Тоқта, ойлан, тексер: Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз

Қысқаша

Тоқта, ойлан, тексер: Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз

Еліміздің үшінші мегаполисі, Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты іс-шаралар арқылы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қоғам қауіпсіздігі десе тек көшедегі тәртіп, жол қозғалысы немесе тұрмыстық қылмыстар еске түсетіні рас.

image.png

Бірақ бүгінгі таңда қауіп физикалық ортадан виртуалды кеңістікке ауысып барады. Терезенің ар жағында емес, қалта телефонның ішінде отырған қаскөйлер адамның ақшасын ғана емес, сенімін, жеке өмір құқығын, тіпті ертеңгі күнге деген тұрақтылығын да ұрлай алады. 

Осындай заманауи қатерлер күшейген кезеңде Шымкент қаласында кибералаяқтықтың алдын алуға бағытталған ірі форумның өткізілуі, әлбетте жай шара емес, «Заң мен Тәртіп» идеологиясының жаңа деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі. «Өзіңді алдауға жол берме» деген ұранмен өткен бұл форум азаматтарды тек құқықтық жағынан емес, ақпараттық тұрғыдан да қорғаудың маңызын көрсетіп берді.

Форумды ұйымдастырған Шымкент қаласының тәртіп сақшылары. «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты кең ауқымды іс-шара қоғамды жаңа қауіптерге қарсы жұмылдыруға бағытталды. Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, ІТ-мамандар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, жастар, еріктілер және түрлі сала өкілдері қатысты. Соңғы жылдары кибералаяқтықтың түрлері күрделеніп, көбейіп, адамдарды алдау тәсілдері жаңа деңгейге өткендіктен, бұл істің маңыздылығы ерекше артты. Сол себепті форумның бастау алған сәтінен-ақ залдағы ахуал жай пікірталас емес, нақты қауіпке қарсы нақты шешім ізделетін алаң екенін көрсетті.

Форумның алғашқы бөлігі ІТ-жабдықтар мен робототехниканың соңғы жетістіктерінен құралған көрме болды. Заманауи дрондар, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін құрылғылар, деректерді қорғауға арналған аппараттық кешендер, оқушылар жасаған роботтар барлығы киберкеңістіктің ғана емес, технологиялық мәдениеттің де дамып келе жатқанын айғақтады. Көрме тек техникалық жетістіктерді көрсету үшін емес, қоғамға бір маңызды ойды жеткізді: алаяқтар технологияны дамытып жатқанда, азаматтар да соған сай қауіпсіздік дағдыларын жетілдіруі тиіс. Жаңарған технология екі түрлі қызмет ете алады. Бірі адам өмірін жеңілдетеді, екіншісі оны алдап-арбап, қиындыққа салуы мүмкін. Сол себепті көрме форумның мазмұндық бөлімі үшін жақсы кіріспе болды.

Форумның келесі ерекше элементі – театрландырылған көрініс. Сахнада кибералаяқтықтың күнделікті өмірде қалай болатыны, қарапайым адам қандай сәтте алданып қалатыны, эмоцияға ерік беріп, шұғыл шешім қабылдағанда қандай қателіктер жіберетіні көркем түрде көрсетілді. Көпшілік мұндай көріністерді өмірде талай көрген болуы мүмкін, бірақ сахнада нақты әрі әсерлі мысалмен көрсетілгенде, мәселенің қаншалықты күрделі екені айқынырақ сезіледі. Көріністе алаяқтардың қолданатын айла-шарғылары, жалған банк қызметкері ретінде хабарласуы, таныс адам боп жазуы, оңай пайда ұсынуы бәрі өмірден алынған шынайы кейіпте көрсетілді. Көрермендер бірнеше рет үнсіз қалып, бір сәтте өздері таныған сценарийлерді көргендей болды. Бұл түсіндірудің ең тиімді тәсілдерінің бірі адам тек тыңдағанда емес, көргенде ойланады.

Форум барысында сөз алған спикерлер интернеттегі қауіптің тек техникалық емес, психологиялық жағы басым екенін айтты. Олар азаматтардың көп жағдайда өздері сенгіштігінің кесірінен алданатынын ашық жеткізді. Алаяқтардың арбауына түсу адамның ақылсыздығы емес, оның адамдығын, сенімін, эмоциясын пайдалану. Сол себепті кибералаяқтыққа қарсы ең басты қорғаныс – ақпараттану, сақтық және цифрлық сауаттылық. Құқық қорғау органдарының өкілдері интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін, ондай қылмыстарға жазаның қатаң екенін түсіндірді. Сөз арасында алаяқтардың ізін жасыру тәсілдері де айтылады: жалған нөмірлер қолдану, VPN сервистер арқылы жасырыну, фишингтік сайт ашу, жалған төлем деректерін жіберу, жалған курьер болу, психологиялық қысым жасау – мұның барлығы бүгінгі интернеттегі қылмыстың қалыпты «арсеналына» айналған.

