Күні кеше Түркістанда өткен Ұлтық құрылтайдың екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажеттігін, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керектігін айтты.
«Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», – деді Мемлекет басшысы.
«Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Ұлттық құрылтайда Қазақстан заңнамасының үнемі өзгеріп күрделене түсуі халықтың құқықтық сауатсыздығына әкеп соғатынын айтып өтті. Қаржы пирамидаларымен, интернет-алаяқтықпен, санкцияланбаған митингілерге итермелеу сияқты оқиғалар мемлекеттің халықты құқықтық жалпыға бірдей оқыту бойынша жұмысының өте төмен деңгейде екенін көрсетеді. «Соттардағы даулар саны ұдайы өсіп келеді, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың жоғары деңгейі және азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларындағы кемшіліктер алаңдаушылық туғызады. Мұның бәрі құқықтық ағарту және халықпен кері байланыс саласындағы барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруін жетілдіруді талап етеді. Халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамыту процесі мемлекет пен ұлттық қауіпсіздіктің ең әлеуметтік маңызды мәселелерінің бірі болып табылады, өйткені ол азаматтық қоғам мен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді. Құқықтық сауаттылықтың өсуі қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің дәрежесін төмендетуге мүмкіндік береді, ал азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын сот арқылы және өзге де тәсілдермен құқықтарын қорғап білікті түрде іске асыра алады», деді қоғамдық бірлестік төрағасы. Бұл орайда ол бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. «Халықты құқықтық жалпыға бірдей оқытудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесін құру және осы құқықтық түсіндіру жұмысына құқық саласындағы құзыретті мамандарды: отставкадағы судьялар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, адвокаттар және заң консультаттарын тарту қажет деп санаймын. Өз тарапымыздан халықты құқықтық ағарту жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеуді ұсынамыз», деді С.Ақылбай. Сондай-ақ ол әлеуметтік жарнама, әлеуметтік желілер және кинофильмдер арқылы құқықтық тәрбие сюжетін насихаттау, әркімнің құқықтық жалпыға бірдей білім алуына қол жеткізу қажеттігін айтты.