Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып жатқан мегаполистің бірі. Соңғы жылдары қалада халық саны да, көлік саны да күрт көбейді. Үшінші мегаполистің көшелеріндегі қозғалыс тығыздығы кей күндері Алматы мен Астанадан кем түспейді.

Қала аумағы кеңейді, жаңа шағын аудандар ашылып, инфрақұрылым жаңарған сайын жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Шымкенттің көшелерінде күн сайын мыңдаған жүк көлігі, қоғамдық көлік пен жеңіл автокөліктер қатар қозғалады. Жол ережелерінің заман талабына сай жаңаруы осындай динамикасы жоғары қалаға қажетті шара.
Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаментінің 23 қарашадан бастап күшіне енетін жол жүрісі ережелеріндегі өзгерістер туралы хабарламасы жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер қауымының ерекше назарын аударды. Бұл жаңалық, әсіресе, жүк көліктері көп жүретін қаланың өндірістік аймақтары мен базарларына, мектептері, тұрғын аудандары мен орталық көшелеріне тікелей қатысты. Осыған байланысты Шымкенттік полицейлер тұрғындар мен жүргізушілер арасында түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Әлбетте, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында мұндай түсіндірме жұмыстары жиі ұйымдастырылғанын қалайтындар көп.
Елімізде жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жыл сайын күшейіп келеді. Себебі еліміздегі көлік санының өсуіне, ірі қалалардағы урбанизация үдерісінің жылдамдауына және жол инфрақұрылымының өзгеруіне байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Осы орайда биыл 10-қарашада жол жүрісі ережелеріне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал бұл өзгерістер айтып өткеніміздей, 23-қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл жаңалық өңірлік деңгейде кеңінен талқылануда. Жүргізушілер үшін жаңа талаптар нені білдіреді, олар кімдерге қатысты және қандай тиімділік әкеледі деген сұрақтар көп айтыла бастады. Сол өзгерістердің мәнін, қоғамдық маңызын және олардың практикалық әсерін тереңірек түсіну үшін бұл жаңалықты жан-жақты қарастыру қажет-ақ.
Жолдағы қауіпсіздік бір ғана жүргізушінің емес, барлық қатысушылардың, соның ішінде жолаушының, жаяу жүргіншінің, қала тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Қабылданған жаңа ережелердің ең маңыздысы – елді мекендер аумағында жүк көліктерінің жылдамдығын сағатына 50 шақырымнан асырмау талабы. Бұл норма көптеген елдерде бұрыннан бар және әлемдік тәжірибеде өзін тиімділігімен дәлелдеген. Бұрын Қазақстанда белгілі бір санаттағы жүк көліктеріне қала ішінде 60 км/сағ жылдамдықпен жүруге рұқсат етілетін. Бірақ жаңа заңнама бұл көрсеткішті 50 км/сағ деңгейіне дейін төмендетті. Әрине, бұл барлық жерде емес. Жол бойында арнайы белгілер арқылы көрсетілген жоғары жылдамдыққа рұқсат етілген аймақтар бар. Мәселен, 80 немесе 90 км/сағ рұқсат етілген жол учаскелерінде бұрынғы тәртіп сақталады. Демек, бұл өзгеріс тек жалпы қала ішіндегі қозғалысқа арналған.
Бұл шектеудің енгізілуі кездейсоқ шешім емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 50 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан көлік жаяу жүргіншіге соғылған жағдайда оның тірі қалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Ал жылдамдық 60–65 км/сағ деңгейіне көтерілсе, өлім ықтималдығы 4,5 есе артады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тұрапбайқызының айтуынша, бұл халықаралық зерттеулерге, жол-көлік оқиғаларының шынайы деректеріне сүйенген ғылыми қорытынды. Қазақстанда да жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары жиі тіркеледі. Әсіресе жүк көліктерінің қатысуымен болған апаттардың салдары өте ауыр. Себебі жүк көлігі салмағы бірнеше тонна, тоқтау инерциясы жоғары техника. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан мұндай көліктің уақытында тоқтай алмай қалуы адам өміріне төнген үлкен қауіп. Сондықтан ережеде көрсетілген жаңа норманың басты мақсаты қала аумағындағы қауіпсіздікті күшейтіп, қаза болу тәуекелін азайту.
