Мақсат – құқықтық сананы өсіру

Қысқаша

Мақсат – құқықтық сананы өсіру

Елімізде қолға алынған үлкен бастаманың бірі – «Заң мен тәртіп» қағидатының арқасында қоғамда тәртіпсіздік азайып адамдардың құқықтық санасы өсіп келеді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдары мен әкімдік бірлесіп, маңызды іс-шараларды қолға ала бастады.

image.png

Мысалы, ұйымдастырушылар түрлі басқосу жиындар, конференция семинарлар арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Қоғамда заңды білетін адам көп болса, тәртіпсіздік, қылмыстар азаятыны мәлім. Әсіресе өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығының жоғары болуы өте маңызды. Өйткені жастар елдің ертеңгі болашағы.    

Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша қала мектептерінде түсіндіру жұмыстары мен жастар арасында түрлі шаралар жүйелі түрде өтіп жатқаны белгілі. Жуырда осы бағыт аясында Шымкент қаласындағы №65 мектепте 8–11 сынып оқушылары арасында мазмұндама жазылды. Шараға 1200-ден астам оқушы қатысып, тақырыпты өз түсініктері мен түйген ойлары арқылы қағаз бетіне түсірді. Бұл арқылы мектеп жасындағы балалардың құқықтары мен міндеттерін қаншалықты меңгергенін бағалауға мүмкіндік туды. Жалпы, қазіргі жастар өз құқықтарын жақсы біледі.

– Полиция және балалар қауіпсіздігі – іс-шараның негізгі өзегі. Басты мақсат – оқушылар бойына қажетті дағды мен құндылықтарды сіңіру, жауапкершілікке баулу. Өйткені кез келген қауіпсіздік ең алдымен адамның өзі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуден басталады. Мазмұндама жұмыстарында ұлы тұлғалардың, шығыс ойшылдарының қанатты сөздері де кеңінен қолданылған. Солардың ішінде «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңді өзгерт» деген даналық сөз оқушылардың ойына ой салып, мінез-құлықтың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Осындай алдын алу шаралары балалардың бойында құқықтық мәдениеттің артуына оң әсер етеді, – дейді мектеп директоры Алмас Қайыпов.

Оқушылар шараға белсенді қатысты. 9-сынып оқушысы Көркем Дәуіт мазмұндамасында «заң мен тәртіп» ұғымдарын өзінше талдап, құқықпен қатар әр адамның міндеті де бар екенін ерекше атап өткен. Оның жазуынша, қауіпсіз орта – бұл бір-бірін құрметтейтін, ережені сыйлайтын, өзгеге зиян келтірмеуге тырысатын орта. Көркемнің айтуынша, тәртіп бар жерде ғана тыныштық пен әділдік орнайды. «Сондықтан әр бала өзінен бастап қоғамға пайда тигізуге ұмтылуы керек», деп жазады жеткіншек.

Айта кетейік, дәл осындай мазмұндама жазу шарасы қаладағы №46 мектепте де өтті. Онда да оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, құқықтық мәдениет туралы түсініктерін кеңейтті. Оқушылардың белсенділігі бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетті.

Мемлекетке тұрақтылық пен берекелі даму әкелетін басты ұстанымдардың бірі – заң мен тәртіптің берік сақталуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, барлық құзырлы органдардың жұмысы ортақ көзқарас пен ортақ ұстанымға негізделуі тиіс. Бұл ең алдымен құқық бұзушылықтың кез келген түріне жол бермеуді және заңсыздыққа қарсы жүйелі түрде қарсы тұруды талап етеді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету – азаматтардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де тікелей ықпал ететін маңызды фактор.

Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл қағида мемлекеттіліктің мызғымас тұғыры ретінде айқындалды. Қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты сақтау бағытындағы жаңа тәсілдер мен цифрлық шешімдер елдің құқықтық мәдениетін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да «Заң мен тәртіп» қағидаты мен оның қоғамға пайдасы жөнінде және сол бағытта нақты қандай шаралар қабылданып, іске асырылуы керектігі жайында айтып өткен болатын. «Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз. Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.  Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек»,– деген еді Президент.

