Қазіргі заманның баласы мүлде өзгеше ортада өсіп келеді. Ақпарат толқыны үнемі жаңарып, әлеуметтік желілер күн сайын жаңа ықпалдар әкеліп жатқан кезеңде жасөспірімдердің тұрақты бағыт ұстануы, өзін-өзі тануы және қоғамдағы орнын дұрыс белгілей алуы үлкен жауапкершілікке айналды.

Сондықтан мектеп оқушыларына құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіптің маңызын түсіндіру, оларды әлеуметтендіру, түрлі қауіп-қатерден сақтандыру, өмірлік маңызды біліммен қаруландыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Осындай мақсатта Шымкент қаласының №89 және №90 мектептерінен жиналған жас сақшыларға арнап мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор арнайы сабақ ұйымдастырылды. Бұл шара кездейсоқ өткізілген жиын емес, жасөспірімдердің санасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Сабақ барысында мектептің жас сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарымен танысып қана қойған жоқ, сонымен қатар қоғамдағы әрбір адамның, әсіресе, жас буынның жауапкершілік деңгейі қандай болуы керек деген сауалға да нақты жауап алды. Балаларға күнделікті өмірде жиі кездесетін қарапайым, бірақ салдары ауыр болуы мүмкін әрекеттердің заңдық жағы түсіндіріліп, әрбір қадамның салдары болатыны ұғындырылды. Қоғамдық орындардағы тәртіп, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, мемлекеттік мүлікті қорғау, тіпті әлеуметтік желідегі әрекеттердің де заңмен реттелетіні туралы айтылған түсіндірмелер оқушылардың қызығушылығын оятты. Әсіресе интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг, жалған ақпараттың зардабы сияқты нақты мысалдар оқушыларға ерекше әсер етті.
Сабақтың ең маңызды тұстарының бірі – полиция қызметінің міндеттері мен жауапкершілігі туралы ашық әңгіме болды. Жасөспірімдердің көпшілігі полиция қызметінің тек құқық бұзушыларды ұстаумен ғана шектеледі деп ойлауы мүмкін. Алайда арнайы сабақта құқық қорғау органдарының қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі жан-жақты түсіндірілді. Полиция халықты қорғау, тәртіпті сақтау, алдын алу шараларын ұйымдастыру, балалар құқығын сақтау бағытында қандай жұмыстар жүргізетінін нақты мысалдармен көрсетіп берді. Бұл кездесу жасөспірімдердің полицияға деген көзқарасын өзгертіп, құқық қорғау органын жақыннан тани түсуіне мүмкіндік берді.
Шара барысында ерекше ықыласпен тыңдалған спикер Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бауыржан Карбеков болды. Ол өзінің көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін мәселелерді ашық талқылап, балаларға зиянды әдеттердің қауіптілігін жан-жақты түсіндірді. Подполковник жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көбіне білместіктен, еліктеуден немесе құрдастардың қысымынан туындайтынын айтты. Сондықтан әр жасөспірімнің өз бойында «Жоқ!» деп айту дағдысын қалыптастыруы өте маңызды. Қарапайым қызығушылықпен басталған қателік кейде үлкен мәселенің себепшісіне айналатынын, тіпті тағдырын бұзуы мүмкін екенін ескертіп өтті. Оның әңгімесінің өзегі есірткі мен темекі өнімдерінің, соның ішінде электронды темекілердің жасөспірімдер денсаулығына тигізетін қатері болды. Қазір әлеуметтік желілерде, тіпті рахаттану мен сәнділік ретінде көрсетілетін зиянды әдеттердің артында үлкен қауіп бар екенін балалар терең түсінді. Подполковниктің айтуынша, әуесқойлықпен басталатын әрекет адамның денсаулығы мен психикасына қатты соққы беріп, өмірін күрт өзгертуі мүмкін. Сондықтан әркім өзі үшін жауап беріп қана қоймай, достарын да бұндай зияннан қорғауға тырысуы қажет. Салауатты өмір салтының артықшылығы, спортпен шұғылданудың психологиялық және физикалық пайдасы, пайдалы ортаны таңдаудың өмірлік шешімдерге әсері де кеңінен түсіндірілді.
Сабақ барысында жасөспірімдер тек заңдық білім ғана емес, психологиялық қолдаудың да маңызын сезінді. Өйткені жасөспірім кезеңінде эмоция тұрақсыз, мінездің қалыптасуы қарқынды, әр жағдайға сезімталдық жоғары болады. Осындай уақытта кез келген ақпарат, кез келген орта, кез келген адам ықпал етуі мүмкін. Сабақта балаларға өз эмоцияларын басқару жолдары, стрессті жеңу әдістері, жанжал туындағанда өзіне және өзгеге зиян келтірмей шығу, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болу сияқты маңызды дағдылар түсіндірілді. Олардың өз пікірін еркін айтуы, өзін дұрыс таныта білуі, жауапкершілікті сезінуі адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі екені айтылды.
Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар да сабақтың маңызды бөлігіне айналды. Әсіресе өрт болғанда не істеу керек, күдікті затты байқаса қалай әрекет ету қажет, көшеде тәртіпсіздікке тап болса өзін қалай қорғауы тиіс, қоғамдық орындарда қандай ережелерді сақтаған жөн осындай практикалық кеңестер балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталды. Бұл ақпарат жасөспірімдерге өз қауіпсіздігі үшін әрқашан сергек болу керек екенін ұғындырды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бауыржан Карбеков: «Бүгін бәріміздің бас қосуымыздың себебі сіздердің болашақтарыңыз. Заңды білу тек құқық қорғау саласының мамандары үшін емес, әрбір азамат, әсіресе жасөспірімдер үшін өте маңызды. Қазіргі заманда қателік жасап қою оп-оңай, бірақ сол бір сәттік қателік бүкіл тағдырды өзгертіп жіберуі мүмкін. Сол себепті мен сіздерге шын жүректен бір нәрсені айтқым келеді: әр қадамдарыңызға жауапкершілікпен қараңыздар. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында жеңіл-желпі көрінетін, бірақ салдары ауыр болатын әрекеттер көбейіп келеді. Әлеуметтік желідегі арандатушылық, мазақтау, жалған батырлық, бұзақылыққа еліктеу мұның бәрі құқық бұзушылыққа алып барып жататын факторлар. Көп жағдайда «достарым не дейді?», «маған күлмей ме?» деген ой адамды дұрыс емес жолға итермелейді. Бірақ шын батырлық басқалардың ықпалына ермеу, өз таңдауыңа ие болу. Зиянды әдеттерден аулақ болу керек. Есірткі, электронды темекі, түрлі психобелсенді заттар… Бұлар туралы көп адам «қайдан, неге, кімге керегі бар?» деп ойламайды. Бірақ біз күнделікті жұмыста бұл заттардың адам өмірін қалай бүлдіріп жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Әрбір ұсталған бала, әрбір өкініп тұрған жас мен үшін ауыр жағдай. Есірткі деген нәрсені бір рет қызық ретінде көрудің өзі қауіпті. Ол денсаулықты ғана емес, санаңызды, болашағыңызды, маңайыңыздағы адамдарды да улайды. Сондықтан айтарым ондай өте зиянды нәрсені айналып өтіңіздер, өз денсаулықтарыңызды қадірлеңіздер. Салауатты өмір салты деген жай сөз емес. Бұл сіздердің болашақтарыңызға жасаған ең дұрыс инвестиция. Спортпен айналысыңыздар, өз қызығушылықтарыңызды дамытыңыздар, жақсы орта таңдаңыздар. Адамды құтқаратын да, құртатын да ортасы, араласып жүрген достары, сыныптастары. Егер сіздердің жандарыңызда қолдау көрсететін, дұрыс бағытқа жетелейтін адамдар болса, сіздер ешқашан қателеспейсіздер. Сонымен бірге, заңды білу өзін-өзі қорғаудың ең сенімді жолы. Қоғамдық орында қалай әрекет ету керек, төтенше жағдай кезінде не істеу қажет, қауіп төнсе кімге жүгіну керектігі мұның бәрін білу маңызды. Бұл тек сіздер үшін ғана емес, жанында жүрген достарыңыз, отбасыңыз үшін де дұрыс болады. Мен сіздерге сенемін. Сіздер біздің болашағымыз, елдің тірегі, ертеңгі күні отбасын, қоғамды қорғайтын азаматтарсыздар. Сондықтан өз таңдауларыңызға абай болыңыздар. Жаман әдетке, бұрыс жолға, қызық үшін жасалатын әрекеттерге жол бермеңіздер. Өмірлеріңіз өз қолдарыңызда. Сол өмірді таза, әділ, дұрыс жолмен жүріп өтіңіздер. Біз сіздерге әрқашан бағыт беруге, көмектесуге дайынбыз, тек сіздер дұрыс шешім қабылдасаңыздар болғаны», – деп қорытындылады.
Сабақтың ерекшелігі оқушылардың белсенділігінде болды. Олар тыңдаушы ғана емес, сұрақ қойып, пікір айтып, өздеріне таныс мәселелерді талқылап, шынайы қарым-қатынас орната алды. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің құқықтық мәдениетке қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Әсіресе интернет қауіпсіздігі, достар арасындағы түсініспеушілік, мектептегі жанжалдар, әлеуметтік желілердегі арандатушылық контент сияқты тақырыптар көптеген балалардың көкейіндегі сұрақтарын қозғады. Полиция қызметкерлері әр сұраққа ашық жауап беріп, мысалдар арқылы түсіндіріп, олармен еркін диалог жүргізді.
Шара соңында оқушылар мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, болашақта да осындай сабақтардың жалғаса беруін сұрады. Себебі құқықтық сауаттылық тек заңды білу емес, сонымен бірге өз өміріне жауап беру, қоғамға пайда келтіру, өз іс-әрекетінің салдарын түсіну деген сөз. “Жас сақшы” жасақтары тәртіп пен мәдениеттің ұйытқысы болуға ұмтылған жас буын. Оларға бағыт беру қоғамның қауіпсіздігіне қосылған үлес. Жалпы алғанда бұл сабақ жасөспірімдердің өмірінде маңызды із қалдырған тағылымды кездесудің бірі болды. Балалар заңды құрметтеудің қоғам үшін ғана емес, өз болашағы үшін де маңызды екенін түсініп тарасты. Жас буынға бағытталған мұндай шаралар жиі ұйымдастырылса, қоғамда құқық бұзушылық азайып, парасатты, жауапты, мәдениетті жастар саны артары анық. Ең бастысы әр бала өз таңдауының өмірлік мәнге ие екенін түсініп, болашағына сеніммен қараса, қоғамның да келешегі жарқын болмақ.
Аида ӨТЕП