Жаңа ережені қолдайтындар да, сын айтатындар да бар. Жүргізушілердің бір бөлігі, әсіресе, логистика саласында жұмыс істейтіндер «жылдамдықты төмендету жүк жеткізу уақытын көбейтеді, кептеліс артатын сияқты» деген алаңдаушылық білдіреді. Бірақ жол қауіпсіздігі жөніндегі мамандар мұндай пікірлердің көп жағдайда эмоцияға ғана негізделетінін айтады. Логистиканың негізгі шығынын көбейтетін факторлар жылдамдықтың азаюы емес, жол бойындағы жөндеу жұмыстары, құжаттандыру кезіндегі кешігулер, айналма жолдар, жүкті тиеу-түсіру уақыты секілді процестер екенін мамандар ұзақ жылдық тәжірибеге сүйене отырып айтады. Ал, 10 км/сағ айырмашылық қаланың ішкі қозғалысында нақты уақытқа айтарлықтай ықпал етпейді. Бірақ оның есесіне бұл шектеу жүздеген адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Жол қозғалысы ережелерінің жаңартылуының тағы бір маңызды бөлігі – көріну нашарлаған кезде жүру тәртібі. Қазақстанның климаттық ерекшелігі жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қыстың көзі қырауда, көктемгі немесе күзгі тұманда, боран, қатты жауын-шашында жолдағы көріну айтарлықтай нашарлап, апат қаупі бірнеше есе артады. Осындай кезде көліктердің колонна болып жүру ережесі ерекше маңызға ие. Бұған дейін бұл тәртіп толық түсіндірілмегендіктен, жүргізушілер мен патрульдік полиция арасында түсінбеушіліктер жиі болатын. Жаңа ережелерде осы мәселе нақты реттелді. Енді колонна болып қозғалатын көліктердің әрбірі қандай міндет атқаратыны, қандай қашықтық сақтауы керектігі, колоннаға жетекшілік ететін патрульдік көліктің жауапкершілігі қандай екені, бәрі айқын жазылған.
Бұл өзгеріс негізінен жүк көліктері, әскери техника, арнайы қызмет машиналары немесе ірі өндірістік кәсіпорындардың техникалары жолға қатар шығып, топ болып жүру жағдайларына қатысты. Осындай колонналар көріну нашарлаған кезде өте үлкен қауіп тудырады. Бір көлік тежелгенде, артқы көліктер тоқтай алмай апаттық жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан енді әрбір жүргізуші алдыңғы көліктің әрекетін алдын ала бағамдап, арақашықтықты дұрыс сақтауға міндеттеледі. Патрульдік көліктер колоннаға ілессе, олардың да әрекеті нақты регламенттеледі. Атап айтқанда, жарық маяктарын қосу, дабыл беру, жылдамдықты қадағалау, қажет болса, колоннаны тоқтату талаптары толығымен көрсетілді.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер жүргізушілердің жұмысын қиындату немесе қосымша айыппұлдар салу үшін емес. Керісінше, мұндай нормалар жолдағы тәртіпті нығайтуға, түсініксіз жағдайларды азайтуға, жүргізушілердің құқықтары мен міндеттерін нақтылауға бағытталған. Полиция департаментінің мәліметінше, Қазақстанда жол апаттарының 70 пайызға жуығы елді мекен аумағында орын алады. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқиғалар жыл сайын өсіп келеді. Көлік ағыны да жылдан-жылға артып жатыр: Шымкент, Алматы, Астана сияқты қалаларда автомобиль саны соңғы бес жылда айтарлықтай көбейген. Мұндай жағдайда жол ережелерін жаңа жағдайға бейімдеу уақыт талабы ғана емес, нақты қажеттілік болды.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі жаңа ережелердің ең негізгі мақсаттарының бірі. Қалада жаяу жүргінші әр жолдың кеселіне тап болуы мүмкін: мектеп оқушыларының жолды дұрыс кесіп өтпеуі, қарт адамдардың баяу қозғалысы, мүгедек жандарға арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, қараңғы кезде жарық шағылыспайтын киім киетін адамдардың болуы мұның бәрі апатқа себеп болуы мүмкін. Сондықтан жүк көліктерінің жылдамдықты төмендетуі жаяу жүргіншілер үшін қосымша қорғанысты қамтамасыз етеді. Бұл тек жол үстіндегі тәртіп қана емес, адам өмірінің құнын түсінумен байланысты мәселе.
Жүргізушілерге жаңа талаптарға бейімделу қиынға соқпайды. Ең бастысы жол белгілеріне мұқият қарап, жылдамдықты алдын ала реттеп, ауа райы нашарлаған кезде арақашықтықты сақтауды үйрену. Бұл әрекеттер кез келген жағдайда жүргізушінің өз өмірін де, басқалардың өмірін де сақтайды. Қала ішінде, әсіресе тұрғын аудандарда немесе мектеп маңында жылдамдықты төмендету ешкімге зиян келтірмейді. Керісінше, бұл жауапкершілік пен мәдениеттіліктің, қауіпсіздіктің көрінісі.
Сонымен 23-қарашадан бастап күшіне енген жаңа талаптар қоғамның қауіпсіздігін сақтаудың кешенді шараларының бірі. Оларды дұрыс түсіну, дұрыс орындау жолдағы мәдениеттің қалыптасуына, адам өмірін қорғауға, апат көрсеткішін төмендетуге айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан бұл өзгерістерді уақыт талабы деп қабылдап, жолдағы тәртіп пен жауапкершілікке барынша мән беру әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ міндеті. Бастысы, заңды білмеу, жол белгілерін байқамай қалу жауапкершіліктен босатпайтынын ұмытпаған жөн.
Аида ӨТЕП




