Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, өткен аптада мегаполисте жалпы саны 184 қылмыстық іс тіркеліп, оның 6-уы сотқа жолданды. Ең көп кездесетін қылмыстар – алаяқтық болып тұр (57 іс).

Одан кейінгі орында ұрлық қылмысы (43 іс) және есірткінің заңсыз айналымы (10 іс) тұр. Әрі қарайғы рейтнгте жол-көлік оқиғалары (9 іс) тіркелген.
Алаяқтықтың басым бөлігі интернет-алаяқтық болып тұр. Қылмыстың негізгі тәсілдер былай жасалады дейді құзырлы орган өкілдері: тауарлық жарнамалар арқылы сатып алу, инвестиция жасауға ақша аудару, банк қызметкері немесе мемлекеттік қызметкер атынан жалған қоңырау шалу, несие рәсімдеу. Мысалы, өткен аптада бір тұрғынға жергілікті аурухананың қызметкері атынан қоңырау шалып, 1 200 000 теңге қаражатты алаяқтықпен жымқырған. Сонымен қатар, интернеттегі есірткі дүкендері жастардың заңсыз әрекетіне жол ашуда. Белгісіз адамдар банк карталары арқылы есірткі сатумен айналысып, адамдардан ақша алған фактілер тіркелді.
Қалада жол-көлік оқиғалары да көбейіп келеді. Негізгі себептер – жылдамдықты арттыру, телефонға алаңдау, рұқсат етілмеген жерден жолдан өту, кәмелетке толмағандардың ережесіз скутер мен самокат жүргізуі, мас күйінде көлік басқару. Бұл орайда Шымкентте жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне орай “Естелік жарығы” акциясы өтті. Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында Шымкент қаласында Жол қауіпсіздігі апталығы жалғасуда. Осыған орай полиция қызметкерлері “Естелік жарығы” атты акция өткізді. Шара барысында департаменттің алдына жиналған қызметкерлер шамдар жағып, “Өмір” сөзін құрды. Аталған шара жолда қаза тапқандарды еске алып, азаматтарды сақтыққа шақырудың символдық мәніне ие. Полиция қызметкерлері бір минут үнсіздік жариялап, жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алды. Шараның басты мақсаты – жол қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын аудару, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін жеткізу және әрбір жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыру.
Құқық қорғау органы тарапынан алынған мәліметке сүйенсек, қаладағы көпқабатты үйлерде велосипедтер, бала арбалары сияқты заттардың ұрлануы да күннен-күнге артып отыр. Мысалы, 6 қарашада Қонаев көшесіндегі бір үйден бала арбасы ұрланған. Осы орайда тәртіп сақшылары қала тұрғындарына мына нәрсені ескертеді: «белгісіз адамдарға банк карталарын бермеңіздер, қаржы немесе сыйақы талап еткен адамдарға сенбеңіздер, қауіп туындаған жағдайда 102 нөміріне хабарласыңыздар, жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар, ал ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қадағалауы тиіс. Дәліздерде заттарды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік – әрқайсымыздың қолымызда. Ескертуге мән беріп, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз» дейді құқық қорғау органы өкілдері. Осы ретте шаһарда заң мен тәртіпті күшейту мақсатында және соның аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек.
Жуырда Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйымдастыруымен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің комплаенс қызметкерлерімен «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Бұл жиында Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жылдан -жылға өз нәтижесін көрсетіп келе жатқаны айтылды. Сонымен бірге соңғы жылдары бұл бағытта халықаралық тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген жаңа жүйе – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институты енгізіліп, тұрақты түрде дамып келе жатқаны сөз етілді. Міне «дөңгелек үстел» басқосуы осы аталған мәселе төңірегінде ой жүгірту және соның шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдері мен кәсіби қауымдастықтың сарапшылары қатысты. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің құқықтық негізі 2020 жылы қаланған болатын. Сол жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, алғаш рет комплаенс-қызметтің құқықтық мәртебесі бекітілді. Бұл норма сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару мен алдын алу жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Ал, 2021 жылы комплаенс-қызметтің тәуелсіздігі мен есептілігіне қатысты қосымша нормалар қабылданған болатын. Бұл өзгерістер комплаенс мамандарының ұйым ішіндегі бақылау функциясын күшейтіп, олардың басшылықтан тәуелсіз жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалады. 2023 жылы уәкілетті орган ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс-қызметтің қызметін үйлестіру, әдіснамалық қолдау және оқыту іс-шараларын ұйымдастыру міндеті жүктелді. Сол жылы агенттік төрағасының бұйрығымен «Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет туралы үлгілік ереже» бекітілді. 2025 жылы мемлекеттік басқару жүйесінде жүргізілген құрылымдық реформалар нәтижесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің функциялары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. Осылайша, комплаенс қызметін үйлестіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы әдістемелік сүйемелдеу енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырына өтті.