Сонымен қатар, форумның ең әсерлі тұстарының бірі – «Мошенники» фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық актёр Рүстем Омаровтың видеоүндеуі болды. Экраннан актердің таныс дауысы естілгенде, залда тыныштық орнады. Рүстем Омаров өз үндеуінде әр азаматты сақ болуға, кез келген күмәнді хабарламаға бірден сенбеуге, тез шешім қабылдауға итермелейтін ұсыныстардан бас тартуға шақырды. Ол цифрлық сауаттың дамуы бүгінгі қоғамның қауіпсіздігі екенін атап өтті. «Өзіңді алдауға жол берме» деген форум тақырыбын актер ерекше мәнермен жеткізіп, оның маңызын тағы бір мәрте айшықтады. Видеоүндеу тек ақпарат емес, эмоционалдық әсер берді: көрермендер оның әр сөзінен шындықты сезді.

Форум барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы бейнеролик көрсетілді. Онда фишингтік сайттар, банктік деректерді ұрлау схемалары, жалған инвестициялық платформалар, қаржы пирамидалары, жұмысқа алу желеуімен халықты алдау, әлеуметтік желілерде аккаунт бұзу тәсілдері және жалған сыйлықтар мен ұтыстар арқылы алдау сияқты әдістер толық түсіндірілді. Бейнероликте нақты мысалдар, аудиохабарламалар, чат үзінділері қолданылып, азаматтардың жиі алданып қалатын тұстары айқын көрсетілді. Бұл ақпарат көп адамның көкейінде «Мен де осылай алданып қалар едім» деген ой қалдырды.

Спикерлер киберқылмыстардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан ресми шаралар жайлы да кеңінен айтып өтті. Олар полицияның арнайы бөлімшелері алаяқтардың әрекетін бақылап, деректерді талдап, қылмыс жасаудың жаңа үлгілерін зерттейтінін жеткізді. Алайда полицияның жұмысы көп жағдайда алаяқтық жасалғаннан кейін басталатынын, ең басты шешім алдын алу екенін ескертті. Алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашатынын, мессенджерлерде азаматтарды шатастыратын сілтемелер жіберетінін, танымал сервистердің атын жамылып жалған сайт ашатынын, тіпті мемлекеттік органдардың атымен хат жолдайтынын атап өтті. Сол себепті кез келген хабарламаға күдікпен қарау қауіпсіздіктің ең қарапайым әрі тиімді тәсілі.

Жиын соңында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Бұл бөлік көптеген адам үшін ең маңыздысы болды. Тұрғындар жеке мәселелерін, өздері тап болған күмәнді жағдайларды, көрген-түйгендерін мамандарға бірден қою мүмкіндігіне ие болды. Полиция қызметкерлері әрбір сұрақты мұқият тыңдап, интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін нақты түсіндірді. Қажет болса, құқық қорғау органдарына қалай шағым түсіру керек, қандай деректерді сақтау маңызды, қандай нөмірге хабарласу қажет барлығы қарапайым тілмен, түсінікті форматта жеткізілді. Бұл қабылдау алаңы тұрғындардың сенімін арттырып, олардың құқықтық мәдениетін көтеруге айтарлықтай әсер етті.

Шымкенттегі бұл форум жай ақпараттық жиын ретінде өткен жоқ. Ол цифрлық қауіптің қоғамдағы рөлін, оның қаншалықты кең әрі қауіпті екенін баршаға көрсеткен маңызды стратегиялық шара болды. «Заң мен тәртіп» идеологиясы бүгінде тек көшеде күзетілетін қауіпсіздікті білдірмейді; ол интернет кеңістігіндегі тәртіп пен қорғауды да өзіне қосады. Цифрлық қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі. Форум дәл осыны түсіндіре алды. Адам өзін қорғауды үйренсе, қоғам да қауіпсіз болады. Тәртіп сақшыларының мақсаты – азаматтарды қорқыту емес, керісінше ақпараттандыру, нығайту, сақтыққа шақыру, қала берді тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бүгінгідей цифрлық заманда ең әлсіз тұс – адамның эмоциясы. Алаяқтар соны пайдаланады. Сондықтан форумда айтылған ең маңызды ой: тоқта, ойлан, тексер. Бір сәттік шешім үлкен шығынға апаруы мүмкін. Ақша жоғалуы бір мәселе, бірақ адамның сенімі жоғалса, ол одан да ауыр. «Өзіңді алдауға жол берме» деген ұран тек форумның тақырыбы емес, бұл телефон қолданатын әрбір адамның күнделікті өмірлік ұстанымы болуы тиіс.

Шымкенттегі форум азаматтарды ақпараттандыру арқылы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты қадам болды. Бұл шара қаладағы мыңдаған адамның санасына қауіпсіздікті жаңа қырынан түсіндірді. Технология дамыған сайын қылмыс та түрленеді. Бірақ ақпараттанған қоғамды алдау қиын. Сондықтан дәл осындай форумдар цифрлық дәуірде қоғамның иммунитетін қалыптастыратын ең тиімді құралдардың бірі болып қала береді. Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мұндай жиындар, тұрғындар арасындағы түсіндірме жұмыстары, ақпараттандыру, хабарлау алдағы уақытта да жалғасын таба береді дейді. Бастысы, алаяққа тап болып, барыңызды айырылып қалмаңыз! Өзімізді алдауға жол бермейік!

Аида ӨТЕП