Маусым айының басынан қазанның соңына дейін республика көлемінде өткен «Қарасора-2025» арнайы операциясы аясында Шымкент полициясы есірткі айналымына қарсы кең ауқымды шара жүргізді.

Төрт-бес айға созылған бұл науқанның нәтижесі қоғамда үлкен резонанс тудырды: 254 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 316 келіден астам есірткі тәркіленді. Осылайша Шымкент қаласы соңғы айларда ел назарын аударған тағы бір оқиғамен ерекшеленді.
Полиция департаментінің мәліметінше, тәркіленген есірткінің ішінде 20 келіден астам синтетикалық зат бар. Бұл шамамен 40 мың бір реттік дозаға тең. Қарапайым есеппен айтқанда, бұл көлем жүздеген адамның өмірін улауға жететін мөлшер. Синтетикалық есірткі – есірткінің ең қауіпті түрлерінің бірі. Себебі оны өндіру үшін арнайы егістік не ұзақ дайындық қажет емес, аз ғана химиялық қоспамен үй жағдайында жасауға болады. Сол себепті мұндай заттарды таратушылардың ізіне түсу полиция үшін оңай шаруа емес.
Операция барысында осындай қылмыспен айналысқан 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол есірткіні байланыссыз жолмен, яғни интернет арқылы тапсырыс қабылдап, «қойма» жүйесімен таратқан. Тінту кезінде одан 180 дайын орама мен жалпы салмағы жарты келіден асатын синтетикалық ұнтақ табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл дерек тек бір адамның ісі болып көрінгенімен, іс жүзінде қоғамдағы үлкен проблема. Себебі соңғы жылдары синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны артып келеді. Көбі оны «жеңіл ләззат» деп қабылдап, соңы ауыр тәуелділікке, тіпті өлімге апарып соғады.
«Қарасора-2025» операциясы тек дайын өнімді сатумен күресіп қана қойған жоқ, есірткі өсімдіктерін заңсыз егіп-өсіру деректерін де анықтауға бағытталды. Осы мақсатта арнайы жедел топтар құрылып, рейдтік шаралар өткізілді. Қазіргі заманның мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін полиция дрондарды іске қосты. Бұл бұрын-соңды қолданылмаған тәжірибе. Пилотсыз ұшу аппараттары арқылы егістік алқаптар мен қала маңындағы бос жатқан жерлер әуеден бақыланды. Осылайша полицейлер қала шетіндегі бір алқаптан 52 түп сора мен марихуана тапты. Күдікті оларды кәдімгі көкөністердің арасына жасырып еккен. Тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы 127 келіні құрады. Бұл жағдай көп адамға ой салды: кейде есірткі егістігі көз алдымызда, ауыл шаруашылығымен қатар өмір сүріп жатуы мүмкін.
Операция барысында тәртіп сақшылары жүздеген рейд жүргізіп, ондаған күдіктіні ұстады. Қылмыстық істердің барлығы тіркеліп, тиісті сараптамалар жүргізілуде. Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын мәлім етті. Өйткені есірткімен күрес бір мезеттік шара емес, үздіксіз жүретін жүйелі процесс болуы тиіс.
Кейде қоғамда «есірткімен күресті күшейту керек» деген пікір айтылады, бірақ бұл күрестің артында қаншама адам еңбегі, тәуекелі барын екінің бірі біле бермейді. Полиция қызметкерлері күн сайын қауіп-қатерге барады. Күдіктілердің қолында суық қару немесе қауіпті химиялық заттар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай операциялар тек қатаң тәртіппен, арнайы дайындықтан өткен мамандардың қатысуымен өтеді. Олардың басты мақсаты – қоғамды қорғау, жастарды удың торынан арашалау.
Шымкент қаласының ерекшелігі оның географиялық орналасуында. Қала оңтүстікте, жылы аймақ болғандықтан, кейбіреулер есірткі өсімдіктерін жасырын өсіруге тырысады. Бұл жағдай полиция үшін қосымша қиындық тудырады. Бірақ жаңа технологиялардың көмегімен мұндай жасырын әрекеттердің де жолы кесілуде. Дрон арқылы алынған жоғары сапалы бейнежазбалар, спутниктік бақылау және тұрғындардан түскен хабарламалар қылмыскерлердің ізін тез табуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қазақстанда есірткі саудасы мен қолданудың сипаты өзгерді. Бұрын ол негізінен табиғи өсімдіктерге (гашиш, марихуана, апиын) байланысты болса, қазір синтетикалық заттар алдыңғы орынға шықты. Бұл бағыттағы қылмыс көбіне интернет арқылы жасалады. Телеграм-боттар мен жасырын сайттар арқылы есірткі сату, «қойма» деп аталатын жүйе арқылы жеткізу кеңінен тараған. Мұндай жағдайда полицияның жұмысы екі есе күрделі. Біріншіден, нақты жеткізушіні анықтау қиын, екіншіден, мұндай синтетикалық заттар кейде жаңа химиялық формуламен жасалып, заңда тыйым салынған тізімге әлі енбей тұрады. Сондықтан «Қарасора-2025» тек даланы тінту емес, сонымен қатар заманауи киберқылмыспен күресті де қамтиды.