Комплаенс және іскерлік этика Ассоциациясының мүшесі Гүлбақыт Дулатованың айтуынша, нормативтік-құқықтық база қалыптасқанымен, практикалық тұрғыда шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Соның ішінде корпоративтік басқарудың әлсіздігі, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі, қаржылық және әдістемелік ресурстардың тапшылығы, тәуекелдерді басқару жүйесінің әлсіздігі екендігін айтты. «Ассоциация 2024 жылы жүргізген зерттеу нәтижесі де осыны дәлелдейді. Сауалнамаға қатысқан комплаенс қызметкерлерінің 39,6 пайызында саладағы еңбек өтілі 1 жылдан кем, ал 36 пайызы біліктілікті арттыруға арналған қаржының жоқ екенін көрсеткен. Сондай-ақ, ұйымдардың 29 пайызында комплаенс бойынша жоспар қабылданбайды. Бұл көрсеткіш кадрлық әлеуеттің жеткіліксіз екенін және тәжірибенің әлі де қалыптасу сатысында екенін байқатады»,– дейді Гүлбақыт Дулатова. Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында толымды ой, өзекті пікір, түрлі ұсыныныстар айтылды. Алда атқарылар жұмыстардың жоспары баяндалды.
Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып келеді. Перзидент республикалық «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында Заң мен тәртіп аясы кең екенін атап өткен еді. « «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді»,– деген еді Мемлекет басшысы.
Расымен де Президент айтқандай кез келген салада заң мен тәртіп керек. Мәселен, қазір қыс мезгілі жақындап келеді. Үйлерде жылыту қондырғысын пайдаланудың да тәртібін сақтау керек. Олай болмаған жағдайда арты жаман қайғыға әкеп соқтыруы мүмкін. Осындай қайғылы оқиғаның алдын алу үшін Шымкентте төтенше жағдайлар департаменті бастамасымен арнайы оқу-жаттығу іс-шарасы өтті. Онда мамандар қыс мезгілінде жылыту қондырғыларынан орын алатын апаттың салдарын жоюды пысықтады. Осы орайда мамандар жеке сектордағы үйлердегі газ пештерін пайдалануда абай болуға, оларды қолданудың барлық талапарын қатаң сақтауға шақырады. Тәртіптілік пен ереже сақталса төтенше жағдайлар да азая түседі. Көбінесе адамды құртатын осы ережелерді сақтамау мен немқұрайдылық екенін айтады мамандар.
Сөзіміздің басында ең көп тіркеліп жатқан қылмыстар алаяқтық екенін айтқан болатынбыз. Бұл ретте интернет арқылы ақшаны үптеп кетіп жатқандар өте көп. Мұнымен күрес тек Шымкент емес тұтас еліміз бойынша күшейтіліп жатыр. Осыған қатысты еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов арнайы мәлімдеме де жасады. Онда ол интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл және азаматтарымызды қорғау жөнінде жүйелі жұмыстар жалғасуда екенін айтып өтті. Оның айтуынша биылғы жылы прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Астанада алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Анти Call-орталығы бірегей жобасын іске қосты. Жұмыс басталған сәттен бастап, үш айдан сәл астам уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылды. Орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеуде. Нәтижесінде Астанада ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 22%-ға тұрақты төмендеуі байқалуда. Басқаша айтқанда, мыңдаған азаматтар қаржылық шығындар мен алдаудан қорғалған. Сондай-ақ Орталық барлық қазақстандықтарға қатысты қылмыстық алаяқтық әрекет жүргізетін шетелдік колл-орталықтары мен цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесуде. Ресейдің, Украинаның және Арменияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп телефондық алаяқтықпен айналысқан он қылмыстық кеңсе әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды. Олар 63 қаскүнемді ұстады, бейнені және дауысты ауыстыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету (дипфейк технологиясы) және Қазақстан азаматтарының дербес деректер базасы бар жүздеген арнайы техника тәркіленді. Бұл қылмыстардың шегі жоқ, сондықтан оларға қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимыл аталған бағытта негізгі құралға айналуда. Мәселен, Беларусь елінің құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, олармен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылды және қазіргі уақытта Беларусьте басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына қатысты қарсы жұмыс істеген 55 адам жауапқа тартылуда. Олардың азаматтарымызға келтірген залал 67 миллион теңгеден астам соманы құрады.
«Менің тапсырмам бойынша бұл жоба ел бойынша ауқымы кеңейтілді, осыған ұқсас Анти Call-орталықтары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, басқа да облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда құрылуда»,– деді Бас прокурор.
Ә.ҚОНЫСБАЙ