«Заң мен тәртіп» қағидасы – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры болып табылады. Қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңбұзушылыққа жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қорғау үшін барлық құзырлы органдардың үйлестірілген қызметі маңызды. Мемлекет құқықтық мәдениетті нығайтуға, құқық бұзушылықты алдын алуға және заң талаптарын толық орындауға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Заңның үстемдігі қоғамдағы әділеттілікті, азаматтардың құқықтарын қорғауды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның әрбір мүшесі ұстануы тиіс. Бұл – құқықтық мемлекет құрудың, қауіпсіз орта қалыптастырудың және азаматтардың сенімін арттырудың кепілі болып табылады. Осы орайда қыс мезгілі басталған уақытта адамдардың ең басты сақтайтын ережесі мен тәртібі газ қондырғыларын дұрыс пайдалануы да назардан тыс қалатын мәселе емес.  Ол ең біріншіден адамның жеке өмірі үшін қажет. Сондықтан мемлекет газбен жылыту қондырғысын ережеге сай пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Жасыратыны жоқ жылыту маусымы кезінде түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатады.  Егер осы тұста халық жылыту пешін қолданудың өзіндік тәртібі мен ережесін қатаң сақтаса мұндай оқиғалар орын алмаған болар еді. Бұл ретте Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын тұрғындар есіне салды. Қауіпсіздік ережелерін дұрыс орындау – оқыс оқиғалардың алдын алып, әр отбасының амандығын қамтамасыз ететін ең маңызды қадамдардың бірі.

Мамандардың айтуынша, газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарының техникалық жай-күйін уақытылы тексеріп отыру – қауіпсіздіктің басты талабы. Газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасаспай, оны пайдалануға тыйым салынатыны да ерекше назарда болуы тиіс. Сондықтан жоспарлы тексерулерді дер кезінде жүргізіп, жабдықтардың жарамдылығына көз жеткізу маңызды. Үй ішінде желдетуді қамтамасыз ету де аса қажет. Газ плитасын жылыту құралы ретінде қолдану – газдан улануға және ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Ал егер үйіңізде бөтен газ иісін сезсеңіз, бірден «104» нөміріне хабарласу керек. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, газдан улану мен жазатайым жағдайлардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, жауаптылар газ жабдықтарын пайдалану талаптарын бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 306-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Бұл орайда Еңбекші ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді алдын алу шаралары ұйымдастырылған. Аудандық төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері мемлекеттік өрт бақылау басқармасымен, аудан әкімі аппаратымен және газ-техникалық инспекция мамандарымен бірлесе отырып, Көксай-1, 2, 3, Орманшы, Айнатас және Шаңырақ тұрғын алаптарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мамандар ең алдымен «Өрт қауіпсіздігі» және «Улы газдың алдын алу» бағыттары бойынша тұрғындарға жан-жақты ақпарат беріп, тұрмыста жиі кездесетін қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Әсіресе, жеке тұрғын үйлерде қолданылатын жылыту пештерінің дұрыс жұмыс істеуі, мұржалардың уақытылы тазалануы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелмеуі және газ құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптары кеңінен пысықталды. Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындармен өрт шыққан кездегі алғашқы әрекеттер, балаларды қауіпсіздікке үйрету және төтенше жағдай туындағанда дұрыс хабарласу тәртібі талқыланды. Сонымен қатар мамандар әр үйдің жылыту пешін қарап, қажетті ұсынымдарын беріп, қауіпті тұстарын түсіндірді. Шара аясында дауыс-зорайтқыш арқылы арнайы аудио хабарлама ойнатылып, газ иісінің қандай жағдайда пайда болатыны, оның белгілері және адам өміріне тигізетін қауіптері тұрғындардың назарына ұсынылды.

Ауданда өткізілген алдын алу жұмыстары тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттырып, қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды. Мамандар алдағы уақытта да түсіндіру іс-шараларын тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр.

Ә.ҚОНЫСБАЙ