Операция барысында анықталған 254 қылмыстық іс тек ресми тіркелген деректер. Оның артында қаншама жасырын әрекет, ұсталып үлгермеген күдіктілер бар. Полицияның мәліметінше, тәркіленген 316 келі есірткінің ішінде тек өсімдік тектілері емес, түрлі синтетикалық ұнтақтар, таблеткалар және дайын орамалар да бар. Бұл қылмыстық нарықтың кеңдігін көрсетеді.
Қала тұрғындары арасында да бұл тақырып жиі талқылануда. Көпшілік полицияның мұндай белсенділігін қолдайды. Әсіресе ата-аналар мен ұстаздар жастардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Бүгінгі таңда есірткі жарнамасы жасырын түрде әлеуметтік желілерде, кейде, тіпті граффити түрінде де кездеседі. «Жаңа дүние», «көңіл көтеру», «шексіз еркіндік» деген атаулардың артында қауіпті заттар тұруы мүмкін. Сондықтан полициямен қатар, қоғамның да жауапкершілігі артуы керек. Есірткіге қарсы күрес тек тәртіп сақшыларының міндеті емес, ол әр адамның, әр отбасының борышы.
Шымкент полициясы бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын да қолға алған. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында оқу орындарында, колледждер мен университеттерде арнайы кездесулер ұйымдастырылып, жастарға есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілік түсіндірілуде. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – заңсыздықтың алдын алу. Себебі қылмыспен күресудің ең тиімді жолы оның алдын алу. Полиция қызметкерлері жастарға: «Есірткі бір сәттік ләззат сыйлауы мүмкін, бірақ ол өмір бойғы өкінішке апарады» дейді. Расында, есірткінің кесірінен қаншама адам өз өмірін бұзды, қаншама отбасы қайғы жұтты. Көбі алғашында жай қызығушылықпен бастағанын, кейін өз еркін басқара алмай қалғанын айтады. Сондықтан бұл мәселеде ең бастысы ақпараттық иммунитет қалыптастыру. Яғни әр жас, әр азамат есірткінің салдарын нақты түсінуі керек.
Қала билігі де бұл бастаманы қолдап отыр. Әлеуметтік бейнероликтер түсіріліп, жарнамалық тақталарға есірткіге қарсы ұрандар ілінді. Қоғамдық көліктерде «Есірткі өмірді ұрлайды» сияқты ескертпе хабарламалар берілді. Мұның бәрі бір мақсатқа бағытталған әрекет. Ол – Шымкентті есірткісіз қалаға айналдыру.
Шара аясында полиция қызметкерлері тұрғындардан да ақпарат қабылдады. Көптеген дерек қарапайым азаматтардың хабарлауымен анықталған. Бұл да қоғамның белсенділігінің артқанын көрсетеді. Кез келген күмәнді әрекет туралы хабарлаған тұрғындардың арқасында бірнеше жасырын қойма мен есірткі сақтау орны табылған. Мұндай азаматтық ұстаным ең үлкен көмек болса керек.
Полиция департаментінің өкілдері алдағы уақытта бұл жұмысты одан әрі күшейтетінін айтты. «Қарасора-2025» тек биылғы жылмен шектелмейді. Бұл көпжылдық бағдарлама. Келесі кезеңде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңейіп, ауылдық жерлер мен қала маңындағы елді мекендерде де рейдтер жалғасады. Сонымен қатар жаңа технологияларды қолдану басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазірдің өзінде Шымкентте есірткіге қарсы күрестің нәтижесі байқалып тұр. Есірткі айналымының көлемі азайған, синтетикалық заттармен айналысатын бірнеше топтың жолы кесілді. Бірақ полиция бұл нәтижемен тоқтап қалмақ емес. Себебі есірткімен күрес үздіксіз процесс. Ол қоғамның қауіпсіздігі мен ұлт денсаулығына тікелей әсер ететін сала.
Бір қарағанда, тәркіленген 316 келі есірткі жай ғана сан секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл сандардың артында қаншама өмірлер, қаншама тағдырлар бар. Егер бұл заттар айналымда қалған болса, қаншама жас уланар еді, қаншама отбасы қайғыға батар еді. Сол себепті әрбір рейд, әрбір табылған грамм үлкен жеңіс. Бұл тек полицияның емес, бүкіл қоғамның жеңісі. Қаладағы «Қарасора-2025» операциясы көрсеткендей, егер мемлекет, құқық қорғау органдары және қоғам бірігіп әрекет етсе, кез келген заңсыз әрекеттің тамырына балта шабуға болады. Ең бастысы бейжай қарамау керек. Есірткісіз болашақ тек сөз жүзінде емес, нақты іспен келмек.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тұрапбекқызының айтуынша, алдағы уақытта да мұндай операциялар жалғасады. Есірткі саудасы мен тұтыну тәсілдері өзгеріп жатқанда, онымен күрестің де әдісі заманауи болуы шарт. Дрондар, цифрлық іздестіру жүйелері, тұрғындардың хабарламалары мұның бәрі бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – қоғамды, ұрпағымызды аман сақтау. Шымкенттегі соңғы бес айлық тәжірибе осының дәлелі. Қаланың тыныштығы мен болашағы әрбір азаматтың қолында.
Аида ӨТЕП




