңге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған кодекстің жаңа редакциясында. Алайда, пара талап еткен адам өзінің әрекеті туралы құқық қорғау органдары мұны әшкерелемей тұрып хабарласа, жазаға тартылмайды. «Пара беру өтінішін немесе талабын білдірген адам, егер ол құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға осы факті туралы аталған органдарға мәлім болғанға дейін параны сұрағаны немесе талап еткені туралы өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады», – делінген құжатта. Құжат 17 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.
Еріктілер үлгі көрсетуде
Өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосып келе жатқан еріктілер патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетуде. Айналаны қоқыстан тазартып, жастарды салауатты өмір салты мен өздері тұратын аулаларды таза ұстауға баулу еріктілер атсалысып келе жатқан игі істердің бірі ғана.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Bіrgemіz: Тaza Aula» жалпыұлттық жобасы аясында ерікті жастар жуырда А.Байтұрсынов пен Түркістан көшесі қилысының аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Еріктілер аулалар ішін шашылған қоқыстардан тазартып, арнайы қоқыс жәшіктеріне тастады. Жалпы елімізде көп іске бастамашы болып, замандастарныа үлгі көрсетәп жүрген жастар аз емес. Мысалы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Айдарлы елді мекенінде ауыл жастарынан құрылған еңбек бригадасы егін даласында жұмыс істеп жүр. Бүгінде еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жастар жұмыс істейді. Ауыл жастарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Мәселен, тегін уақытша жер беріліп, демеушілік есебінен жер жырту, егін алқабын қоршау және жанар-жағармай отынымен толыққанды қамтамасыз етілген. Ауданның еңбекқор жастары бүгінде 35 гектар картоп дақылын және 25 гектар жерге бақша дақылдарын еккен.
Д.НҮРКЕНҰЛЫ